Жанат ТӘЖИЕВА: «Бiлiм саласын жаңа реформалар күтiп тұр»

Среда, 17 Август 2016 07:21 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7081 раз

Шымкент қаласы биыл да білім саласы бойынша биіктен көрінді. Бiз жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиеваға жолығып, ел ішінде қызу талқыланып жатқан білiм жүйесiндегi реформалар және басқа да өзекті мәселелер төңiрегiнде әңгімелескен едік.

zhtazhieva– Жанат Арысбекқызы, жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз.

– Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл екі мектеп қыркүйекте пайдалануға беріледі. Олар – «Қаратөбе» шағынауданындағы 600 орындықты және «Ынтымақ» шағынауданындағы 900 орындықты білім ордалары. Сондай-ақ, Оспанов көшесіндегі №61 ғимараттың жұмыстары аяқталып, балабақша ретінде қайта құрылды. Мектептер мен балабақша оқу жылының алғашқы күнінен бастап білім беретін болады. Биыл білім мекемелерінің жөндеу жұмыстарына 222 млн 458 мың теңге бөлінген болатын. Осы қаражат есебінен 124 мектеп пен 80 балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл қаламыздағы 127 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады.

– Қала көлемiнде бiрiншi сыныпқа қабылданатын бүлдiршiндер саны қаншаға жеттi?

– Қала бойынша 21 200 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл – әрине қуанышты жағдай. Көрсеткіш арқылы өңірдің экономикасының, халықтың жағдайының жақсарғанын байқауға болады. Сонымен қатар, қала аумағының көбеюіне байланысты, тұрғындар саны жыл санап артып келеді.

– Жанат Арысбекқызы, бiлiм беру жүйесінде қандай өзгерiстер енгізілетін болады?

– Білім саласының алдында жаңа реформа күтіп тұр. Он екі жылдық білім жүйесіне көшу, бес күндік оқу аптасы, үш тілде оқыту дегендей жаңалықтар кезең-кезеңімен білім саласына енгізіле бастайды. Биыл 1 сыныпқа баратын балалар Назарбаев зияткерлік мектебінің НЗМ бағдарламасы бойынша білім алады. 12 жылдыққа өтудің ең бірінші кезеңі биылғы бірінші сынып оқушыларынан басталады. Бұл оларды 12 жыл оқиды дегенді білдірмейді. 5 сыныпқа барғанда аттап кету мәселесі болады. Демек 11 жыл оқиды. Сондай-ақ бірінші сынып оқушылары үшін 4-5 секілді баға болмайды. Бағалау критериймен алмастырылады. Сонымен қатар 1 сынып бағдарламасына ағылшын тілі пәні енгізіледі. Және 5 күндік оқу жүйесіне көшеді. Бұл реформадан үркудің қажеті жоқ. Мәселен, бес күндік оқу аптасы дегенді түсінбей жатқандар да бар. Айта кетейін, 7 сыныптан бастап «Робототехника» пәні енгізіледі. Бұл пәнде роботтардан қолдан конструкция жасау, құрастыру қамтылады. Жаңа пәннің баланың ой-өрісін дамытуға, логикалық қабілетін арттыруға ықпалы мол.

– Үш тілде білім берудің қиындығы туралы көбірек айтылуда...

– Үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшеміз. Уақыт талабы осы. Сол себепті бұл жаңалықтан да қорықпауымыз керек. Бұл үшін мамандарымыз даярлаудан өтті.

– Баласы мектепте оқитын ата-ананың жұмысы көбейіп, қыза түсетіні белгілі. Алдымен баласын сақадай сай етіп оқуға әзірлейді. Бірыңғай мектеп формасы жайында не айтасыз?

– Оқушыларымыздың бiрыңғай мектеп формасына көшкенiне бiраз уақыт болды. Олардың бет-бейнесiн айғақтайтын, оның балалық шағының белгiсi – мектеп формасы. Десе де, осы мектеп формасы төңірегінде талай рет тартысты әңгімелердің болғаны рас. Қазір қаламызда «Гауһар», «Алтын адам» тігін фабрикалары бар. Біз олардың өнімдерін ата-аналарға ұсынған болатынбыз. Ал таңдау құқығы ата-аналардың өз еркінде. Фабрикаларға тапсырыс береді немесе кез келген сауда желісінен сатып алуына болады.

– Оқулық мәселесi де жыл артқан сайын бiр жүйеге түсiп келе жатқан сыңайлы. Биыл оқулық жеткілікті бола ма?

