Версия для печати

Жоғарғы білім қолжетімді ме?

Среда, 14 Июнь 2017 07:19 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 7435 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мамандық таңдау. Әр адамның өмірінде ең маңызды шешімнің бірі. Дәл қазір түлектер мамандыққа байланысты бас қатыруда. «Кім болам?», «Қай ЖОО-на тапсырамын?» дегендей сауалдар әр талапкер үшін көкейтесті. Осы орайда елімізге қандай мамандар қажет? Өзіміздің өңір орталығында қай ЖОО сұранысқа ие һәм жоғарғы білімнің ақысы қандай? Қолжетімді ме? Біз бүгін осы сауалдарға жауап іздемекпіз.

Нарық заманында кім-кім де табысты мамандыққа қол жеткізгісі келеді. Қазақстанда табиғи газдан шикі мұнай өндіретін компания жетекшілерінің табысы жоғары екен. Олардың орташа айлық жалақысы 1 миллион 197 мың теңгені құраған. Бірақ, екінің бірі бастық бола алмайды. Психолог Герман Владимировтың айтуынша, қазақ халқында қатып қалған қағида бар. «Менің балам бастық болады» деген. Сөйтіп екінің бірі есепші мен заңгерлікке оқытып жатқаны. 

– Талапкерлердің көбісі 11-ші сыныпты бітіріп, ҰБТ тапсырғаннан кейін ғана болашақ мамандығы жайлы ойлана бастайды. Қабылдау комиссиясына құжат тапсыруға барғанда барып желкесін қаситындар бар. Әсілі олай болмау керек. Ең бірінші ата-ана баласымен кішкентай кезінен болашақ мамандығы туралы сөйлесіп, мақсаты анықталуы керек. Мұрынға тақалғанда шешім қабылдау ешкімге абырой әпермейді, – дейді психолог. 

Иә, осынау өмірлік маңызды шешімді ата-анамен ойласып қабылдаған жөн. Бірақ бітіруші өз жүрегінің қалауын да назардан тыс қалдырмауы қажет. Бұл тұрғыда да психолог мамандар ата-ана қалауынан жүрек қалауы маңызды екенін алға тартады. 

Қазір әлемде 4 мыңға жуық мамандық бар болса, біз соның 1000-ға жуығын ғана біледі екенбіз. Заман ағымына қарай мамандықтар да жаңарып отыр. Технология мен инновацияның қарыштап дамуымен елімізде жас буынға ЖОО-нан кейін табысы жақсы жұмысқа орналасуға мүмкіндік артуда.

 

Қазақстанға қандай мамандар қажет?

Еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеруде, сондықтан өзгерістер мен жаңалықтарды қалт жібермеу керек. 2016 жылғы еңбек нарығын сараптай келе, Қазақстандағы сұранысқа ие 10 мамандық тобын ұсынамыз:

1. Инженерлер

Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіби инженерлер мен техникалық мамандардың тапшылығы байқалады. Инженерия – бұл өнеркәсіп пен мұнай өңдеу өндірісі, сәулет және т.с.с қамтитын техникалық қызмет. Жоғары білікті мамандардың жетіспеушілігінен отандық компаниялар шетелден инженерлер алдыртуға мәжбүр.

2. IT-мамандар

Ақпараттық технологиялар – ақпаратты іздеу, жинау және сақтау, т.б. үдерістерінің жиынтығы. Ақпараттық технологиялармен байланысты негізгі және қажетті мамандықтың бірі – бағдарламашы. Оның негізгі міндеттерінің бірі – бағдарламалық қамсыздандыруды қамтамасыз ету мен жұмыс қабілеттілігін қолдау. Жыл өткен сайын ІТ саласында айтарлықтай елеулі, тың жаңалықтар орын алуда. Бұл әр түрлі салада ІТ-мамандарына сұранысты арттыруда. Бүгінде кез келген отандық компания web-дизайнер, SEO-маманы немесе бағдарламашы іспетті ІТ-мамамына зәру деп толық сенімділікпен айтуға болады.

