Талаптың мiнiп тұлпарын... Избранное

Пятница, 27 Май 2016 04:28 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4293 раз

25 мамыр күні қаладағы барлық мектепте соңғы қоңырау сыңғырлады. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия түлектерінің ұмытылмас мерекесіне қатысып, мектеп бітірушілердің алдағы өміріне сәттілік тіледі.

DSC 1706

Аталған мектеп-гимназияның негізі 1991 жылы қаланған. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында оқу орны өзінің ширек ғасырлық мерекесін атап өтті. Мектеп директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі Қатира Кәдірбаева 24 жылдан бері білім ордасын абыроймен басқарып келеді.
– Бүгін – мектеп бітіріп, балалық шақты артта қалдырып, жаңа белестерге қадам басқалы отырған біздің түлектеріміз үшін ерекше күн. Сіздер ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мектепті бітіріп отырсыздар. Еліміздің болашағы – білімді жастар. Алда он бір жылдық білімдеріңізді қорытындылайтын ұлттық бірыңғай тестілеу келе жатыр. Барлықтарыңызға абырой, табыстар тілеймін. Қазақстанның дамуына үлес қосып, сынақтардан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін, – деді қала әкімі.

DSC 0004

Айта кетейік, 3457 оқушыға тәлім беретін білім ордасы 2012 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін енгізген. Биыл 161 оқушы мектепті бітірсе, оның бәрі де ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. 14-і Алтын белгіге, 6-ы үздік аттестатқа үміткер. 3 оқушы халықаралық ғылыми жобада жеңімпаз атанған.
– Он бір жыл білім мен тәрбие алған алтын ұямызбен қоштасу күнін еш ұмытпаймыз. Болашақта жалпы медицина мамандығына түссем деймін. Арман жетегіндегі барлық достарыма, сыныптастарыма алдағы өмірде сәттілік тілеймін. Биылғы ҰБТ 6-ы маусымда басталады. Маңызды емтиханның сәтті өтеріне сенемін, – дейді мектеп бітіруші түлек Әсем Дәрібай.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.