– Биыл 1 сыныпқа қабылданатын балалар саны өткен жылғыдан мыңнан астам артық. Былтыр 20 054, жаңа оқу жылында 21 200 оқушы қабылданады деп жоспарлануда. Әйтсе де, 1, 8 сынып оқушылары оқулықпен толық қамтамасыз етіледі. 1 сынып оқушылары үшін 336 736 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін 6 баспамен келісім-шарт жасалды. Бала санының артуына байланысты 4, 5, 7 сыныптың оқушылары үшін қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 797 192,0 мың теңгеге 13 баспа арқылы келісім-шарт жұмыстары жүргізілді. Яғни бізде оқулық мәселесі толығымен шешімін тауып отыр. Ең алдымен, тегiн оқулық көп балалы және әлеуметтiк аз қамтылған отбасы балаларына берiлсе, қалған балалар да оқулықпен қамтылады.

– Жаңа мектепке ауысу немесе балабақшаға орналастыруда көптеген түйткілді мәселелер кездеседі. Ата-ана нені ескергені жөн?

– Кез келген ата-ана баласын жақсы мектепке, балабақшаға бергісі келеді. Ата Заңымызға сәйкес ата-ана қайда оқытса да құқылы. Десе де, биыл қыркүйек айынан бастап, балалар мектепке Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы орналастырылады. Яғни орталық арқылы мектепке бос орынның бары немесе жоқтығы алдын ала анықталады. Орын болса ауысуға анықтама алады. Мектеп оқушыны ХҚКО-нан мекен-жай негізінде қабылдайды. Балабақшаға орналастыру да орталық қызметі арқылы жүзеге асырылады.

– Үш ауысымдағы мектептердің мәселесі шешілді ме?

– Қала аумағы кеңейіп, халық саны артқан кейбір мектептердің тар екені байқалуда. Қалалық білім бөліміне қарасты 127 мектеп бар. Оның жетеуінде оқушылар үш ауысыммен оқиды. Ал біреуі апатты жағдайда. Білім ордаларының жетіспеушілігін жою мақсатында 14 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 8 мектептің үш ауысымға өту қауіпі бар. Сондай-ақ мектебі жоқ 6 елдімекен анықталды. Қазір апатты жағдайдағы №34 мектепке құрылыс жұмыстары жүруде. Жоспар бойынша алдағы үш жылда 34 білім ордасын салу көзделген. Бүгінде құрылысқа қажетті жер бөлу мен жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Егер жоспар жүзеге асса, 2020 жылға қарай үшінші мегаполисте мектеп мәселесі түгелімен шешіледі.

– Оқушыларға смартфон ұстауға тыйым салына ма?

– Жаңа оқу жылынан бастап, смартфонға тыйым салуды қолға алғалы отырмыз. Себебі балалар сабақ оқудың орнына партаның астына тығылып, ойын ойнап, әлеуметтік желілерде отырады. Шындығында оқушылар телефонға тәуелді. Тіпті кейбір балалардың сабақ оқуға ынтасы төмендеген. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында ерте жүктілік, өз-өзіне қол салу, қылмыстық оқиғалар көбейген. Мұның бір ұшы интернетті ұдайы пайдаланатындардың арасынан шығып отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында үлкен іс-шаралар жоспарын құрдық. Біз қала ішінде 14 қауіпті аймақты анықтадық. Жарықтандыруды қажет ететін 69 аула, қараусыз қалған 58 ғимарат, 24 үйдің жертөлелері бар. 54 мектептің жанында жаяу жүргінші жолдары салынбаған. 10 мектептің жанынан алькогольді өнім сататын 29 дүңгіршекті анықтап отырмыз.

– Елбасы мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқару керектігін айтқан еді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Облыстық білім басқарамасының 30 мектепті электронды журналға көшіру бойынша жұмысы басталды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей бастамасымен 29 мектепке электронды жобаны жүзеге асырып отырмыз. Яғни біздің 58 мектебіміз көшетін болады. Ақпараттардың бәрі компьютер арқылы қабылданады.

– Ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар қойылар талап та көп. Бүгінгінің мұғалімі қандай болуы керек?

– Мұғалім – баланың болашағына жауапты тұлға. Сондықтан ұстаз жауапкершілікті сезініп, сергек болуы тиіс. Мұғалімге қай кезде де ізденіс, өмір бойы оқу, білім алу қажет. Уақыт талабына сай, бәсекеге қабілетті ұлт болашағын дайындауға ең алдымен өзі дайын болу керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Среда, 17 Август 2016 07:30
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.