Шымкенттiк түлектер 125 балл жинады Избранное

Среда, 08 Июнь 2016 04:16 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4274 раз

ҰБТ-ның соңғы мәліметтері бойынша, шымкенттік үш бірдей түлек тестілеуде берілген сұрақтың барлығына дұрыс жауап беріп, 125 балл жинады. Бірі Х.Дулати атындағы №8 облыстық мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-гимназиясының түлегі «Алтын белгіге» үміткер Абылай Кеңесбеков болса, екіншісі №120 жалпы орта мектебінің түлегі Ерасыл Балтабай, үшіншісі №15 мектеп гимназиясының түлегі Ақтолқын Асан.

Абылай 8 мектеп  Ерасыл 120 мектеп 

 

– Жыл басында өзіме жоғары балл жинаймын деп мақсат қойдым. Сөйттім де, әрбір сәтті бос жібермей тыңғылықты дайындалдым. Ата-ана, ұстаздарымның сенімі мен «Алтын белгіні» ақтап шыққаныма қуаныштымын. Таңдау пәнім – дүниежүзі тарихы. Заң саласының білікті маманы болғым келеді, – дейді Абылай. 

Ал Ерасыл болашақта ақпараттық технология мамандығын таңдамақ. «Тест барысында 122-123 сұраққа дұрыс жауап бергеніме сенімді болып шықтым. Шыны керек, ең жоғары балды еншілеймін деп ойламадым. Ал 125 балл жинағанымда қуанышымда шек болмады. Енді IT саласында өз қолтаңбамды қалдырсам деймін» дейді Ерасыл.

DSC 0137

Сонымен қатар, Қ. Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің оқушысы Хадиша Бектемірова мен Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта мектебінің оқушысы Ернат Кенжебай 124 балдық межені еңсерді.

Әзірге 2-5 маусым аралығында өткен ұлттық бірыңғай тестілеуге 68 мектептен 2308 оқушы қатысып, орташа көрсеткіш 80,6 балды құрап тұр. Оның 44-і «Алтын белгі», ал 25 түлек үздік аттестат иегері атанды. Бұл көрсеткіш ҰБТ аяқталғанша әлі де өсетіні анық.
Айта кетейік, тестілеудің төрт күнінде еліміз бойынша 16 оқушы 125 балл жинады. Оның 4-і біздің облыстың түлектері.