«NIS – өмірімді түбегейлі өзгерткен орын» Избранное

Пятница, 06 Январь 2023 06:36 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4839 раз

Бірқатар NIS жүйесіндегі оқу ордалары өз түлектеріне жуырда есігін айқара ашты. «Зияткерлік мектептер түлектері қоғамдастығының» (бұдан әрі NIS Alumni) бастамасымен бірлесе Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-те 6 ай мен 6 жыл бұрын түлеп ұшқан білімгерлеріне Samgau форумын өткізді.

500

 

70-ке жуық түлектің басын қосып, жылы естеліктерді еске түсірген кеш Шымкенттегі Зияткерлік мектептің 10 жылдық тарихын қайта қозғады. Тарыдай болып кіріп, таудай біліммен үлкен өмірге қанат қаққан білімгерлер бүгінде еліміздің даму саласына қосып жүрген үлесі мен еңбек жолындағы тәжірибелерімен арнайы секцияларда бөлісті.
Форумға 20-дан астам спикер қатысты. Солардың арасында үздік болған, мектеп қабырғасында астрофизикалық ғылыми жұмыстармен айналысып, болашағын қаржы саласына бағыттаған алғашқы түлектердің бірі Жандос Булегенов оқушыларға өз жетістігінің тарихын таныстырды.
– Алғаш оқуға түскенімді есіме алсам, оқушылар мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынастың өзгешелігіне таңқалғаным ойыма оралады. Еркін, шығармашыл ойлауды ұстаздарымнан үйрендім. Мен үшін бұл өте қымбат қасиеттер. «Өз қажетіңді өзің ізде» деген құндылығымыз талай жетістіктеріміздің кепілі болуда, – дейді Жандос Булегенов.
NIS Alumni қоғамдастығының амбассадоры Даяна Садуова форумның ұйымдастырылу деңгейіне ризашылығын білдірді.
– Бізде Samgau форумын өткізу тек идея болған. Қазіргі атмосфераны көріп, Шымкенттегі мектепке алғысымды білдіремін, – деді Даяна Садуова
Араға 5 жылдан соң алтын ұясына келген Назарбаев Университетінің медицина факультетінің студенті Нұрлыбек Тоқтаров өз пікірін жеткізді:
– «Lifelong learning» деген ұғымдағы өмір бойы іздену қасиеті бойыма мектебімнен дарыды. Әлемдік деңгейдегі білім сапасы мен сайыстарды осы зияткерлер ортасында жүріп білдім. Оған дейін ауылдың қарапайым баласы едім, NIS – өмірімді түбегейлі өзгерткен орын.
Форум соңында түлектер оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалап, алғыс хаттарға ие болды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.