Мектептер жаңа оқу жылына дайын Избранное

Пятница, 26 Август 2016 09:03 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7945 раз

Шымкент қалалық әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде негізінен екі мәселе – қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы және қаладағы жастар саясатын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Алдымен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева білім орындарының дайындығы жөнінде баяндады. Жанат Арысбекқызының мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында 4 мектеп, 1 балабақша пайдалануға беріледі. «Қаратөбе» елдімекеніндегі жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, бүгінде 3 мектеп пен 3 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 127 мектеп, 87 балабақша жаңа оқу жылына дайын.

– Оқу жылының басталуына бір апта қалды. Жұмысты тездетіп бітіруді қадағалаңыздар. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда тұр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жергілікті полиция қызметімен бірлесе қай жерлерге жол өткелдері қажеттігін зерделеңіздер. Сіздерде әлі уақыт бар. Бітпеген қауіпсіздік нысандарын тезірек аяқтау керек, – деді қала әкімі.

Екінші мәселе бойынша қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сәрсеева атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды. Қала әкімі қаладағы жастар саясатын дамытуда үш негізгі бағытқа назар аударуды тапсырды. Бірінші, жастарға дұрыс білім берілуі тиіс. Одан кейін жұмыспен қамтуды үйлестіріп және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға көңіл бөлу қажет.