Версия для печати

ӨНЕР МЕН БІЛІМ – ЖАСТЫҚТЫҢ ҚАРУ ЖАРАҒЫ Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 04:49 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5417 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Студент атанған әрбір түлек өмірдің жаңа белесіне қадам басады. Біз 17 қараша – Халықаралық студенттер күні қарсаңында бірі – шетелде білім алып, екіншісі – елімізде игі іспен айналысып жүрген жастар жайында баяндамақпыз. Олардың әрқайсысы алдына үлкен мақсат қойып, оған жету жолында өздерін шыңдап жүрген жігерлі жастар.

801

 

Мақсатым – елімнің дамуына үлес қосу

Әрбір ұлтжанды жастың өмірлік мақсаты — мемлекеттің қолдауын ұтымды пайдаланып, білімін жетілдіріп, елге пайдалы қызмет ету. Бүгінде шет мемлекетте білім алу үшін тәуекел етіп, талпынатындардың қатары көбейіп келеді. Біздің алғашқы кейіпкеріміз Нұрдиас Ерболұлы — өз білімімен шетелдік ЖОО грантын жеңіп алып, мақсатына бір қадам жақындаған жалынды жас.
— Бүгінде Италияның Турин қаласындағы «Politecnico di Torino» техникалық иститутының екінші курсында оқып жүрмін. Менің шекара асып, шетелге келгендегі басты мақсатым – сапалы білім алып, өз ісімнің білікті маманы атану және еліміздің дамуына үлес қосу. Сондықтан да дамыған мемлекеттердің тәжірибесімен танысып, білім алып қайтуды құп көрдім. Италияның аурасы бөлек. Алғашқыда бейне бір жаңа әлемге енгендей күй кештім. Себебі, салыстырмалы түрде қай саласын алып қарасаңыз да, біздің елімізден көш ілгері. Мәселен, инфрақұрылымы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, логистикасы. Интернеті қолжетімді, әрі жоғары жылдамдықта. Ал, ғасырдың қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық деңгейі өте төмен, – деді жас кейіпкеріміз.
Нұрдиас — алғыр, әрі талапшыл жас. Мақсатына жету үшін әрбір әрекетін жоспарсыз бастамайды екен. Тіптен, бала күнінен алға қойған мақсатына қиындықсыз жету үшін бар уақытын білімге арнап, дүниетанымын кеңейтіп, түрлі тілді меңгеруге ден қойған. Бірнеше тілді жетік меңгерген полиглот Нұрдиас — Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің үздік түлегі.

803


— Оқуға түсерде «IELTS» халықаралық сынағын тапсырып, ағылшын тілінен жоғары көрсеткішке ие болдым. Нәтижесінде әлемнің кез келген оқу орнына түсуге мүмкіндік алдым. Таңдауым Италияға түсті. Себебі, мұнда біліктілік емтиханынан өткен барлық шетелдік талапкерлерге түрлі көлемдегі білім гранттары беріледі. Ал, гранттағы студенттер жылына 3000-7000 еуро аралығында шәкіртақы алады. Италияның білім беру жүйесінде теориядан гөрі тәжірибе алмасып, білімін өндірісте жетілдіруге басымдық берілген. Яғни, тәжірибе жетілдіру арқылы өмірде қажетті, пайдасы мол дүниені үйренуге мүмкіндік көп. Маман ретінде қолыңа дипломыңды алған соң, кітаптан алған теориямен шектелмей, бірден іске кірісіп кетуге де пайдасы зор, - дейді кейіпкеріміз.
Нұрдиас ата-анасының қолдауы ерекше көмектескенін тілге тиек етті. Еңбекқор, ізденімпаз, табанды болуға ықпал еткен де ата-анасы.
— Ата-анамның қолдауымен бірқатар жетістікке жеттім. Әрдайым менің пікіріммен санасып, таңдауыма қолдау білдірді. Мамандық таңдауды да өз еркіме берді. Сөйтіп, мен қазір ақпараттық технологияның дәуірі болғандықтан IT саласын меңгеруді жөн көрдім. Келешекте өз ісінің білгірі болу үшін бар күш-жігерімді білім жетілдіруге жұмсаймын,- дейді ол.

Белсенді Берік

Бүгінгі жастар білімге құштарлығымен ғана емес, қоғамдағы өзгерістерге белсенді атсалысуымен де ерекше. Олар жоғары оқу орнында білім алумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерді өз қабілет-күшімен шешіп, көмектесуде де белсенділік танытып жүр. Әсіресе, мәдени, спорттық іс-шараларда емес, қайырымдылық жобаларды атқаруда белсенді жастардың үлесі артқан. Берік Мұратбекұлы — Шымкенттегі қоғамдық іс-шаралардан қалмай, белсенділік танытып жүрген жастың бірі.
— Мен Манап Өтебаев атындағы жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» бөлімінің 4-курс студентімін, әрі «Алаш қозғалысы» студенттік парламентінің президентімін. Студенттердің өзін-өзі басқаруы — олардың келешекті тиімді шешім қабылдап, қоғамға пайдасын тигізуіне зор ықпал етеді. Себебі, әрбір жобаны қолға алғанда жауапкершіліктің өзіңе артылатынын, нәтиже үшін жауап беретініңді және сенің шешімің өзіңнің соңыңнан ерген жастардың да келешегіне әсер ететінін сезінесің. Яғни, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақ мәтеліне сүйеніп, әбден ойланып, ойды жан-жақты пісіріп, шешімді ақылдаса отырып қабылдаймыз. Менің командамдағы белсенді жастардың қатары артып, маған сенім білдіргеніне қарап, дұрыс бағытта келемін деген пікірдемін. Алдағы уақытта да командамның көмегімен ауқымды істерді атқаратынымызға сенемін,– дейді кейіпкеріміз.

802


Бос уақытын қалт жібермейтін Берік өнер мен спортта да белсенді. Замандастарына әзіл-қалжың айтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанды ұнатады. Ол — «Жайдарман» ойындарында астарлы әзілдерімен көрермендерін күлдіріп те, ой салып та жүрген жас.
— Бала күнімнен түрлі конкурстарға қатысып, өзімді шыңдап жүретінмін. Бірақ, білікті маман болу үшін жан-жақты болу қажет деп есептеймін. Бүгінде менеджмент пен өнер саласын меңгеру үшін түрлі курстарға қатысып, білім алып жүрмін. Одан бөлек, пікірсайыстардың белсенді қатысушысымын, – дейді Берік Бәкір.

P.SБүгінгі жастардың білімге құштарлығы, белсенділігі қуантады. Бірі шетелден алған білімі мен тәжірибесімен еліміздің дамуына өз үлесін қосуды мақсат тұтса, екіншісі қоғамдағы түйткілдердің шешімін іздеп, өзінің сол қоғамның бір тетігі екенін дәлелдеп жүр. Яғни, білімді де белсенді жастарымыз барда Қазақстанның келешегі – кемел, болашағы айқын болары сөзсіз.