Ауыл шаруашылығы озық мамандар арқылы өркендейді

Среда, 24 Май 2017 08:44 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6221 раз

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.

photo 758

Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Өз тәжірибемізге келсек, Қазақ ұлттық аграрлық университеті Елбасы анықтап берген нақты стратегиялық бағыттармен жұмыс істеп келеді. 87 жылдық терең тарихы бар отандық аграрлық білім мен ғылымының қара шаңырағы, ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміз негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет ететін білікті кадрлар даярлайды. 

Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз бола жүріп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген студенттерге тиісті білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. 

Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы құрамына 23 ғылыми-зерттеу институты, 14 тәжірибелік стансасы, коммерцияландыру мен білім беру орталығы және 3 аграрлық жоғары оқу орны кірді. Бүгінде осы орталық құрамындағы еліміздің 3 жетекші аграрлық жоғары оқу орны базасында агроиндустриалдық кластерлер құрылды. Біздің университетіміздің базасындағы «Оңтүстік және оңтүстік-шығыс» кластері құрамына 16 ғылыми-зерттеу институты, 20 тәжірибелік шаруашылықтар мен 100-ден астам ірі компаниялар кірді. Мұндай кластерлер құру аймақтардағы қордаланып қалған мәселелерді жедел шешуге, шаруашылықтардың жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне айтарлықтай ықпал етуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында университет ғалымдарының жасаған арнайы іс-сапарларының нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында пилоттық аудандар анықталды. Осы бағыттағы жұмыстар еліміздің басқа да өңірлерінде қолға алынбақ.

Құрылымдық сипаты өзгергеннен кейін, биылғы жылдан бастап оқу орнымыз зерттеу университетіне трансформациялаудың жаңа даму жолына шықты. 2016 жылы университет базасында Агротехнологиялық Хаб құрылды. Бұл университет дамуының жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер берді.

Халықаралық талаптарға сай құрылған Агротехнологиялық Хаб аясында орындалатын зерттеулер импорт алмастыру мақсатында экспортқа бағытталған өнім өндірісін ұлғайту, шет елдердің озық технологиясын тарту үшін қажетті жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты өзекті мәселелерді инновациялық жолмен шешуге барынша жағдай туғызды. Қазіргі кезде Агротехнологиялық хаб негізінде АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттеріндегі 36 ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік байланыстар орнатылып, әлемнің 13 беделді жоғары оқу орындарымен қос дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. 

Әлемдік нарықтағы мұнай мен метал бағасының едәуір төмендеуі және экспорттық тауарларға деген сұраныстың азаюы – Қазақстан экономикасына, оның ішінде ауылшаруашылық саласының дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан, отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілерге нақты қолдау көрсету үшін «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң қабылданып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» жобасы әзірленді. Қазіргі кезде бұл заң жобасы Үкіметке бекітуге ұсынылды. Аталған жобада ауылшаруашылық өндірісті заман талаптарына сай дамытуға бағытталған жаңа даму басымдықтары ұсынылды. 

Мемлекеттік бағдарлама-ның басты міндеттері – мал шаруашылығын жемшөптік базасын кеңейту негізінде оның тиімділігін 58%-ға және басымды дақылдар өндірісін ұлғайту арқылы өсімдік шаруашылығының тиімділігін 40%-ға арттыру. Ірі кооператив құру үшін 670 мың ұсақ тауарөндірушілерді өндіріске тарту жоспарланған. Өнім өндіру мен өткізудің ауқымды жүйесін құру арқылы ауылшаруашылық кооперацияларын дамыту негізінде ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, ауыл шаруашылығын субсидиялаудың заманауи әдістері негізінде мемлекеттік қаржылық қолдаудың тиімділігі мен оның қолжетімділігін арттыру қарастырылған. Бұл бағытта 2021 жылға қарай 25 мың несие алушыға тең дәрежеде 300 млрд. теңге бөлінбек. Техникалық жабдықталу деңгейін арттыру, тиімді шетелдік технологиялар трансфертін ұйымдастыру, ақпаратпен қамтамасыз ету, жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де жолға қойылмақ. Бұл үшін жаңа бағдарлама бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 2374,2 млрд. теңге бөлу қарастырылған. 

Аталған бағытта университет ғалымдарының атқарып жатқан жан-жақты заманауи зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін беруде. Атап айтқанда: азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жер, су ресурстарын сақтау; топырақты қорғау; Қазақстанның жері мен табиғи ерекшеліктерін ескеретін ауылшаруашылығы техникаларын жасап, іске қосу; ауыл өндірісінің материалдық-техникалық ресурстарын жаңарту; ауылдық аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымын заман талаптарына сай қалыптастыру; дәнді дақылдар мен мал тұқымдарын асылдандыру; фитосанитария салалары бойынша ғылыми бағытта нақты іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бүгінде агроқұрылымдар өндірісте үлкен жетістікке тек ғылым арқылы жетуге болатынын жақсы түсінулері керек. Осы мақсатта біз студенттеріміздің, магистрантранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 5 айға дейін ұзарттық. Бұл ретте студент 10 апта аудиторияда тәжірибелік сабақ алса, мамандығы мен ауыл шаруашылығындағы саласына байланысты 10 апта өндіріс орнында болады. Жекелеген мамандықтар бойынша теориялық сабақтар да өндіріс базасындағы оқу-білім беру орталықтарында өткізіледі. Бұл жерде айтатын бір мәселе, барлық дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялар cтуденттердің өздері шыққан өңір бойынша зерттеліп, жазылуы керек. 

Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнының бүгінде 28 кафедрасында 800-ден астам жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Олардың арасында ҚР ҰҒА 17 академигі, 138 ғылым докторы мен 281 ғылым кандидаты, 30 PhD докторы бар. Соңғы жылдары 150 жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. 2015-2016 оқу жылында университетте 5985 адам білім алды. Оның ішінде 4811 бакалавр,1038 магистрант, 136 докторант бар. Оқу орнында 27 ұлттың өкілі оқиды. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтеді. 

Университет өткен жылы 5 жылға институционалдық, ASIN, ACQUIN (Германия) агенттігінен халықаралық, барлық мамандықтар бойынша арнайы аккредитациядан өтті. QS рейтингі бойынша 2016 жылы дамыған Еуропа және Орталық Азия университеттірінің арасында 200 жоғары оқу орындары ішінен 86-орынға ие болып, 100 озық ЖОО қатарына енді.

Қадірлі ауыл жастары, ауылшаруашылық саласының еңбеккерлері – сіздерді Қазақ ұлттық аграрлық университетіне озық білім мен мол тәжірибе алуға шақырамын. Мен де Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегімін. Өмірімнің маңызды кезеңдері қоғамдық, еңбек пен ғылыми жетістіктегі жемісті белестерім университетімен тығыз байланысты. Біздің университеттің басты басымдылықтары - интеллектуалды жағынан жетік жастарды баулып, жоғары білімді де білікті мамандар даярлау және өз Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеу. Туған ауылыңды көркейтуге еңбек сіңіріп, туған халқыңа шын ынта жігеріңмен өз үлесіңді қосып, ел экономикасының бастауы болып отырған ауыл шаруашылығының білікті маманы болғың келсе – университетіміздің есігі қашан да ашық.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық
университетінің ректоры, ҰҒА Вице-президенті, академик

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.