Версия для печати

Жастар «Серпінмен» оқып жүр

Среда, 12 Апрель 2017 06:22 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5372 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әдетте шетелден жұмыс іздеп келгендерді мигрант дейміз ғой. Бүгінде өз елімізде жастар миграциясына түрткі болу үшін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша «Серпін-2050» бағдарламасы қабылданғанын білеміз.

aqparat 28

Елбасы өзінің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының негізінде: «Елімізде жұмыс орындарын құрудамыз, жаңа өндірістер салудамыз. Сондықтан, жұмыс бар жерге бару керек» – деп көрсеткен болатын. 

Қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында бала туу деңгейі жоғары, өзге өңірлерден көшіп келушілер саны да көп. Мұның салдарынан жұмыссыздық мәселесі туындайды. Әлеуметтік мекемелер, тұрғын үй, мектеп, балабақша жетіспеуінің өзі өте өзекті мәселе. Оқу бітіріп жұмыссыз қалғандардың саны өсуде. Мектеп бітіргендер колледждерге оқуға түсе алмайды, себебі үміткерлер саны көп, орын жетіспейді. Еңбек күшінің артып тұруына байланысты кадрлық сұраныстың азаюы – нарық экономикасының заңдылығы. Керісінше, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс облыстарында еңбек ресурсының тапшылығы қатты сезілуде. Ең басты себеп туу денгейінің төмендігі және сыртқа көшіп кету (эмиграция). Сол өңірлердегі өндіріс орындары еңбек күші жетіспеушілігінен өз әлеуетін толық іске асыра алмай отыр.

Жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздікті шешу үшін қабылданған бағдарлама 2014 жылдан бері іске асып келеді. Оңтүстіктің жастары солтүстік, орталық, шығыс пен батысқа барып, тегін білім алып, жоғары шәкіртақыға ие болып, жақсы мамандық алып шықпақ. Жобаның алғашқы қарлығаштары келер жылы, яғни, 2018 жылы оқуын тәмамдап, индустрияландыру шарасына қатысады. Солардың бір парасымен таныс болсақ.

polsha-2

Білім алуға барлық жағдай жасалған

Шығыс Қазақстан облысында 1000-нан астам орта және ірі ауыр, түрлі-түсті металлургия өнеркәсіп мекемелері мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлесін қосып отыр. Бұл өңір тарихи қалыптасқан табиғат жағдайымен, флорасы мен фаунасының байлығы, ландшафт ерекшеліктерімен таңғалдыратын өлке. 

Осы табиғи бай өлкеде көптеген оқу орындары тарихи қалыптасып, еліміз үшін мамандар даярлайтын сенімді де сапалы білім оқу ордаларына айналған. Шығыс аймағында 11 орта кәсіптік білім беру колледждерімен қатар 5 жоғары оқу орындары бұл мемлекеттік шараға тікелей қатысуда.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті мемлекетіміздің 24 жоғары оқу орындарының қатарында ұзақ мерзімді стратегияны іске асырып келеді. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! – «Серпін – 2050» атты әлеуметтік жобасы аясындағы бағдарлама шеңберінде 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау облысынан келген талапкерлерді оқыту үрдісіне араласып, тегін оқытуды қолға алған.

Бес өңірден келген студенттердің бәрі де жатақханамен, жол, шәкірт ақысымен, медициналық қызмет көрсетумен қамтылған. Бағдарламаның түбегейлі міндеті – студенттерге білім берумен қатар, қызмет орнымен кепілді түрде қамсыздандыру, өңірде қалып қызмет атқаруға ниет білдіргендерге қолдау көрсету. 

– ШҚМУ 2014-2015 оқу жылы – 138, 2015-2016 жылы – 175, 2016-2017 оқу жылында 155 талапкерді студенттер қатарына мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылдады. ШҚМУ-де жалпы «Серпін» бағдарламасы бойынша 462 студент білім алумен қатар, студенттік ғылыми, қоғамдық жұмыстармен шұғылдануда. «Серпін» бағдарламасының аясында оқитын 462 студенттің 444-і жатақханамен (студенттер үйі) қамтамасыз етіліп, барлықa тұрмыстық жағдай жасалған. ШҚМУ қабырғасында серпіндік студенттер 21 мамандық бойынша білім алуда, – дейді аталған университеттің стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Анар Мырзағалиева.

