"Инглиштің" игілігі

Среда, 07 Июнь 2017 06:22 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6468 раз

немесе шет тілін үйренуге мүмкіндік мол

Шет тілін білу – қазіргі заманның басты талабына айналғаны қашан?! Өзге елдің мәдениетін білу, іскерлік қарым-қатынасымызды дамыту, шетелде іс-тәжірибеден өтуде бәрібір ағылшын тілін білу қажеттілігін сезініп отырмыз. Мұны мойындамасқа амал жоқ. Көп тіл білгеннің өрісі кең ғой. Қала тұрғыны, медицина саласының қызметкері Шапиға Мырзахметованың да тіл үйреніп жүргені осы себептен. 42 жастағы дәрігердің талабы қуантарлық. Келешекте ағылшын тілін меңгеру ойы бар. Халықаралық семинарларда баяндаманың мәнін ұқпай, әбден ызасы шықса керек. Бүгінде қалада жеке кәсіп ашқан азаматтар да өзге елдің тілін үйренуге ден қоя бастапты. Студенттер мен оқушылардың жаппай тіл сындырып жүргені о бастан белгілі жайт.

IMG 20170529 114711

 Бәсекеге қабілеттілік – заман талабы

Әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның мына бір пайымы еске түседі. «Сонау бір жылдары атқа мініп жүргенімде, алыс-алыс шет елдердің біразын араладым. Барған, көрген жақсы-ау, бірақ мүгедектеу хал кештім. Мылқау кісі сияқтымын. Ол елдегілер қазақ тілін білмейді. Орыс тілі, жарықтық, ол да түкке жарамай қалды. 

Инглиш, инглиш?! – дейді бәрі де. «Инглиш» түскірді білмеймін. Баяғыда немісше оқып едім, о да іске аспай қалды. 

IMG 20170529 114859

Дүниені билеп тұрған – «Инглиш». Қазақы ұғыммен айтқанда, адам боламын десең – ағылшын тілін біл!». Қаламгер бұл ойды 1999 жылы айтқан еді. Одан бері қаншама уақыт өтті. Қажеттілік тіпті арта түскенін бағамдап отырмыз. 

Шымкент қаласындағы тілдерді оқыту орталығында бүгінде 225 адам ағылшын тілінен дәріс тыңдайды. Олардың басым бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар және студенттер қауымы. Мекеме басшысының орынбасары Жадыра Төлееваның айтуынша, мұнда ағылшын тілі 2012 жылдан бастап оқытылып келеді. Биыл Орталықтың құрылғанына жиырма жыл толады. 

Мекемеде шет тілін үйреніп жүргендердің ішінде 162-і – қазақ, 29-ы – орыс, 24-і – өзбек азаматы. Мемлекеттік қызметкерлердің жалпы саны – 87. 

Әр деңгей төрт ай оқытылса, жалпы, бір жылда тілді меңгеріп шығуға мүмкіндігіңіз бар. Тегін-ақ. Курстың соңында сертификат беріледі. Әрине, ол үшін межелі балды жинау керек. 

– Қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Тегін болғандықтан, әсіресе мектеп оқушылары жиі бас сұғады. Бірақ оларды қабылдай алмаймыз. Бізге мектеп бітіргендерді алу талабы қойылған. Негізінен, медицина, білім саласының қызметкерлері, студенттері көп келіп жүр. Себебі, олар іссапарға, іс-шараларға жиі қатысады ғой, – дейді басшының орынбасары. 

Қазір емтихан кезеңі. Орталықтың ұстазы Гаухар Аманбайқызы сегіз шәкіртінің білімін тексеріп жатқанының куәсі болдық. Курс ақпан айында басталған. Топта АӘИУ, ОҚМФА студенттері, үй шаруасындағы келіншектер де бар. Олардың басым бөлігі шетелде білімін жалғастыруға ниетті.

 

Жас та, кәрі де тіл үйреніп жүр

IMG 20170529 114345Қалада тіл курстарында оқып жүрген адамдар тіпті көп. «Интерпресс», «Сәлем», «ABC», «Global Education» – бұлар көпшілікке белгілі орталықтар. Қалада жалпы, 30-ға жуық ірі жекеменшік тіл курстары жұмыс істейді. 

Қазір тіл мектептерінің жұмысы қызған шақ. Студенттер мен оқушылар жазғы демалысқа шығып, орталықтарды жағалап жүр. Олардың дені негізінен «Интерпресс» мектебіне баратынын білдік. М. Әуезов атындағы ОҚМУ, ОҚМПИ студенттерінен бөлек, Алматыдағы Сүлеймен Демирель университетінің шәкірттері де осында оқуға ынталы. 

