TEDx – Шымкент қаласында Избранное

Среда, 01 Март 2017 05:59 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 8422 раз

TED – «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясын басшылыққа алған Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жиын өткізді. Шарада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің TEDхShymkent жобасы жалпы орта мектептерге таныстырылды. Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Балқан Қасымов «TED» клубының мақсаты мен міндеттеріне қысқаша тоқталды.

IMG 4000

– Өзінің бастамасын 1984 жылы АҚШ-тан алған жобаны біздің мектептерге енгізудегі басты мақсат – оқушылардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастар, шешендік өнерді дамыту, алуан түрлі көзқарастар мен пікірлерге құрметті қалыптастыру. Клуб жұмысы аясында оқушылар әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен өнертапқыштарының қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі қысқаша қоғамдық лекцияларын тыңдап, оларды талқылайды. Сондай-ақ, өздері таңдаған тақырыптарға TED форматында баяндамалар дайындайды, – деді Балқан Маратұлы.

Ал осы мектептің «TED» клубының ұйымдастырушысы Рауза Үсенова жыл сайын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің TED клубтары арасында үздік идеялар жарысы өткізілетінін айтты. Осы жарыстан озық деп танылған идеялардың иесі, әр мектептен бір оқушы Калифорнияда өтетін жыл сайынғы ТED конференциясына жолдама алып, әлемнің озық ойлы өнертапқыштарымен жүздеседі.

IMG 4887

TED «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясын басшылыққа алған бірнеше оқушы өз баяндамаларын оқыды. Олардың арасында 7 «Б» сынып оқушысы Нұрғаным Спатай «Өмірге құштарлық», 10 «Б» сынып оқушысы Аружан Бисенбай «Жақсылық жаса!», 9 «А» сынып оқушысы Ақбота Жайылхан «Интроверсия», 11 «К» сынып оқушысы Аида Құрбан «IELTS» сияқты қызықты тақырыптарда өздерінің баяндамасын жасады. 

Мұндай шаралар оқушының мүмкіндігін шынайы бағалай білу, таным кеңістігін, ой-өрісін кеңейту секілді дағдыларды қалыптастырып, сол арқылы оқушының тұлға ретінде дамуына үлес қосатыны сөзсіз.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.