ҚИСЫҚ ӨСКЕН ТАЛДАН ТҮЗУ АҒАШ ШЫҚПАЙДЫ Избранное

Пятница, 03 Февраль 2023 04:33 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 2581 раз

немесе «баланы – жастан...» деген бабалар өсиетін ұмытпайық

Қоян жылының екінші онкүндігі жайсыз басталды. Таңертеңгі сағат 8-де үйден шықтық. Түнде түнімен жауған қалың қар көшеде әлі жатыр. Мұрты бұзылмаған. Көше тазалайтындар әлі көрінбейді.

800

 

Жел жердегі ақ ұлпаны да, жауып жатқан қарды да аспанға көтеріп, ұйытқытады. Ақтүтек боран басталды. Осындай күнге тура келіп қалыпты. Жолға шықтық. Мінген көлігіміз жайлы. Төрт дөңгелегі бірдей айналады. Бауыры биік. Бірақ... Ауа райына қарап, жоспарды сәл өзгерттім.
–Мені Сарыағашқа дейін алып бармай-ақ қой. «Колос» аялдамасынан таксимен кетейін.
Солай істедік. Су жаңа КИА РИО деген машина жүрейін деп тұр екен. Соған міндік. Машинамыз бір орам айналды да өз жолына түсіп алды. Шымкенттен шыға берістегі май құю стансасына тоқтады. Біз алдыңғы орында отырмыз. Жанымызға басқа бір машина келіп тоқтады. Оның жүргізушісі біз қатарлы кісі екен. Рөлден шығып, бекетке қарай кетіп бара жатты. Оған қарсы жас бала келе жатты. Соншалықты жылдам қимылдады. Әлігі жүргізушінің қалтасынан ақшақалтасын суырып алды. Бала бізге қарай келе жатыр.
Есігім ашық тұрған. Әлігі баланы шап беріп ұстап алдым. Машинадан шыға салып, бекетке қарай сүйрей жөнелдім.
–Алғаныңды әлігі адамның қалтасына қайтадан саласын. Содан соң жіберемін. Саған тимеймін. Жұлқынба. Әбес қылық жасама!-деп қоямын.
Бекетке кіргенше сүйреп келдім. Бекетке кірген соң тынышталды.
–Бар. Айтқанды істе,-деп жібердім. Өзім есіктің алдына тұра қалдым.
Бала барды да, жүргізушінің қалтасына ақшақалтаны салып қойды.
Іштей «О, тоба!»-дедім. Ана шал ештеңе де білген жоқ. Сәлден соң ғана бірдеңені сезді ма, қалтасына қолын салды.
Бала шығуға тырысып, жаныма келгенде қолтығынан шап беріп ұстадым. Бекеттен қолтықтасып шықтық.
–Нешінші сыныпта оқисың?
–Төртінші.
–Қандай жағдай болмасын, ұрлық жасама. Түбінде темір торға қамалып тынасың.
–Үйіңде кім бар?
–Мамам.
–Папаң бар ма?
–Жоқ
Қалтамнан 5 мың теңге шығардым да балаға бердім.
–Қазір дүкенге бар. Таңғы шәйға бір нәрселер ал. Мамаңа сәлем айт. Бүгінгі болған жағдайдың барлығын үйіне барған соң, кейінге қалдырмай, баянда. Енді ұрлық жасама! Ақшаны еңбек етіп табу керек!
Бала сәл ғана тоқтап, бетіме тік қарады.
–Ата, рахмет! –деді. Көзі жасаурап тұр екен. Әлдебір мұңды байқадым.
–-Көке, кеткік,-деген біздің жүргізушіміздің дауысы шықты.
Жолдың жағдайы өте күрделі екен. Қар қалың. Ақ түтек боран. Алда кетіп бара жатқан машина 20-30 метр жақындағанша көрінбейді. Қара машиналарға дейін үстіне ақ қар, көк мұз қатқан. Жолды ашып, тазалап жатқан ешкім жоқ. Шымкенттен Сарыағашқа жеткенше екі трактор ғана кездесті. Ал жол – ақылы...
Менің көз алдымнан әлігі бала кетер емес. Оның мүғалімі-сынып жетекшісі қайда? Әкесі қайда? Анасы қаршадай баланы ұрлық жаса, ақша тауып кел деп, жұмсамаған шығар. Бірақ қалта ұрлығына әбден машықтанып алыпты. Оны қашан, қалай, кімнен үйреніп жүр? Әлде бұл ...
Мұндайда не істемек керек? Жаман қылықтан қалай сақтандыруға, арылтуға болады?
Кез-келген демалыс аяқталады. 10 күннен кейін Шымкентке қайттық.
45-50 жыл журналист болған адаммын. Бір тәуірі, педагогика ғылымдарының кандидаты деген дәрежем бар. Қауымдастырылған профессор деген ғылыми атақ та берілген. Не керек, зейнетке шыққан сон түбегейлі ұстаздық жолға ауысқанмын.
Қазір Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің білдей бір ғалымымын.Мектепке дейінгі және бастауыш сыныптардагы оқытудың теориясы мен әдістемесі кафедрасына бекітілгенмін. Әлігі «не істемек керек» деген сұрақты кафедрдағы ғалымдарға қойдым. Олардың жауаптары мынадай болды.