3. Дәрігерлер

Иә, дәрігерлер қай заманда да, қайсыбір елде де сұранысқа ие. Дәрігер мамандығы қиын әрі жауапкершілігі орасан мамандықтың бірі, себебі науқастың ауруын дәл анықтау үшін білімділік, нақтылық пен зеректік қажет.

4. Мұғалімдер

Мұғалім де солай. Дәл қазіргі кезеңде Қазақстанда жоғары білікті, тәжірибелі мұғалімдер жетіспейді. Технологиялық төңкеріс ғасырында ақпарат өте жылдам таралады, сондықтан 21 ғасыр мұғалімдеріне өте жоғарғы талаптар қойылуда. Сондықтан да болар, қазір бұл қасиетті мамандыққа сұраныс өте жоғары болып тұр.

5. Маркетологтар

Шағын және орта бизнестің дамуы маркетолог мамандарға сұранысты арттырды. Дәл қазір сауда көрсеткішін көтеруге көмектесіп, кәсіпті жаңа деңгейге көтеретін маркетингтің түрі көп. Көптеген қазақстандық компаниялар ресейлік маркетингтік компаниялардың жоғары білікті мамандарының көмегіне жүгінеді.

6. Менеджерлер

Менеджер – өндірісті басқарумен айналысатын маман. Менеджерлердің негізгі жұмысы компанияда немесе өндіріс орнында жұмыс барысын ұйымдастыру. Қазақстанда «менеджер» ұғымы сәл бұрмаланғаны бар, көбісі бұл сөзді қатардағы қызметкер немесе жаңашылдыққа ұмтылмайтын, сіресіп қалған қызмет деп түсінеді. Алайда менеджер – тұтас компания немесе бөлімге, жобаға жауап беретін, қадағалайтын адам.

7. Қонақүй ісі мен туризм саласындағы мамандар

Тұрғындардың жалпы табысы жыл санап көбеюде. Біз 17 млн 994 мың адамнан тұратын жас мемлекетте өмір сүреміз. Біздің негізгі проблемаларымыздың бірі – сапалы қызмет көрсету. Еуропа мен АҚШ елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, сапалы қызмет көрсетуге сұраныс жыл сайын көбейе бермек және оның басты себептерінің бірі Қазақстан тұрғындарының қажеттілік деңгейі өсуде. Сондықтан да қызмет көрсетуге байланысты мамандықтар елімізде және елімізден тыс жерлерде де ұдайы сұранысқа ие бола бермек. Туризм саласындағы жалғыз және ең маңызды өзгерістердің бірі, уақыт өте келе мамандар оффлайннан онлайн түрдегі жұмысқа өте бастайды.

8. Есепші-кассирлер

Бұл мамандық аса жауапты мамандықтың бірі. Сондықтан оны таңдарда міндеттері мен құқықтарын жақсы оқып, білу керек. Көптеген компаниялар бухгалтерия мен аудит жөнінде аутсорсингтік компаниялардың көмегіне жүгінетініне қарамастан, есепші мамандығы дамыған және дамушы елдерде сұранысқа ие мамандықтың бірі болып қала бермек.

9. Логистер

Ірі және шағын бизнестің дамуы елімізде және елімізден тыс жерлерде тауар тасымалдаумен тікелей байланысты. Осылайша материалдар мен ақпараттар тасқынын басқара алатын мамандар тапшылығы сезілуде.

10. Биотехнологтар

Биотехнология – биологиялық жүйе мен оның элементтерін пайдалану үдерісі. Қазақстандықтар биотехнологияны ауыл шаруашылығында, молекулярлық медицинада және биофармацевтикада қолданып жүр. Бұл салада да еліміз бойынша кадр тапшылығы қатты байқалуда.
Аталған мамандықтар қажеттілігінің негізгі себебі Қазақстан нарығындағы экономика өсуіндегі өзгеріс болып отыр.

 

Шымкентте оқу ақысы қандай?

