Тiлек ИСАХМЕТОВ: Кәсiпқой мамандар қашанда сұранысқа ие

Среда, 18 Май 2016 06:13 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6270 раз

Шымкент қаласындағы №3 колледжде алғаш рет «Заман талабына сай қажетті маман даярлау» тақырыбында мектеп директорлары мен психологтарына, кәсіпке бағдарлау жұмысына жауапты мектеп педагогтарына арналған семинар өткізілді. Семинардың мақсаты – мектеп бітіруші түлектердің көзқарасын қалай өзгертсек болады және оларға қызықты да, лайықты жұмысы бар тұлғалардың қатарына қосу, жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Семинар соңында колледж директоры Тілек Исахметұлымен сұхбаттасып, төмендегідей сауалдардың жауабымен бөлістік.


IMG 8260Тiлек ИСАХМЕТОВ,
Шымкент қаласы №3 колледж директоры,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Тілек Исахметұлы, қазіргі жастарымыз заман талабына сай мамандықтарды дұрыс таңдай біледі ме?

– Бүгінгі жастар мамандықтарына дұрыс таңдау жасай алмайды. Өйткені, бүгінгі күні нарықтық жағдайға шамадан тыс көбейіп кеткен заңгерлер, қаржыгерлер және басқа да уақыт талабына сай емес мамандар қажет емес. Есесіне соңғы жылдары еңбек нарығында жұмысшы, атап айтсақ, токарьлар, слесарьлар, электргазбен дәнекерлеушілер және басқа да жұмысшы мамандары тапшы. Кейде өзім де қажет кезінде кезек күтемін, өйткені білікті мамандар әрқашан да қажет. Бұл маман иелеріне үнемі жұмыс табылады және оларға экономикалық дағдарыстар қорқынышты емес, өйткені олардың дағдылары мен машықтары әрқашан сұранысқа ие. Қазіргі таңда сұранысқа қажет жұмысшы мамандарын даярлайтын техникалық және кәсіптік оқу орындары тегін білім беруде. Оқу орнына түскен білім алушылар мамандықтың негізін іс жүзінде меңгергеннен кейін, ынта-жігері болған жағдайда оқуды сырттай жалғастыруға және оны жұмыспен қатар алып жүруге болады. Осы жерде бір айта кететін жайт, біздің түлектеріміз техникалық мамандықтар бойынша қысқартылған нысанда жоғары оқу орындарында білім ала алады. Ең бастысы – адамдарға қажетті іспен айналысуға ықыласы болуы қажет.

– Ал жастардың жұмысшы мамандығын таңдамауының себебі неде деп ойлайсыз?

– Өкінішке орай, көптеген жастарымыз жұмысшы мамандықты таңдай бермейді, оның себебі жастар арасында кәсіптік колледжде оқу беделді емес деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, мен де колледжді бітіргенмін, сондықтан да өз тәжірибеммен бөліссем. Колледж қабырғасында іс-тәжірибе, пәндерді оқыту ерекшелігі есебінен білім тереңірек игеріледі. Жоғары оқу орнының дипломын алуға деген талпыныс, менің ойымша, «мен басқалардан кем емеспін» деген жарыс сияқты. Бұл жерде баласының қалауын қалайда орындағысы келетін ата-аналар да кінәлі. Мысалы, әкем маған «өзіңнің қабілетіңе қарай мамандық таңда» деп қатаң түрде ескертті. Мен колледжді қызыл дипломмен бітірдім, жұмыс істеп жүріп біраз уақыттан кейін университет дипломын алдым. Қазір жастарымыз аз жұмыс істеп, көп ақша тапқылары келеді. Бұл, әрине, өкінішті.

– Жастардың арасында жұмыссыздықтың орын алу себебі неліктен?