IMG 20170529 190522

Бұл мектеп қалада ең алғаш ашылған оқу орны. 1996 жылдан бері қалалықтарға үздіксіз шет тілін үйретіп келеді. Мұнда 1200 адам оқып жатыр. Алты жастан жетпіс жасқа дейінгілерді кездестіресіз. Негізгі құрам – 12 мен 25 жастың арасы. 40 пен 50 жастағылар да көп-ақ.

Мекеме басшысы Ардақжан Жәкенова да мұны бізге мақтанышпен айтты. 

– Бәсекелестік бізге керісінше дамып отыруға серпін береді. Ең алғаш ашылғаннан сапалы жұмыс істеуге көңіл бөлдік. Тұрақты келушілерге жағдай жасай береміз. Бізде оқу құны – арзан. Мұғалімдер де білікті. Негізінен «Болашақ» түлектерін, «Алтын белгі», қызыл дипломмен бітірген түлектерді жұмысқа аламыз. Бұл – міндетті шарт, – дейді мекеме басшы. 

Мектептің оқу кластарын аралап жүріп, сегіз студенттің арасында жасы үлкен екі кісіге көзіміз түсті. Сабақ жүріп жатыр. Өз өтінішімізбен оларды аз-кем әңгімеге тарттық. Сөйтсек, екеуі де медицина саласының қызметкерлері екен. ОҚО онкологиялық диспансерінің дәрігері Бақтияр Абетаев – 46 жаста, Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының дәрігері Шапиға Мырзахметова апай – 42 жаста. Екеуі де өз саласының үздігі болғысы келеді. Бүгінде шет тілін білмей, алға қарай даму мүмкін еместігін түсінген. Әзірге, екінші деңгейдегі топта дәріс алып жүр. Топтағы сегіз студенттің арасында белсенділік танытады-ақ. 

 

Қытай тіліне де қызығушылық басым

IMG 20170527 135211

Заман талабы шығар. Қазір қытай тіліне де қызығушылық артып отыр. Шымкентте де қытай тілі мектебі жұмысын бастаған. Орталықтың ашылғанына бір жарым жыл болған. Негізінен, Қытайда білім алып, тілді меңгерген өзіміздің қаракөз қыздарымыз қолға алыпты. 

Мұнда 80-90-ға жуық үйренуші бар. Оның 70 пайызы – өзіміздің қаракөздер. Жалпы, қытай мектебінде кәсібін Қытаймен байланыстыратын, сол елде білім алғысы келетіндер оқиды. 

Қытайдың Ланчжоу университетінің түлегі, орталықтың менеджер әрі оқытушысы Бибіфатима Сейдазымованың айтуынша, талапкерлер курсқа 5-6 жастан бастап қабылданады. Төрт мұғалім 13 топқа ханзу тілін үйретіп жүр. Бір ерекшелігі, Қытайдың 20-дан астам университеттерімен келісім-шарт түзген. Яғни, тілді осы жерде үйреніп, Қытайда білім алуға мүмкіндік бар. 

Биыл тамыз айының соңында Шымкенттен Қытай еліне он қала тұрғыны аттанғалы отыр.

 

«Бұл жағдай маған сабақ болды»

Күнделікті тіршілікте басымыздан түрлі жағдайлар өтеді. Кейбір сәттерде тіл білмеуіміздің кесірінен оңтайлы сәтті қолдан жіберіп алатынымыз тағы рас. Шындап келгенде, оған кінәлі өзіміз. Тіл үйренуді кейінге шегере беретін жалқаулығымыз ғой. 

34 жастағы қала тұрғыны, 3 баланың анасы Меруерт Ториева да осындай жағдайды басынан өткерген. Шымкенттен «Ақ сұңқар» деген отбасылық дәмхана ашыпты. Негізінен, ыдыс-аяқ заттарын Қытайға барып әкелетін көрінеді. Өткен жылы барған сапарында келеңсіз жағдайға куә болып, сол елдің тілін меңгеріп алуға құлшына кірісіпті. 

– Аудармашымен барып едік. Қытай тілін мүлдем білмеймін. Біз тауар алып жатқан кезде аудармашы пайдакүнемділікке салынып, жағдайды керісінше қиындатыпты. Оны кейін білдік. Келісімін беріп тұрған сатушының сөзін басқаша аударған ғой. Сол жағайға қатты намыстандым да, тілін үйренуді бірден бастадым. Енді, тілді толық меңгеріп, мұндай жағдайдан қорытынды шығарамын деп шештім, – дейді өзі. 

Осындай жағдай басынан өткен кәсіпкер келіншек қазір қытай тілі мектебінде оқып жүр. Барлық деңгейді меңгеруге ниетті. Өзі ғана емес перзенттеріне де міндеттемекші. Ағылшын тілін де бастапқы деңгейде біледі. Оны да дамытпақ жоспары бар екен. 

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөз бекер айтылмаған. Өз тіліңді біл. Өзге тілдің де игілігін пайдалану керек. Қазіргі заманның талабы осы.

 

 

 

Последнее изменение Среда, 07 Июнь 2017 16:22
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.