×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Серпін» – серпінді күш

Среда, 02 Август 2017 05:43 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6886 раз

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша «Серпін-2050» бағдарламасы биыл да талапкерлерге даңғыл жол ашпақ. Үш жылдан бері қаншама жасты тегін оқумен һәм жатақхана, жол, шәкірт ақысымен, медициналық қызмет көрсетумен қамтитын бағдарламаның артықшылығы көп. Жылына екі рет демалыс кезінде пойыздың бару, қайту билетінің ақысы, яғни жол ақысы төленеді. «Серпіндіктердің» арасында озат студенттерге арнайы шәкіртақы және сыртқы киімдер тағайындалады.

20245978 1746519898974003 8771150948369070478 n

Ата-ана, ағайын-туыссыз басқа алыс облысқа баласын жіберу әрбір ата-анаға әсіресе алғашқы жылы жеңіл тимесі анық. Осыны ескерген қабылдаушы жақ арнайы бір өкілін жіберіп, студенттерді Темір жол вокзалынан алып кетеді. Бұл да серпіндік студенттерге жасалған қамқорлық. 

19621021 1811775875801711 8100489242727021198 oБиыл құжаттар 23-31 шілде аралығында қабылданды. 8-тамызға қарай конкурстың жалпы қорытындысы газетке және сайтта жарияланады. Біз «Серпін» бойынша тың ақпараттар мен биылғы өзгешеліктерді білмек болып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ат басын бұрдық. Аталған бағдарламамен оқуға қабылдаушы жақ та, яғни аймақтардағы ЖОО-ның өкілдері мен талапкер, ата-ана түгел осы жерде. Көбіне аудандардан келген мектеп бітірушілері өкілдерге көкейіндегі сауалдарын қойып, жауап алуда. 2016 жылдан бастап Шымкент қаласының мектеп бітірушілері «Серпінге» қатыса алмайды екен. Бұл туралы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Раушан Аманова айтып берді. 

– Биыл министрліктен «моноқалалар қатыссын» деген бұйрық келді. Мысалы, Кентау қаласы қатысып жатыр. Арыс қаласы қатыспағанымен, оның Ақдала сияқты шалғай ауылы қатысуға мүмкіндігі бар. Түркістан да солай. Бағдарламаның биылғы өзгешеліктерінің бірі осы, – дейді Р. Аманова. 

ҰБТ-ның жаңа форматта өткені және түлектер үшін бірқатар қиындықтардың кездескені белгілі. Оқушы өзі таңдайтын бейіндік пәндерді қосарлап таңдады. Мысалы тарих+география болса, таңдаған мамандығына бейіндік пәннің біреуі сәйкес келсе, екіншісі сай келмей жатыр. 

Бас маманның айтуынша, егер шекті 50 балдан асып, қолында «ҰБТ-ға қатысты» деген сертификаты болса, кез келген түлектің (қала мектептерінен басқа) «Серпінге» құжат тапсыруға мүмкіндігі бар. «Серпіндіктер» өзара конкурсқа түседі. Егер сіз жалпы конкурсқа тапсырсаңыз, бүкіл Қазақстанмен конкурска түсесіз. Ал «Серпінде» осы бағдарламаға қатысуға құқығы бар облыстармен ғана конкурсқа түседі. Яғни Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы облыстарымен ғана. Жалпы конкурстан «Серпіннің» ерекшелігі осы. 

20294456 272190219928890 7835074550231892985 n

– «Серпін» бойынша 2017 жылға – 4513 грант бөлінген. Оның 3793 – ЖОО-на, 720-сы – колледждерге. 24 ЖОО құжат қабылдады. Өткен жылғымен салыстырғанда 2 ЖОО қосылды. Биыл күніне мәлімет алушылар 300-400-ге жетті. Ал 120-150 оқушы құжат тапсырып отырды, – дейді «Серпін» халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының Ұлттық жобалар басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жауапты жетекшісі Ақжан Ғұмар. 

Ал колледждер құжатты 1 тамыздан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ғимаратында қабылдап бастады. Құжат қабылдау 20 тамызға дейін созылмақ. Биыл 50 шақты колледжге 720 грант бөлініп отыр. Колледжге түсудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін айта кеткен ләзім. Олар өздерінің емтиханын өткізеді. Соның қорытындысы бойынша конкурсқа қабылдайды. 1 тамыздан қабылдау себебі, 31 шілдеден кейін ЖОО оқуға түсе алмай қалғандар колледжге тапсырады. Колледжде де ЖОО-дағыдай барлық жағдай қарастырылған, бітіргесін жұмысқа қамту міндеттелген. Колледж студенттеріне қарастырылған жеңілдік көп. Жатақхана тегін, әрбір курстың қыркүйек айында шәкіртақыдан бөлек, 69 мың теңге ақша беріледі.