– Біз нарықтық экономика заманында өмір сүрудеміз, ал оның бір бөлігі жұмыссыздық болып табылады. Біздің міндетіміз – жұмыссыздықты барынша азайту және жастардың мектеп қабырғасынан бастап дұрыс таңдау жасауына көмектесу. Әрбір мектепте психологтар, кәсіпке бағдарлауға жауапты директордың орынбасарлары жұмыс істейді: міне осы кісілер балалардың қай мамандыққа бейім екендігін анықтау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Көптеген жастар жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін бір күндік компанияларда, фирмаларда, отельдерде кез-келген табыспен күн көретіні жанды ауыртады.
Қазіргі кезде еңбек нарығында бос орындардың 70 пайызын жұмысшы мамандықтар құрап отыр. Бүгінгі күні еңбек нарығында жоғары білікті слесарьлар, монтажшылар, электромонтерлар, дәнекерлеушілер, сылақшылар, токарьлардың жетіспеушілігі қатты байқалады. Бірақ олардың орнына ешқандай қажеттілігі жоқ, еңбек нарығында артығымен жүрген мамандар келуде. Мемлекет олардың қайта оқуына қаржы бөліп, қажетті орнын табуға көмектеседі. Ендеше, біз артық жұмыс орындап отырмыз. Әсіресе, көптеген жастардың қалайда диплом алып, айлығы жақсы, әрі жеңіл жұмысқа орналасуға бағытталған мақсаттары реніш тудырады. Мәселенің тағы бір түйіні – көптеген ата-аналар өз баласының болашағын жұмысшы мамандықпен байланыстырғысы келмейді. Олардың таңдауы – жоғары оқу орнында оқу, бірақ қай жерде, қалай және қандай мамандықты игеретіндігі маңызды емес. Жастарды болашақта жұмыс табу мүмкіндігінің өте аздығы, жалақының төмендігі де қызықтырмайды. Өзінің сүйікті баласын қандай да бір жоғары оқу орнында оқыту үшін ата-аналар жылжымайтын мүліктерін сатады, банктен несие немесе қарызға ақша алады. Осы қалыптасқан жағдай коммерциялық жоғарғы оқу орнын басқаратын кәсіпкерлерге өте қолайлы. Облыста жыл сайын жекеменшік жоғары оқу орындары бес мыңдай заңгерлерді және осыған шамалас көлемде экономистерді дайындап шығаруда, олардың көпшілігі әрине жұмыссыз қалуда.

– Тәжірибе алмасу мақсатында шет елдерде болдыңыз. Сол елдердегі жастардың мамандық таңдауындағы көзқарастары қандай? Жастарымызға үлгі боларлықтай жағы бар ма?

– Иә, шетелдерде жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылықтары жоғары екен, оқу мен жұмысты ұштастыра білетіндіктері, оқушылардың 9 сыныптан кейін 75 пайызының жұмыс істеуге баратындығы, тек 25 пайызының жоғары оқу орындарында оқуға ықылас білдіретіндіктері таң қалдырды. Ол жақта мектептен кейін міндетті түрде жоғары оқу орнына түсу деген көзқарас қалыптаспаған, олардың мақсаты арнайы орта білім алып, лайықты жұмысқа орналасып, жақсы еңбек ақы алу. Маған ол жердегі жұмысшы мамандығын таңдаған жастар өте қатты ұнады. Олар таңғы сағат 7-ден күндізгі 3-ке дейін жұмыс істеп, айына шамамен 2-3 мың евро айлық алады. Көпшілігінде өз үйлері, автокөліктері бар. Менталитет деген міне, осы – шетелдік жігіттер мен қыздардың Қазақстандық құрдастарынан ерекшелігі. Олар өз күштеріне сенеді және тәуелсіз болуға талпынады. Ал кешке және демалыс күндері жастар демалыс орындарына, киноға, театрға барып демалады. Біз көбіне Еуропаның тәжірибесіне сілтеме жасағанды жақсы көреміз, ендеше неге олардың жақсы жақтарын қабылдамасқа?

– Тілек Исахметұлы, сіздердің білім ордаңызда бітіріп шыққан түлектеріңіздің жетістіктері жайында айтсаңыз?

– Колледжіміздің 75 жылдық тарихы бар. Бұл оқу орнын бітірген түлектеріміздің жеткен жетістіктері өте көп. Жақын арада ғана бізге қонаққа келген осы колледждің бұрынғы түлегі Сергей Платоновты айтар болсам, ол жігіт бүгінгі күні құрылыс компаниясында жетінші разрядты дәнекерлеуші болып жұмыс істейді, айына 700 000 теңгеге жуық жалақы алады. Сергей үйінде кішігірім шеберхана ашып алған, ол жерден айына шамамен 200-250 мың теңге табыс табады екен. Оның жалақысы шамамен 1 млн теңгені құрайды. Нағыз кәсіпқой маман әрқашан сұранысқа ие емес пе?

– Тілек Исахметұлы, жастарымызға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Биыл Елбасы өз жолдауында 2017 жылдан бастап жаңа жоба «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялай келе «Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі де сендер үшін, болашақ үшін жасалуда. Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Мектепті бітірген әрбір қазақстандықтың мамандық алуға мүмкіндігі болуы керек» деген сөзін басшылыққа ала отырып, жастарымызға жұмысшы мамандығын меңгерулеріне кеңес берер едім.

– Елбасымыздың саясатын саралап, болашақ жастарымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын тұлға болып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауына жол көрсеткеніңіз үшін алғысымыз шексіз.

Сұхбаттасқан
К. ЕРНАЗАРОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.