АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ КҮМІС МЕДАЛЬ Избранное

Пятница, 06 Январь 2023 06:37 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1122 раз

оқушылар құрастырған робот әлемді  мойындатты

 

Барыс жылы Шымкент қаласының білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Шымкенттік оқушылардың ғылыми жобалары мен тапқырлығы Орта Азиядағы жастардың арасынан оза шапты. Сондай оқушылардың бірі қаламыздағы №26 мектеп пен №9 ІТ-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш Германияның Дортмунд қаласында өткен роботатехникадан дүниежүзілік олимпиадада топ жарып, күміс медалді иеленді. Оқушыларды әлемдік деңгейдегі додаға баптаған, робототехниканың әліппесінен бастап, жеңісті күндерінде де жетекшілік еткен ұстазы Олжас Құрақбаймен тілдестік.

504

 

Олжас Саматұлы – «RoboPark» робототехника және бағдарламалау мектебінің ұстазы. Әлемді мойындатқан шәкірттері осы мектепте 5 жылдан бері қосымша білімін жетілдіріп келген. Иманғали мен Бибарыс осы мектепте курс оқуға келгенде небәрі 6 сыныптың оқушылары болған екен. Мектептен тыс ІТ технология және бағдарламалауды үйренуге ниеттенген жастардың талабы биікке жетеледі, яғни олар әлемдік байқауда үздік болып отыр.
– World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Еліміз бұл олимпиадаға 2014 жылдан бері қатысады. Бүкіл әлем бойынша іріктеу кезеңіне дейін 73 елден 15 мың команда қатысып, финалға 365-і шықты. Ақтық кезеңде әлемнің ең үздік командаларымен сайысқа түстік. Негізінен мұндай бәйгеге Азия елдері өте белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп келген. Біз де осы ғылым мен технологиясы қарыштаған Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Гонконг, Тайвань елдерінен келген қарсыластарымыздан көш ілгері тұрдық. Қорытынды нәтижесінде Тайваннан кейінгі екінші орынды иелендік. Жоғарыда атап өткен командалар бізді жеңісімізбен құттықтап, тәжірибе алмасуымызды сұрады, - дейді О.Құрақбай.
Әлемдік олимпиада өтер алдында роботтарға арналған регламент бекітіледі екен. Байқау тәртібіне сәйкес, әр роботтың салмағы 1 келі, көлемі 25 сантиметрден аспауы қажет. Робо-спорт алаңында тапсырма орындаушы роботтар ереже бойынша ең жоғары ұпайды жинау тиіс. Роботтар үшін тапсырманы орындау уақыты да белгіленген. Әр команда өзінің инновациялық жаңа жобаларын қосып, автономды роботты құрастырып, оны бағдарламалау қажет. Бұл жолғы олимпиада комитеті «Менің роботым – менің досым» тақырыбын ұсыныпты. Шымкенттік жастар аурухана емделушілеріне көмек көрсететін роботтарын таныстырған.
Олардың айтуынша, құрастырылған роботтар пациенттің барлық жағдайын жасайды. Темірқұл «санасында» ауырып жатқан науқасқа су әкеліп беру, көңілін аулау үшін ән айту және олардың төсек-жаймасы мен киімдерін кір жуатын автоматтарға іріктеп салу секілді бағдарламалар бар.
Бұған дейін қазақстаннық ІТ саласындағы ұлттық құрама командасының жеткен ең жоғары нәтижесі – үздік 10-дық команда ішінде 8-ші орынды иеленіп келген. Биылғы қатысушылар еліміздің қоржынына алғашқы медалді салуды ниет етіп, осы жолда көптеген кедергілерді еңсерген. Кейіпкеріміздің айтуынша, әлемдік олимпиадаға қатысу үшін Германияға жетудің өзі мұң болған екен. Виза, оқушылардың байқауға баруы, жатар орны мен қайту билеттеріне қол жеткізу үшін демеушілерден көмек сұрапты.
–Оқушыларымыз ең алдымен қалалық іріктеуден өтті. Республикалық додада барлық өңірден келген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің шәкірттерімен додаға түсті. Нәтижесінде оқушыларым олипиаданың лицензиясын жеңіп алды. Осы жерде бір әділетсіздікке қынжылдым. Республикалық байқауды Назарбаев Университеті АҚ ұйымдастырғандықтан НЗМ мектебінің оқушылары жеңімпаз болғанда әлемдік олимпиадаға қатысу шығындары өтеледі екен. Ал бізді жеңіске жеткенде қаржылай қолдайтын бірде-бір мекеме табылмады. Оқушыларыма лицензияға дейін «сендер шетелге шығу шығынын уайымдамаңдар, тек жеңісті ойлаңдар» деп айтатынмын. Сол сәт туғанда демеуші іздеп кеттік. Бір ай бойы еліміздің ірі кәсіпорындарына хат жолдаумен болдық. Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Уақыт қысқарған сайын ұшақ билеттері қымбаттайтыны баршаға аян. Іштей «шәкірттерім осы байқауға қатыса алмай қала ма» деп алаңдай бастадым. Десе де олардың үнжырғасы түспеуі үшін сыр бермеуге тырыстым, - дейді Олжас Саматұлы.
Ұстаздың «Таир» ЖШС-не жазған хаты жауапсыз қалмай, қаржылай көмек беретінін жеткізеді. Одан кейін трансформатор өндіретін шымкенттік «Alageum Eleсtric» компаниясы да қолдау көрсеткен. Көмек мұнымен шектелмей білім мен ғылымды қолдап жүрген «Жақия қоғамдық қоры» үнсіз қалмапты. Германиядағы әлемдік олимпиадаға қатысуға қажетті қаражат осылай жиналған.
–Біз құрастырған құлтемір мен оған енгізілген бағдарлама Тайвань елінен келген командадан кейінгі орыннан көрінді. Алтынды иеленген командадан 2 секунд қана артта қалдық, - деді №26 мектептің оқушысы Бибарыс Михаш.
Елге жеңіспен оралғаннан дарынды жастар елордадағы ІТ мамандығы бойынша білім беретін АІТU университетіне шақырту алыпты. Жоғары оқу орны қос жеңімпазға грант ұсынып отыр. Сонымен бірге, жас ғалымдарға білім басқармасы тарапынан бір миллион теңгеден сыйақы тағайындалған.
Жалпы Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде 127 робототехника кабинеті бар. Бұл шаһардағы мектептердің 84,1%-ын құрайды. World Robot Olympiad-ға еліміздің ұлттық құрамасынан әртүрлі категория бойынша 10 команда қатысса, оның екеуі Шымкент қаласының оқушылары. Бірі Олжас Құрақбайдың шәкірттері болса, екіншісі қаладағы №2 ІТ мектебінің оқушылары. Екі команда да үздік нәтижеге қол жеткізіп, бірі алтынға бергісіз күміс медалді иеленіп, бірі әлемнің ең үздік бестік команданың құрамына енді. Ал, Олжас Саматұлының өзі ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы ІТ технологиясын қолдау қоғамдық кеңестің құрамына енді. Үздік шәкірт тәрбиелеген ұстаз алдағы уақытта министрліктің осы бағыттағы жобаларының жандануына үлесін қоспақ.

Последнее изменение Пятница, 06 Январь 2023 07:59
Другие материалы в этой категории: « «NIS – өмірімді түбегейлі өзгерткен орын»