Жұмыспен қамтуға келсек, бағдарламаның түбегейлі міндеті – студенттерге білім берумен қатар, қызмет орнымен кепілді түрде қамсыздандыру, өңірде қалып қызмет атқаруға ниет білдіргендерге қолдау көрсету. Егер бітіруші түлек «ел жақтан мамандық бойынша жұмыс таптым» десе, онда оған ешқандай шектеу жоқ. Өйткені, мамандықпен істеу міндеттелген. Себебі мемлекеттің грантымен жоғары білім алды. Жұмысқа орналасқан соң оқу орнына жұмыс орнынан анықтама қағазын ұсынуы қажет. Егер де жұмыс табылмай, анықтама қағазы оқу орнына жетпесе, оқу орны түлегіне қайтадан хабарласып: «Сенің мамандығың бойынша жұмыс бар. Келесің бе?» – деп ұсыныс жасайды. Түлек келіссе, оқу орны оған жаңа жұмыс тауып береді. 

anyqtama-60«Серпін» бағдарламасының аясында қабылдаушы жақтарда индустриалды аймақтар ашылып, өнеркәсіп орындары көптеп салынуда. Олардың барлығына «Серпіннің» жас түлектерін қабылдау міндеттелген. Шығыс Қазақстан облысы түлектерді жұмыспен қамту бойынша әзірге бірінші орында тұр. Одан кейін Солтүстіктегі көші-қон мәселесіне де «Серпіннің» қосар үлесі зор. Ақжан Жамбылұлының айтуынша, егер де баласы сол жақтан тұрақты жұмыс тауып, түбегейлі орналасып жатса, ата-ана өз еркімен баласының жанына көшіп баруға ұсыныс жасайды. Тіпті теңін тауып отау құрып жатқан жастар да баршылық. Бүгінде кейбір мектеп оқушылары сол алдыңғы жылы түскен аға-әпкелерін іздеп, «Серпінге» құжат тапсырған. 

– ҚР Білім және ғылым министрлігі «Серпін» грантын бөлген ЖОО-ның әрқайсысынан тоқсан сайын есеп алып отырады. Қабылдаушы тарап әрбір студентке жеке-жеке мінездеме береді. «2014 жылы бағдарлама іске қосылғанда, бірінші семестрден кейін елге қайтқан студенттер де болды. Себебі отбасында жалғыз бала. Кейбір қыз балаларымыз солтүстіктің, әсіресе сары аязына шыдай алмай келіп қойды. Одан кейінгі жылдарда елге қайтқан студенттер болған жоқ. 2014 жылдан бері «Серпінге» 12 мың жас тапсырса, соның 50 пайызы – Оңтүстіктен. Өңір бұл бағдарламаға атсалысу жағынан бірінші орында тұр. Сондықтан бізге артылар сенім мен жауапкершілік мол, – дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бас маманы Раушан Аманова. 

Биылғы білім гранты бәйгесінде 50 балмен де, 100 балмен де тапсырғандар бар. Жаңадан қосылған мамандықтар да жеткілікті. Биыл өрт сөндіруші, орман шаруашылығы және ресурстары мамандықтары жаңадан қосылды. Бұл жылғы өзгешеліктің бірі, медициналық мамандықтарға грант жоқ. 2016 жылы бір-ақ жыл бөлінген болатын. Оның орнына биологияны таңдап жатыр. Шет тілі мамандығы сұранысқа ие. Ер балалардың автоматтандыру және басқару мамандығына қызығушылығы жоғары. 

Құжат қабылдаушы ЖОО-ның әрбір өкілінің қасында серпіндік студенттер де отыр. Солардың бірі Ордабасы ауданы, Шұбарсу елдімекенінің қызы Сандуғаш Өмірзақова былтыр Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық Заң университетінің биотехнология мамандығына 79 балмен түскен. «Біздің университетке грант саны биыл 2 есеге өскен. «Серпінмен» оқуға түскеніме ешқашан өкінбеймін. Өйткені, өткен семестрде Польшаның Белосток қаласында 4 ай бойы білім алып, тәжірибе алмасып қайттым. Демалыс күндері Еуропаның басқа мемлекеттерін де араладық», – дейді Сандуғаш. 

Арайлым Пернебаева 2015 жылы «Серпінмен» Рудный индустриалдық университетіне түскен. Мамандығы – электр энергетикасы. Айта кету керек, Рудный индустриалдық университеті – қазіргі таңда техникалық мамандар даярлайтын жоғарғы оқу орындарының бірегейі. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы өте жоғары. Сонымен қатар Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты жылына 10-30 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіп отырады. «Біздің университет бітірушілерді жұмысқа орналастыру жағынан алғашқы ондыққа кіреді. Биыл бізге 130 грант бөлінді. Жаңадан «Пайдалы қазбаларды байыту» атты мамандық қосылды», – дейді Арайлым. 

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілі Құсни Таймуллина болса, биыл педагогикалық және техникалық мамандықтарға 280 орын бөлінгенін алға тартады.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы Нұрлан Сүлейменов: «Техникалық бағытта 38 мамандық бар. Биыл 200 орын берілді. Әскери кафедраға «Серпін» бағдарламасы арқылы түскендер бірінші өтеді», – дейді. 

Тобықтай түйін: «Серпінмен» құжат қабылданды. Талапкерлердің жүрек лүпілін мына жақтан-ақ сезіп отырмыз. Олардың бағы да, бабы да қатар келісіп, серпіндік атануға жазсын. Ал сынақтан сүрініп кеткендерге мұңаюдың қажеті жоқ! «Колледж» деген тағы бір есік ашық! Онда 20-тамызға дейін құжат тапсыруға болады.

Последнее изменение Среда, 02 Август 2017 08:28
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.