Балаңыз мектепке дайын ба? Избранное

Пятница, 19 Август 2016 08:30 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7482 раз

Қыркүйек айы жақындағанда жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас басталады. Өйткені, ата-ана балаларын жаңа оқу жылына дайындауға аз ақша жұмсамайтыны түсінікті. Оңтүстікте бір отбасында кем дегенде үш-төрт бала бар. Сондықтан, олардың барлығын мұнтаздай етіп киіндіріп, керек-жарақтарын алып беру ата-ананың қалтасына әжептеуір  ауырлық етеді. Осыған орай, жаңа оқу жылы қарсаңында баланы мектепке дайындау қанша тұратынын анықтап қайттық.

Әрбір ата-ана өз баласын қатарынан қалдырғысы келмейді. Әсіресе, 1 қыркүйекте перзентінің мектепке жаңа киіммен жарқырап барғанын кім қаламайды дейсіз? Мектепке дайындық – қызығы мен шыжығы көп шаруа. Өйткені, мектеп формасы мен құрал-жабдықтардың бағасы күн санап өсіп жатыр. Біз қаладағы базарлардың біріне барып, мектепке қажетті заттар мен форманың бағасын білмек болдық. Ең алдымен сабаққа қажетті кеңсе тауарларын сататын дүңгіршекке бас сұқтық. Базар сатушысы көздің жауын алатын заттарды рет-ретімен орналастырып жатыр екен. Онда өшіргіштен бастап, дәптерлер мен бояулардың неше түрін таңдап алуға болады. Олардың қай елде шығарылғанына қарай, бағасын сатушы түгілі сатып алушының өзі-ақ шамамен бағамдай алады. Базарда бірнеше жылдан бері саудамен айналысып жүрген Бекзат Шекербековтің айтуынша, ата-аналар тамыз айынан бастап, балаларын мектепке дайындауға қамдана бастайды. Ал қыркүйек айына бірнеше күн қалғанда сауда әдеттегіден де қыза түседі.

– Менің ойымша, базарға бірнеше баласы бар және табысы орта азаматтар келеді. Кейбір отбасылар жоспарлаған ақшасын жеткізе алмай, кеңсе тауарларының арзанын алуға мәжбүр. Мәселен, Қытайдың кейбір заттары сапасыз. Атап айтар болсам, қаламдары жақсы жазылмайды, ұштаған кезде сынып, тез таусылады. Ал ермексаз баланың қолына жағылып, киімін былғайды. Ал ресейлік тауарлардың сапасы жақсы. Сатылымда әртүрлі бағадағы мектепке қажетті заттар бар. Әрине, сапалысын ұсынуға, олардың арзан тауардан артықшылықтарын айтып түсіндіруге тырысамын. Бірақ әркім өз қалтасына қарай көсіледі, – дейді сатушы.
Қазірдің өзінде базар іші ығы-жығы халыққа толы. Бір емес, бірнеше баласын ерткен қара құрым халық. Солардың арасында Динара Ізтілеуова да бар. Төрт баласына мектепке қажет заттарды алу үшін бас-аяғы 100 мың теңге жұмсапты. Қалтасындағы бар қаражаты таусылған соң, үйіне қайтып жатқан беті екен.

– Балаларымның үлкені тоғызыншы сыныпқа өтті. Ал кенже қызым биыл бірінші сыныптың табалдырығын аттамақ. Жүз мың теңгеге төртеуіне ең қажеттілерін ғана алып бердім. Спорт киімдері мен аяқ-киімдері алынбады. Әдетте, ауыстырып киетін екі-үш көйлектен алатын едім. Киімнің бағасы өткен жылға қарағанда 300-500 теңгеге қымбаттаған. Мәселен, ақ жейденің бағасы 2500-3000 теңге аралығында. Одан да арзанын табуға болады. Бірақ матасы өте нашар. Баланың денесіне жабысып, терлетеді. Шалбарды 2000-3000-нан саудалап жатыр. Ал костюм мен шалбарды бірге алсаңыз, 7,5 мыңнан 12 000 теңгеге дейін жетеді. Ел мақтаған Түркияның емес, Қытай мен көрші Қырғыз елінде шығарылған киімдердің сапалысын таңдап алдым. Керек-жарақтың бірқатарын түгелдей алмай қалдым. Ұсақ-түйек заттарды алуға келесі айда тағы келемін. Оған дейін күн салқындап қалады. Сосын жылы киімдерін түгелдеу керек, – дейді көпбалалы ана.
Динара Ізтілеуова оқу құралдарының өзіне 20 мыңнан астам теңге жұмсапты. Оның өзі бір оқу жылына жетпейді. Таусылған соң, оқу жылының ортасында тағы да жаңалау қажеттігін айтты.

Сонымен, базар нарқына тоқтала кетсек. Дәптер бағасы 5 теңгеден 7 теңгеге дейін. Түрлі-түсті қаламдар 150 теңгеден басталып, 800 теңгеге дейін барады. Ал сурет салатын альбом – 150-300 теңге. Қалың дәптерлерді 50-130 теңгеге алуға болады. Қалам салатын пенал 250-1800 теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек бұл тізімнің қатарына өшіргіш, қайшы, ермексаз, фломастер, бояу, қалам ұштағыш, желім секілді заттарды да түгелдеу қажет. Сөмкелердің ең арзаны – 1,5 мың теңгеден 5000-ға дейінгі аралықта. Сапасы бұдан да жақсысын әпергіңіз келсе, 10 мың теңгеден асатындары да бар.

Жалпы айтқанда, қала базарларында Ресей, Қытай және Қырғызстан тауарларының бағасы қолжетімді болған соң, сұраныс та көп. Жалпы, баланы мектепке дайындау үшін әрбір ата-ана талғамы мен қалтасына қарай жоспар жасайтыны белгілі. Статистика бойынша, шымкенттіктердің орташа айлық жалақысы – 84 179 теңге екен. Арамызда 30-40 мың теңге үшін де таң атқаннан, күн батқанға дейін еңбек етіп, балаларын асырап жүргендер қаншама? Сонымен, бір баланы киіндіріп, ең қажетті ғана заттарын алып беру үшін кемінде 50-60 мың теңгеге шығындалу қажет. Ал бір отбасында бір емес, бірнеше баланың барын ескерсек, оларды жаңа оқу жылына дайындау қыркүйек айы жақындаған сайын өзекті бола түседі. Тек, көңілге медеу болары, ата-аналар оқулықтарды сатып алмайтын болды. Өйткені, қалалық білім бөлімінің басшысы барлық мектептерде оқулықтар жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.