Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Онда қалалық білім бөлімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында атқарылған жұмыстары жөнінде қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева баяндама жасады.
Өз баяндамасында қаланың бас ұстазы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында білім ұяларындағы түрлі тіркеулерді электрондық жүйе арқылы жүргізу керектігін айтып өтті. Ол үшін жасөскіндерді балабақшаға, балаларды 1-сыныпқа қабылдау және де білім беру мекемелеріне жұмысқа орналастыру жағы арнайы сайт арқылы жүргізіліп, талап-ережелерге сай әділ түрде іріктеліп алынатын болады.
Сонымен қатар, ата-аналар «SMS» қызметі арқылы балаларының сабаққа қатысқан-қатыспағандығын біліп отырады. Бұл қызмет түрі мектеп, ата-ана, оқушының арасында үзіліссіз байланыс орнатып, шәкірттердің оқу үлгерімі, тәртібін қадағалауға септігін тигізеді.