Экомобиль, экокиіз үй және ақылды жылыжай

Среда, 19 Апрель 2017 11:11 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6911 раз

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептебінің оқушылары ойлап шығарған ғылыми жобалар кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. «Креативті самғау» шығармашылық идеялар фестивалінде қандай жұмыстар таныстырылмады десеңізші?! Байқаудың ашылуында мектеп оқушылары әр түрлі үлгідегі зымырандарды ұшырды. Оны балалар қолдан жасап, ұшыру әдісін жетік меңгерген. Арасында бөтелкеден жасалған зымырандарды да көзіміз шалды.

IMG 2056

8 «F» сыныбы оқушыларының қолынан шыққан «Экомобиль» көлігінің өзі не тұрады?!. Үндістанның қоғамдық орындарда жүретін күймелеріне ұқсайтын аталған көлік түрін оқушы жасап шығарды дегенге алғашында сене қоймайсыз. «Пердесі жаздыгүні масадан қорғайды әрі ішіндегі безендірілген заттары эстетикалық әдемі түр береді», – дейді жоба жетекшісі Бақыт Амалбекова. 

7 «А» сыныбының «техникалық кілем-ұшағы», тіпті, кісі қызығарлықтай. Сынып оқушылары оны бар-жоғы екі-ақ сағаттың ішінде жасап шығарған. Ал 7 «F» сынып оқушысы Марғұлан Беркінбаев «Жеңіс» атты экомобиль көлігін ойлап тапқан. Дөңгелек орнына скитбордты, орындық орнына қорапты пайдаланған. Марғұланның айтуынша, бұл экомобиль аса жылдам жүрмесе де, көлік ретінде пайдалануға тұрарлық. 11 «С» сынып оқушысы Әнуар Ардақ болса, «Сары найзағай» атты көлігіне 2 ай уақыт жұмсағандарын айтады. Сынып болып атсалысқан аталған жоба жылдамдығы жөнінен мектеп бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл экомобильдердің барлығы да дәстүрлі түрде өтетін «Экомобильдердің креативті айналымы» байқауында бақ сынап отыр. Көліктердің жылдамдығы мен техникалық мінездемесіне қойылатып талап жоғары, қуаты екі немесе одан да көп адамның мінуіне лайықталған, экоотынмен жүретін болуы қажет. 

IMG 1824

Экомобильдерден бөлек, «Креативті самғау» фестивалінде 150-ге жуық ғылыми жобалар таныстырылды. Мәселен, 10 «В» сынып оқушысы Назым Зиябек ваннаға арналған сабынды көпіршік жасапты. Дәл осындай көпіршік жасайтын «Bubble mashine» құрылғысы – 7 «Д» сынып оқушысы Жәнібек Омаровтың жобасы. 

Айдана Тұрлыбекова (11 «F» сынып оқушысы) қатты тұрмыстық қалдықтарды қайда өңдеуге арналған биогаз алу жолдарын ойлап тапқан. Биогаз алу үшін өзен суы мен карбонат кальцийі, тыңайытқыш үшеуін қосса, энергия күшейеді екен. Биогаз әлем бойынша пайдаланылғанымен, біздің елімізде әлі де қолданысқа енгізілмеген. 

IMG 2521

Ал таза суды үнемдеу үшін бау-бақшаға қажет кезінде жаңбыр суын қолданған қандай жақсы!.. 7 «С» сынып оқушылары Медина Бектөре мен Арайлым Айтжан сондай жаңбыр суын тиімді пайдалану мақсатында «Сужинағыш құрал» ойлап тауыпты. Бұл құралды тамның төбесіне қойып, су өткізгіштер арқылы бақшаны суаруға болады. Жібек Нұржігіт пен Мөлдір Сапарқұл – улы емес акварель бояуының авторлары. Акварель улы болмас үшін қыздар жүгері крахмалы, сода, сірке суы және тағам бояғыштарын пайдаланған. «Бұл бейнелеу өнеріне қызығатын балалар үшін өте пайдалы, арзан әрі тиімді, табиғи түс береді», – дейді авторлар. 

Байқауда ерекше жобалардың бірі 7 «Е» сынып оқушылары Дана Батырбекова мен Әсел Ахаттың күйзеліске қарсы топтамасы болды. Шоколад, пісте, банан, апельсин, таңқурай мен жержаңғақ күйзелістен тез арылуға көмектеседі екен. «Бұл азық-түліктер тек антистресс емес, адам ағзасына өте пайдалы. Әсіресе, шоколадтың құрамында бақыт гормондары бар. Ғалымдар Британияда тегін шоколадтар таратып, оның ағзаға әсерін зерттеген. Осыдан кейін ол жақтағы қылмыс деңгейі 60 пайызға төмендегенін байқаған», – дейді Дана мен Әсел. 

IMG 2359

Ғалымдар әйелдер гардеробында синтетикалық киімдерге қарағанда жүннен тігілген киімдердің көп болғанын құп көреді. Өйткені, ол денсаулыққа пайдалы. Жүн жылу ұстағыш қасиетке ие. Тек демікпемен ауыратын адамдарға ғана ұсынылмайды. Ал артрит, артроз ауруларына таптырмас емнің бір түрі. Балаға ойыншық жасап беруге де болады. 7 «А» сынып оқушысы Дариға Түгелбайдың «Жүннен жасалған бұйымдар» жобасынан жүннің осындай тиімді тұстарын білдік. 

«Экокиіз үй». Нұрсұлтан Байжановтың (11 «А» сынып оқушысы) аталған жобасы тек бөтелкеден жасалған. Экокиіз үйді жасау үшін ол 700 бөтелке жұмсапты. 

IMG 2359

– Қазір Қазақстанда статистика бойынша қоқыстың 40 пайызын бөтелкелер құрап отыр. Сол бөтелкелерге екінші өмір беріп, игі мақсатта жұмсау – жобаның мақсаты, – дейді жас ғалым. 

– Өз жұмысын өзі атқаратын «Ақылды жылыжай» көріп па едіңіз?! Іштегі температураны да, ылғалдылықты да, су деңгейін де өзі реттеп отырады. «Бұл жобаның маңыздылығы сонда, қазір Шымкентте адам саны көбеюде, яғни, 1 миллионға жуықтайды. Бұл дегеніміз – халыққа сапалы өнім мен су үнемдеуді қажет етеді. «Ақылды жылыжай» арқылы суды да үнемдейміз әрі сапалы өнім аламыз, – дейді Сымбат Қанай мен Дана Нуралиевалар. 

IMG 2236

Мектеп директоры Қарагөз Әбдірахманованың пайымдауынша, «Креативті самғау» шығармашылық идеялар фестивалі діттеген мақсатына жетіп келеді. Мектептің ішкі байқауы осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп, тақырыбы «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналды. Балалар ізденіп, ғылыми жұмыс жасап, тәжірибеге енгізуді үйренді. Тек техникалық пәндерден емес, қазақ тілі мен әдебиетінен де ерекше жұмыстар таныстырылды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.