ҰБТ-ның алғашқы күнi 412 оқушы бақ сынады

Пятница, 03 Июнь 2016 05:58 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3802 раз

Түлектердің түн ұйқысын төрт бөлген, жүрек лүпілін жиілеткен – Ұлттық біріңғай тест те басталды. Биыл қала мектептерін бітірген 6340 оқушының 4081-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. ҰБТ-ның алғашқы күні 12 мектептен жиналған 412 оқушы тест тапсырды.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының алды абыр-сабыр. Ата-аналары ұл-қыздарына, ұстаздары шәкірттеріне сәттілік тілесті. Таудай сенім мен үкілеген үмітті арқалаған әрбір түлек табалдырықтан енгеннен-ақ қатаң бақылаудан өтті. Шпаргалка, ұялы телефон, тыйым салынған басқа да құрылғылардың бар-жоғы тексерілді.

DSC 0102

Талапкерлердің 11 жыл бойы алған білім нәтижесінің сыналар сәті сағат тілі 9.00-ді көрсеткенде басталды. Академия ғимаратының сыртына орнатылған үлкен экраннан ұл-қызының қалай тест тапсырып жатқанын онлайн көріп отырған әр ата-ананың жүзінен осы сезімді байқауға болады. Күннің аптап ыстығына қарамастан жасы да, жасамысы да, тапжылмай, төрт сағатқа жуық, талапкерлердің тест тапсырып шығуын күтті. Ал олар шыққанда қол соғып, қаумалап, қалай өткенін, қандай қиын сұрақтар кездескенін сұрап жатты.
Межелі уақытқа жетпей, тест сұрақтарының жауабын белгілеп, бірінші болып шыққан қызбен тілдесуге асықтық. Есіктен күлімдей шыққанымен, ата-анасын көргеннен кейін көз жасына ерік берді. «Қазығұрт» шағынауданындағы №66 жалпы орта мектептің түлегі Бибінұр Болатова екен.

– Таңдау пәнім – биология. Мектептегі ұстаздарымның дайындығынан бөлек, тест тапсыруға дайындайтын арнайы курсқа жазылып, оқыдым. Жыл бойы дайындалған сұрақтардың көпшілігі кездесті. Бәрі жақсы. Мойнымнан ауыр жүк түскендей сезімде тұрмын. Енді тест нәтижесін асыға күтемін, – дейді Бибінұр.
Сағат тілі 13.30-ға тірелгенде Бибінұр секілді тест тапсырып шыққандардың қатары қалыңдады. Бірінің жүзі бал-бұл жанса, бірінің көңілі күпті.

Түлектер жоғары оқу орнына түсемін десе, кемінде 50 балл, ал ұлттық университетте білім алғысы келсе 70 балдан төмен жинамауы шарт. Ал сынақтан сүрінсе, 2247 теңге төлеп, кешенді тестілеуге қайта қатыса алады. Бірақ мұндай жағдайда тек ақылы оқу түрін ғана таңдау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, ҰБТ нәтижелері құпия ақпарат санатына жатқызылғандықтан, оны тек жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) бойынша ғана алуға болады.

Айта кетейік, ҰБТ 2-15 маусым аралығында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясынан бөлек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының оқу ғимаратында жалғасады.