Мұхтар ЕРМЕКБАЕВ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, кафедра меңгерушісі:

–Балаға мектепте білім мен тәрбие бірге беріледі. Бірінші кезекте баланың санасына адамгершілік тәрбиесін сіңіру керек. Имандылыққа баулыған абзал. Бала өзінің іс әрекетіне баға бере алатындай болса қылмыстық іс-әрекетке бармайды. Адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу бастауыш сыныпта басталады. Қазақтың «Баланы – жастан...» деген өсиет сөзі осыған орай айтылған деп түсіну керек.

Ұлбала ТЕМІРҚЫЗЫ, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент:

–Тәрбие – кешенді процесс. Отбасындағы, мектептегі тәрбие бірін-бірі толықтырып, жетілдіріп, дамытып отырады. Қажет болған жағдайда мұғалім баланың тәрбиесін диагностикалайды, түзетеді. Жоғарыдағы жағдайда баланың тәрбиесі диагностикаланбаған, анықталмаған болуы мүмкін. Диагностикаланбаған соң түзетілмеген деуіміз керек. Бұл шаралар бастауыш сыныпта атқарылады.

Света СИХЫМБАЕВА, биология ғылымдарының кандидаты, доцент:

–Соңғы жылдары мұғалім мен ата-аналардың байланысы бұрынғы жылдардағымен салыстырғанда нығайды деп айта алмаймын. Бұл, бір дейік. Екінші кемшілік бастауыш сынып мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету жақсарды деуге де ауыз бармайды. Мектептерде бастауыш сынып мұғалімінің сабағына кіріп, талдап, тәрбие жұмысы қалай жүргізіліп жатқанына баға беріп жатқан мектеп директорының орынбасарлары аз. Осыдан кейін қате кездеспейді дей алмаймыз. Бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысын түбегейлі жақсарту жолдарын қарастыру керек.

Гүлдана ШЕГЕБАЕВА, магистр оқытушы:

–Мектептерде «Білім туралы» заңның, қоғамның талаптарына қайшы келетін педагогикалық жағдайлар кездесіп жатады. Соларды талдаған кезде «бала бастауыш сыныпта қандай болған еді» деген сұрақ қойылмайды. Оқушының бүкіл өмірі қалай болмағына негіз бастауышта қаланады. Баланың отбасында кімге еліктеп өсіп келе жатқанын, не үйреніп жүргенін мұғалім білуі керек. Мұның жолы көп. Бастысы біз жас ұрпақты бүкіл адамзатқа ортақ адами құндылықтарға тәрбиелей білуіміз керек. Жақсы істі үйреніп, жаман әдеттерден жиренуге үйреткеніміз дұрыс.
Ғалымдардың пікірін қысқартып баяндағанда осылай болды. Айтылмай қалған мәселелер де бар.
Баланың өмірі ойыншық емес. Бастауыш сынып оқушысының даралық қасиеттерін анықтап, соны дамыту керек. Сонда қоғамға пайдалы азамат қалыптасады. Педагогикада әдістемелер, технологиялар көп. Солардың арасынан баланың білім алуына, дұрыс тәрбиеленуіне ен тиімдісін екшеп алып, пайдаланған дұрыс. Бұл үшін мұғалім білім, тәрбие берудің әдістері мен технологияларын бірінші кезекте өзі білуі керек.
Әлігі 4-сыныпта оқитын қалта «тазалағыш» баланың іс-әрекеті ата-ана мен мұғалімнің тәрбие жұмысында жіберген кемшілігінің нәтижесі деп бағаланады. Бұл жерде тек қана ата-ананы кінәлау – жауапкершіліктен қашу. Екі жақтың да кемшілігі байқалады.
Бізге Жаңа Қазақстанды құратын, бүгінгі қоғамының нық тірегі болатын, еңбексүйгіш, отаншыл жастар керек. Педагогтарға қоғамның берген тапсырысы осындай. Бұл еліміздің «Білім туралы заңында», нормативтік құжаттарда көрсетілген. Осы тапсырманы орындау керек.
Қисық өскен ағашты түзету қиын. Бұл үшін балаларды ұлттық құндылықтар негізінде бала кезінен еңбексүйгіштікке, адами құндылықтарға, Отанын, туған жерін сүюге бастауыш сыныптан бастап тәрбиелеуіміз керек. Оңай ақша табатын қылмыстық жолдан бала аулақ болуы тиіс.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, педагог-ғалым 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.