Түлектер оқу жылын жаңа форматта аяқтайды Избранное

Пятница, 19 Май 2017 04:13 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4666 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде білім саласының бүгінгі ахуалы жан-жақты талқыланды.

591c5f6f8bfdf

Қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, биыл 5059 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда мың оқушыға артып отыр. Олардың ішінде 254-і «Алтын белгіге», 173 – үздік аттестатқа үміткер. Ал шетелдің ЖОО-на түскендері – 193, колледжде білімін жалғастыратындар – 894, денсаулығына байланысты ҰБТ-ға қатыспайтындар – 14, ҰБТ нәтижесін қажет етпей ЖОО түсетіндер – 377, тест тапсырмай жұмыс істеуге ниет білдіргендер – 894. 

Сонымен қатар, мәжілісте оқу жылын аяқтаудың жаңа форматы да талқыланды. Алғашқы кезеңдегі мектепте тапсыратын қорытынды аттестаттау 29 мамыр мен 9 маусым аралығында 5 пән бойынша өтеді. Оның 4-і міндетті пән болса, біреуіне түлек өз таңдауын жасайды.

Екінші кезең – Ұлттық біріңғай тестілеу, яғни, ЖОО-на түсу үшін тапсырылатын емтихан. Ескі жүйе бойынша түлектер 4 міндетті және 1 таңдау пәнінен тапсырған болса, биылдан бастап таңдау пәні екеу, міндетті пән 3 болады. 1 – блокта тест математикалық сауаттылық, Оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихынан өтеді. Әрқайсысынан – 20 тапсырма. Негізгі пәндерде әрбір сұрақтың 5 жауабынан 1-і дұрыс. 

591c60955489e

2 – блокта 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Мұнда 30-30-дан 60 сұрақ. Алғашқы 20 сұрағында 5 жауаптан 1-і дұрыс. Ал соңғы 10 сұрағында 8 жауаптан 3-і дұрыс. Сонда жалпы тапсырма саны 120 болса, максималды балл – 140. Тестілеу уақыты – 3 сағат, 50 минут.

Бұдан бөлек ҰБТ кезінде оқушылардың тәртібін қадағалау мақсатында министрліктің тапсырмасынан сәйкес 18 жаңа үлгідегі 4G жиілігіндегі тұншықтырғыштар сатып алынған. Сонымен қатар, тестілеу пункттерінде 80 ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыш, 6 рамалы металіздегіш, 42 салқындатқыш, 6 бейнетіркегіш, 43 бейнекамерамен жабдықталған.

Айта кетейік, биыл ҰБТ Шымкент қаласында үш нысанда – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясында және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында өтеді. 

Жиын барысында түлектердің ҰБТ-ның жаңа форматына дайындығы да айтылды. 

– Бұл бағытта қала оқушыларын ҰБТ күні қобалжымай, жаңа үлгідегі тестке үйрету мақсатында алдын ала «Ustudy» орталығында дайындық жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, 11 сыныптарды дайындайтын мұғалімдер, жоғарғы санаттағы ұстаздарға ауыстырылған, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.

 

Түлектер автошеруіне тыйым салынады

Тағы бір ерекше айта кетер жайт, мәжілісте Ж.Тәжиеваның мектеп бітірушілердің 25 мамыр күні жасайтын көлік шеруіне шектеу қойып, түнгі клуб, мейрамхана, бар, кафелерде бақылау күшейтілсе деген ұсынысын жеткізді. Осыған орай, Ғ.Әбдірахымов 25 мамыр күні оқушылардың көлік шеруіне тыйым салынатындығын мәлімдеп, мектептердегі ата-аналар комитетіне түлектермен жиналыс өткізіп, оқушыларға ескертуді, ішкі істер қызметкерлеріне рейд жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

 

Мектепке электронды түрде қабылдайды

Жиында балаларды жаңа бағдарлама негізінде мектепке қабылдау жұмыстарының жағдайы да талқыланды. Аталған жүйе бұған дейін балабақшаларда сәтті жүргізілген. Енді осы үлгі арқылы мектепке де қабылдау жұмыстары пысықталуда. Бұл жүйе мектептегі орынға таласуға, кезек күтуге және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. 

Осыған орай, қалалық білім бөлімінің сайтында mektep.edu.kz порталы іске қосылған. Онда мектептің мекенжайы, паспорты, білім ордасы мен мұғалімдердің рейтингісі секілді ақпараттарды көре аласыз. Бүгінде мектептерде ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, электронды құжат тапсыру жолдары үйретілуде.

Айта кетейік, ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау 1 маусым мен 30 тамыз аралығында жоспарланған. 

Мәжілісте белгілі болғандай, биыл Шымкент қаласында 43 мыңнан астам бала жазғы лагерлерде демалады. Оның 5 211-і жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасының балалары. 31 565 бала мектеп жанынан ашылатын лагерлерде демалады. Ал қалған 6000 бала ата-аналар көмегімен, 600 оқушы (әлеуметтік көмекті қажет ететін педагогтардың балалары) кәсіподақ ұйымының қолдауымен демалатын болады. 

Қала бойынша 12 мектепте құрылыс жұмыстары жүруіне байланысты жазғы лагерлер ұйымдастырылмайды. 

Сондай-ақ, қала басшысы жазғы демалыс кезінде спорт және мәдениет ұйымдарымен түрлі шаралар өткізілетінін және Оқушылар сарайына қарасты «Ақсу» лагерін де «Тау самалы», «Балдәурен» секілді, оқу жылында да жеткіншектерді қабылдауына жағдай жасалатынын айтты. 

– Біз 170 мыңдай баланың тек 11 мыңға жуығын ғана жазғы лагерлермен қамтамасыз етіп отырмыз. Енді кәсіпкерлермен, мердігерлермен бұл көрсеткішердің санын көбейту жолдарын қарастырамыз, – деді Ғ.Әбдірахымов.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.