Оңтүстік Қазақстан облысында 12 ЖОО, 93 колледж бар. Біз облыс орталығы Шымкент қаласындағы бірнеше университет пен колледжді аралап, ондағы оқу ақысын сұрастырып көрдік. Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде студенттерді 12 мамандық бойынша оқытады. Солардың ішінде ақпараттық жүйелер, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, гидротехникалық құрылыс мамандықтары аса сұранысқа ие көрінеді. 

Аталған колледждің Студенттер контингентін қалыптастыру бөлімінің басшысы Айсұлу Дәуренбаева өңір бойынша «жоғары» деген дәрежені бірінші болып алғанын айтады. 

– Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінің бір ерекшелігі, тоғызыншы сыныпты бітірген оқушылар бірден бакалавр деңгейіндегі жоғарғы білім ала алады. Басқа колледжді бітіріп келгендер де 1 жыл 10 ай оқып, жоғарғы білім алуына болады. Олар кешенді тестілеуден өтпей-ақ әңгімелесу түрінде қабылданады. Соны ескерген жөн. Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға сұраныс көп. Сонымен қатар құқықтану, есеп және аудит мамандықтары да олардан кем түспейді. Оларға арнайы грант берілмесе де, келісімшарт негізінде қабылданады. Оқу ақысы биыл 180 мың теңгеге көтерілді. Ал екінші жоғарғы білім алу үшін колледж бітіргендер сыртқы бөлімге – 156 мың теңге, күндізгі бөлімге – 228 мың теңге төлейді, – дейді Айсұлу Әліпқызы. 

Ал Шымкент экономикалық колледжінде үш-ақ мамандыққа, яғни, қаржы, есеп және аудит, бағдарламалаушы мамандығына оқытады.

– Оқу ақысы күндізгі бөлімге – 110 мың теңге, сыртқы бөлімге – 85 мың теңге, – дейді колледж директоры Асылбек Құтжанұлы. 

Таяуда ғана университет дәрежесін алған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 30-дан аса мамандық бар.

– «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «физика», «биология», «дизайн» және «аударма ісі» мамандықтарына сұраныс көп. Әсіресе биологияны таңдайтындар көп, – дейді ОҚМПУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Халима Сартаева. Оның айтуынша, оқу ақысы күндізгі бөлімге – 285 мың теңге, сыртқы бөлімге – 140 мың теңге. Барлық мамандықтарға оқу ақысы бірдей. 

20170609 122503Биыл М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 85 мамандық бойынша құжат қабылдайды. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Құрманғали Сарықұлов (суретте) ауыл шаруашылығы, заңтану, биотехнология және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ кітапхана ісі мамандықтарына сұраныс көп екеніне тоқталды. Басқасы басқа, кітапхана ісіне келуші жастардың көбейгені таңданыс туғызды. Сөйтсек, қазір кітапхана ісі жанданып, бұл салаға қажеттілік артқан. Бұл мамандық Қазақстан бойынша 4-ақ университетте оқытылады екен. Құрылыс мамандығын алуға ниет білдірушілер де көбейген. 

– ОҚМУ-да оқу ақысы педагогикалық мамандықтарға – 280 мың теңге, гуманитарлық ғылымдар және әлеуметтік ғылымдар және бизнес мамандықтарына, сондай-ақ жаратылыстану ғылымдарына, қызмет көрсету мамандықтарына – 342,900 теңге, өнер мамандықтары – 371 мың теңге, техникалық ғылымдар және технологиялар – 346 600 теңге, ветеринария – 349 400 теңге. 

Сонымен қатар биыл ҰБТ-ның жаңа форматта өтуіне байланысты өтетін уақыты да өзгерді. Жалпы бітірушілерді көптеген жаңа өзгерістер тосып тұр. Кешенді тестілеуден құлап қалғандардың құжаты былтыр 20-маусымнан бастап қабылданған. Ал биыл 1-20 маусым аралығында қабылдануда. Құрманғали Рахымберді-ұлы «талапкерлер құжат тапсыру уақытынан кешігіп қалмаса екен» дейді.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.