IMG-20170210-WA0028

Шетелге тәжірибе алмасуға жібереді Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде биылғы 2016-2017 оқу жылында 18 серпіндік студент оқып жатыр. Дәл қазіргі уақытта оның он шақтысы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Польша мемлекетінің Белосток қаласындағы Қаржы және басқару жоғары мектебінде І семестрге жіберілген. Сарыағаштық Арайлым Омар – аталған университеттің «Ақпараттық технологиялар және экономика» факультетінің 1 курс студенті. 

– Біз үшін аудиториядағы сабақтардан тыс, қала бойынша қызықты экскурсиялар, бизнес-жобаның аясындағы түрлі компаниялар мен кәсіпорындарға бару жоспарланған, – дейді Арайлым. «Семейдегі ҚИГЗУ жастарға тегін әрі сапалы жоғары білім беріп қана қоймай, студенттерін шетелдерге тәжірибе алмасуға жібереді. Алдағы күзде академиялық ұтқырлық бойынша студенттердің екінші легін шетелге жіберу жоспарда», – дейді ректор Шырын Құрманбаева.

 

Ешқайсысы жұмыссыз қалмайды

pikir 28-2Ал Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінде биыл 210 студент «Серпін» бойынша білім алуда. Оқу ордасының әкімшілік департаментінің директоры Мәншүк Бейзелдинова «Серпін – 2050» жобасы жастарға үлкен мүмкіндіктер туғызып, өмірден өз орнын тауып кетуіне даңғыл жол ашатынын айтады. 

– «Серпін – 2050» жобасы бойынша биыл екінші жыл студенттерді қабылдап жатырмыз. 2014-2015 оқу жылы пилоттық жоба болғандықтан қатыса алмадық. 2015-2016 жылы 13 мамандық бойынша 440 студент алдық. 2016-2017 оқу жылында 214 жасты қабылдадық, қазір 210 шәкірт оқып жатыр. Екі жылда 602 студент аталмыш бағдарлама бойынша білім алуда, – дейді Мәншүк Зекенқызы. 

Әкімшілік департаменті директорының айтуынша, техникалық университет болған соң, оқу-әдістемелік құралдары, техникалық жабдықтаулар талапқа сай. Университетте үш жатақхана бар. Серпіндіктердің барлығы 100 пайыз жатақханамен қамтылған. Жатақханадағы жайлы жағдай ондағы әр бөлмедегі интернет пен теледидар, тоңазытқыш жастардың алаңсыз білім алуына, ізденуіне мол мүмкіндік. 

Бұл университетте металлургия, жер туралы ғылым, құрылыс, халықаралық мектеп, бизнес және ақпараттық технологиялар сияқты 5 факультет бар болса, соның бесеуінде де серпіндіктер оқиды. ОҚО, Қазығұрт ауданынан барған Аяжан Аюбай – геодезия және картография мамандығының 2-курс студенті. 

pikir 28– Ай сайын 20 000 мың теңге шәкіртақы аламыз. Оқуды бітіргесін, осында жұмысқа қалсам деймін. Себебі, мұнда өнеркәсіп орындары көп. Университет жұмысқа бағыт-бағдар береді, – дейді ол. 

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын осы бағдарлама бойынша оқуға түскен түлектер саны артып келеді. Былтыр 19 жоғары оқу орнына бөлінген 5000 гранттың 2580-ін, ал 34 кәсіптік-техникалық колледжге бөлінген 1200 гранттың 359-ын жеңіп алған болатын. 

– Биыл да құжаттарын көптеп тапсырады деген үміт басым. Шымкентте «Серпін» бағдарламасына өтініш қабылдау шілде айының ортасына таман М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде жүргізілмек, – дейді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сейітжапбаров.

ЖОО-лар мен колледждердегі мамандықтар туралы толығырақ танысу үшін www.serpin-2050.kz сайтына кіріп, оқуға болады.

Тобықтай түйін. Талапкер! Егер сіз ҰБТ-дан аз балл жинап қалсаңыз, көңіліңізді түсірмеңіз! «Серпін-2050» жобасы бойынша ұсынылып жатқан мамандықтар еңбек нарығында тапшы, еш қиналмастан жұмыс табуға болатын мамандықтар. Ендеше, «Серпінмен» тегін оқып, 100% жұмысқа орналасуға ұмтыл, жас түлек!

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.