Қарағайға қарап тал өсер...

Среда, 26 Апрель 2017 09:56 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7076 раз

Шымкентте «Отбасы – бақыт мекені» атты облыстық форум өтті. Форумның әдістемелік көрмесінде қаладағы бірнеше мектеп оқушыларының Күн энергиясының тиімділігін арттыруға байланысты ғылыми жұмыстары қойылды. Атап айтар болсақ, «Энергетикалық кешен», «Робот көлік», «Жел электр станциясының моделі», «Шатыр арқылы жылу алатын үй», «Кедергілерді сезетін робот машина», «Қашықтықтан суғаратын құрал», «Күн батареясы арқылы жүретін тасбақа, «Ультрадыбысты сенсорлы робот», «Қашықтықтан басқарылатын машина», «Массаж жасаушы» іспетті жобалар оқушылардың өз қолымен жасалған.

20170421 100036Өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жиынға 700-ге жуық адам қатысты. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашева бала тәрбиесінде отбасының алатын орнына тоқталды.

– Өмірлік тәжірибе дәлелдеп отырғанындай, баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал ететін фактор – ата-ана. Отбасы балаға рухани ұлттық дәстүрлерді үйрететін бір мектеп. «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала әке-шешесінен көргенін айнытпай қайталап, бойына сіңіреді. Жаһандық даму үдерісіне негізделген ұлттық құндылықтардан алыстап, әлемдік мәдени үрдіске ұмтылған тұста, өкінішке қарай, бала тәрбиесін біршама босаңсытып алдық. Біз ұлттық өрлеуді өмірінің өзегі еткен халықпыз. Сондықтан бүгінгі басты мақсатымыз ұрпақ тәрбесі болуға тиіс, – деді Раушан Естілеусқызы. 

Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Есімхан Бертаев та отбасы тәрбиесіне қатысты ойын ортаға салды.

20170421 100054– Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің басты бөлігі. «Қарағайға қарап тал өсер, отбасыға қарап бала өсер». Ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасына қарап өсетіндігі, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті, қалай тамақтанатыны туралы ұсақ-түйекке дейін бала тәрбиесіне әсер етеді. Баланы ұрып-соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен мысал келтіре отырып түсіндіру керек. Баланы адамгершілікке, ұқыптылыққа, әдептілікке, жауапкершілікке сөзбен жеткізе отырып тәрбиелеу қажет. Қай заманда болмасын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Тәрбиенің мақсаты – пәнді керемет оқитын оқушыны емес, адамды тәрбиелеу, – деді Есімхан Қалмаханұлы. 

Бұдан кейін сөз алған ОҚО прокуратурасы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі Бекжан Балқыбеков күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселеге байланысты жасөспірім тәрбиесіне кері әсер ететін бірнеше фактор келтірді. 

20170421 100112– Балаға дұрыс тәрбие беру үшін бірнеше кері әсер ететін жәйттар бар: отбасындағы жанжал мен орынсыз дау-дамайлар бала психикасына кері әсер етеді. Отбасындағы түсініспеушілік баланың бойында эмоциялық жайсыздықтар тудырады. Алғашқыда баланың адаптациялық қабілеттері төмендейді. Үлгерімі нашарлайды, қызығушылық деңгейі бәсеңдейді, көңіл-күйі орнықсыз, ашуланшақ болады. Күйзелістен өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінбейді. Өйткені, әлі есейіп үлгерген жоқ. Жасөспірімдер көп жағдайда мәселені терең түсіне алмай, күйзелісте болады. Олардың бойында құндылықтар жүйесі әлсірейді. Қолайсыз отбасы, ауыр психологиялық климат, ата-аналар арасындағы ұрыс-керістер, алкоголизмге ұрыну, ата-аналарынан айрылу, жасөспірімнің өз бетімен кетуі, үлкендер тарапынан қамқорлыққа ие болмау, қоршаған ортаның күлкісіне қалу, үлкендер тарапынан оның кез келген әрекетін сынға алу, нәтижелерімен қанағатсыздану, достарының жоқ болуы, топтан алшақтану, оқуда үлгерімі төмендеу, үлкендермен қарым-қатынасының нашарлауы, осының барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты орын алады, – деді. 

Облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Әнуарбек Бейсе де бұл тақырыпқа байланысты біршама тың деректер келтірді. Мәселені арыдан қозғады. 

– Мектеп жасындағы қыздардың жүктілік фактілерінен де адам шошиды. Республика бойынша 800-ге жуық жасөспірім қыз ерте жүкті болса, соның 18-і – біздің Шымкентте. Ана сүті аузынан кетпей жатып, өз-өзіне қол жұмсау фактілері де жыл сайын артуда. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, 2015 жылы – 90, 2016 жылы – 89 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған. Осыдан 20 жыл бұрын мұндай жағдайды естісек, таңғалар едік. Қазір қалыпты жағдай ретінде қарайтын болдық, – деп Әнуарбек Қабылбекұлы барлық келеңсіздіктер ата-ана тәрбиесінің аздығынан орын алып жатқанына тоқталды. – Мектепте оқушы жарты-ақ күн болады. Сосын мектеп жиналысына ата-аналардың 60 пайыздайы қатыспайды. Бала тәрбиесіне немқарайлы қарайтын ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартса, сосын мектептерде ата-аналар комитеті отыратын бір кабинет берілсе, – деді ол. 

20170421 094729

Жиынның қорытынды бөлігінде мынадай ұсыныстар айтылды: аудандық, қалалық білім бөлімдері тарапынан ата-аналар форумын өткізу, ата-аналар кеңесінің жұмысын жетілдіру, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін, сауаттылығын арттыру мақсатында әрбір мектептің базасында қоғамдық негізде жұмыс атқаратын «Отбасы орталығын» ашу, білім беру ұйымдарында оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру, үйірме жұмыстарын жетілдіру.

Форумнан түйген ойымыз, «Мәңгілік елдің» ұланын тәрбиелеуге сіз бен біз, жалпы қоғам ыждаһаттылықпен, аса бір нәзіктікпен іс-әрекетке көшуіміздің қажеттілігі туындап тұр. Ол іс-әрекет әрбір ата-ананың баласының өміріне жауапкершілігі мен уақыт бөле білуінен бастау алады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.