×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 23

Ұрпақ тәрбиелеу – өнегелі іс

Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:33 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5782 раз

Мектеп табалдырығын имене аттап, айналасына тосырқай қарайтын бүлдіршіндерді анасындай құшағына тартатын бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі ұшан-теңіз... Кітап бетіндегі бейтаныс суреттер мен жыбырлаған жазуды еркетотай баланың санасына құйып үйрету, сөйтіп білімнің шыңына қарай сүйрелеу тау қопарғанмен бірдей жұмыс. Баланың білімді болмағы ұстазына байланысты. Ертең есейгенде ол өзіне әліппиді үйреткен алғашқы мұғалімін өмірлік үлгі тұтып, мақтан етеді. Ұстаз еңбегінің ақталғаны да осы...

15shkola

Ал 24 жылдан бері бастауыш сынып балаларына білім беріп келе жатқан қаладағы №15 мектеп-лицейдің мұғалімі Ақмарал Сарсеқұлова осындай ерен еңбектің иесі.
– Білімнің бастауы саналатын бастауыш сыныптың мұғалімдеріне артылар міндет пен жауапкершілік қазір жоғары. Еліміздің білім саласына жасалып жатқан реформалар бастауыш сыныптан басталады. Бүгінде балаларды жаңа бағдарлама бойынша оқытудамыз. Бұл бір жағынан мұғалімдерге жеңілдеу тиіп жатыр. Өйткені, оқулықтар түгелденіп қалды, тілі де жеңілдеу. Сондықтан балаларға толыққанды білім беруге мүмкіндік бар. Оның үстіне 1 сынып оқушылары бес күндік оқу бағдарламасына көшті. Қазір суреттермен жұмыс істеп жатырмыз. Енді әріптермен таныстыруды бастаймыз, – дейді А.Ордалықызы.

Баланың сауатын ашу, дүниетанымын кеңейту күнделікті атқарылатын жұмыс. Осылайша бала төрт жыл бойы бір ғана мұғалімнен білім нәрін алады. Ақмарал Сәрсеқұлованың оқыту әдістемесі баланың білімін ғана емес оның шығармашылық ой-қиялын, тіл байлығын шыңдауға бағытталған.

– Баланы сағаттап кітапқа шұқшитып, еңсесін басып тастауға болмайды. Бала не нәрсеге қабілетті екенін білу үшін түрлі сайыстарға, жарыстарға қатыстыру арқылы да анықтауға болады, – дейді ол. – Мен көбінесе балаларды түрлі үйірмелерге қатыстырып, жарыстарға жіберіп отырамын. 2-3 сынып оқушыларына ғылыми жұмыс жасатамыз. Балалар жыл сайын «Жас ғалым», «Ақбота» фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Сондай-ақ, қосымша білімін толықтыру үшін кітапханаларға жиі барып тұрамыз.

Ақмарал Ордалықызы осы жылдар ішінде атқарған жұмысы мен іс-тәжірибесі бойынша мектеп мұғалімдері арасында үлгілі саналады.

Қалалық білім бөлімі тарапынан берілген Алғыс хаттарға ие болса, «Жас ғалым» журналының «Үлгілі ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.

Иә, мұғалім мәртебелі мамандық. Ұрпақ тәрбиелеу – өнегелі іс. Бұл мамандықты өзіне қасиет тұтқандар ғана үдесінен шығып, биік шыңынан көріне алатынына, сүйіспеншілікпен атқарылған жұмыс қашанда өз жемісін бермей қоймайтынына кәміл сеніңіз. Өйткені ұлы ғұлама Лев Толстойдың «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз» деуі де бекер емес шығар.