Оларды бауырына тартып, мейірленсе, олар да жақсы адамды танып, тез үйірсек бола қояды. Ал, бойкүйезденіп, сабағын асығыс-үсігіс өтіп, өз шаруасымен әуре болса, балалар да соны қайталайды. Көп жағдайда әйел мұғалімдер отбасын, балаларын, күнделікті күйбең тірлікті ойлап, соның сарсаңымен жүреді де, сабаққа дайындықсыз келеді. Ұстаз өз сабағында бәрін ұмытып, жас өскіндердің санасын, көкжиегін дамыта түсуі керек.
Ұлы ғұлама Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген, ұстаздар назарда ұстайтын маңызды элемент – баланың тәрбиесі. Бала тәрбиесінде ата-анамен қатар ұстаздың да рөлі орасан зор. Расында, психологиялық-әлеуметтік дағдылары қалыптасып келе жатқан балаға ақ пен қараның, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуды үйретуден асқан ізгі іс жоқ. Мектеп қабырғасында оқушының бойында қалыптасқан дағдылары болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Оқу орнында, жұмыста адамдар мектеп кезінде қалыптасқан кейбір әдеттерін әлі де жасайтынын байқауға болады. Осы тұрғыдан алғанда мектепте ұстаз оқушылардың бойына ізгілік нұрын сеуіп, коммуникативтілігін арттыратын сыныптан тыс шаралар өткізіп, сын тұрғысынан ойлауды қалыптастыруы қажет. Оқушы тек білім алып қана қоймай, адамгершілікті, адалдықты, қайырымдылықты бойына сіңіргені ләзім.
Кез келген оқушының бойында белгілі бір бағытқа қызығушылық болады. Дәл осы қасиеттің арқасында нағыз таланттар пайда болады. Кейбір ата-ана баласының қызығушылығымен санасса, кейбір оқушының шамшырағын мұғалімдері жағады. Әр шәкірттің қызығушылығын, яки заман ағымымен бәріне ортақ тақырыпты алып, балалармен сұхбат жүргізуге болады. Сонда іште бұғып жатқан талант жарыққа шығады. Бұл әркімде әртүрлі көрініс табады, ондай жағдайда мұғалім тарапынан жеке қадам күтіледі.
«Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» дейді дана халқымыз. Ұстаз үшін оқушының бойына даналықтың дәнін егіп, тәрбиенің арнасын қазып, білім нәрімен суғарып, елі үшін еңбек ететін тұлғаны тәрбиелеу – іргелі, игі іс.
Мөлдір САДЫҒҰЛ,
Шымкент қаласы