Версия для печати

МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ Көпшілікті алаңдатқан мәселе қандай? Избранное

Пятница, 18 Август 2017 04:28 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6076 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекеттік білім гранты төңірегінде шу басылмай тұр. Грант бөлу мәселесі ешқашан дәл биылғыдай қоғамдық резоннанс тудырмаған шығар. Әуелі ҰБТ-ны өзгеше форматта өткізіп алдық та, соңыра грантты екі мәрте бөлуге тура келді.

 

«Алтын белгілер» өз алдына абдырап жүр. Себебі, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова ҰБТ-дан кейін: «Алтын белгілерге» ешқандай жеңілдіктер мен басымдық берілмейді», – деп мәлімдеген еді. Одан кейін Білім және ғылым министрлігі Ұлттық біріңғай тестілеуде төмен балл жинаған «Алтын белгі» иелері оқыған мектептерді тексеріп, медальды оңды-солды үлестірген мектеп басшылары міндетті түрде жазалайтын болды.

Хош! Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі белгілі болғаннан кейін, еліміздің әр аймағында бұл қорытындымен келіспейтіндер тіпті көбейді. Өткен аптада жоғары балл жинап, алайда грантқа іліге алмай қалған талапкерлер еліміздің әр-әр аймағында наразылықтарын білдірді. Әсіресе, «Алтын белгісін» ақтаса да, қалаған мамандығына түсе алмаған оқушы көп. Алматылық Бота Мұрат соңғы үш жылын күндіз-түні ҰБТ-ға дайындалумен өткізген. Бәрі де бір ғана «дәрігер болсам» деген асқақ арманы үшін. ҰБТ-да жинаған балы бойынша «Алтын белгісін» де ақтаған. Алайда, ол дәрігерлікке емес, АТУ-дың биотехнология мамандығына грантқа түскен. Сөйтсе, бір мамандықтан екіншісіне «секіру» түк емес екен, қалаған қаласына емес, басқа аймаққа оқуға түсуге тура келген. Ата-аналардың да, балалардың да көңілі қаяу. 

Ал Дина Сайлаубек 128 балмен «Алтын белгісін» ақтап, «Есеп және аудит» мамандығына тапсырған. Алайда, ол «Логистикаға» грантқа түскен. «Ал менің бұл мамандыққа оқығым келмейді», – дейді Дина.

Шымкенттік ата-ана Сапаргүл Өмірәлиеваның баласы 123 балмен медицина мамандығына түсе алмаған. Ал кентаулық Әлинұр Жарасқан 65 балмен «орман шаруашылығы» мамандығына грантқа іліккен. Осындай көптеген дау-дамай, пікір қайшылықтарынан соң министрлік грант тізімін екінші рет шығарып, гранттарды қайта бөлді. Ұлттық тестілеу орталығында Қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. Министрлік өкілдері мемлекеттік гранттарды ҰБТ нәтижесі және ауылдық квота, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, мүгедек балалар арасында бөлу туралы заң жобасын қайта қарастырып, бөлінетін гранттардың санын 4 пайызға көбейтті. Айта кетейік, биылғы оқу жылына мемлекеттен 37 932 білім гранты бөлінген болатын.

– Қолданыстағы заң бойынша «Алтын белгі» иегерлері артықшылық құқығына сәйкес гранттармен қамтылуы керек. Биылғы жылы оқу грантын бөлу байқауына 4360 «Алтын белгі» иегері қатысқан. «Өзге абитуриенттер жоғары балл алып кеткендіктен, аталған 1487 бала негізгі тізімнен шығып қалған. Сәйкесінше, 1487 бала ҚР БҒМ мен Денсаулық сақтау министрлігінің қаржысы есебінен оқуға түсетін болады, – деді Гүлзат Көбенова. Расында «Алтын белгілердің» арасында грантқа ілінбей қалғандары некен-саяқ. 

Биыл жергілікті билік органдары тарапынан да гранттар бөлінбек. 

«Жыл сайын әкімдердің беретін гранттары оқу үлгеріміне қарай, түлектерді ынталандыру түрінде берілетін. Ал биыл арнайы аймаққа қажетті мамандарды даярлау үшін берілетін болады. Облыс бойынша қандай маман тапшы, соған сәйкес жергілікті әкімшілік тапсырыс бере алады», – дейді Г.Көбенова. 

Кез келген ата-ана мен талапкер білім грантынан үмітті екені түсінікті. Биыл министрлік бакалавриат бойынша грант санын 6 мыңға көбейтті. Дегенмен, таңдау барысында ескеретін жайт – әр түрлі мамандық бойынша бөлінген гранттар саны да біркелкі деңгейде емес. Нәтижесінде әр мамандық бойынша білім грантын алу үшін белгілі бір деңгейде балл жинау қажет. Дегенмен, бұл – жаңалық емес. Былтыр да, алдыңғы жылы да осылай болған. Сол себепті талапкерлер мамандықтарға қандай бәсеке болатынын білулері үшін әр мамандық бойынша бөлінетін гранттар көлемі жыл сайын ҰБТ өткізілгенге дейін белгілі болады. 

Мамандық таңдау талапкерлер мен олардың ата-аналарының таңдауы болып табылады. Көбіне заң ісі, қаржы ісі сынды танымал, сондай-ақ, грант саны аз болінген мамандықтарға сұраныс түседі. Оған қоса, талапкерлер нақты бір ЖОО таңдайды. Сондықтан грант алу үшін ҰБТ ұпайлары әртүрлі мамандықтар мен ЖОО-ына қарай өзгешеленеді.

Сонымен қатар, ата-аналар ауыл квоталары мен жеңілдіктерді пайдаланатын басқа да категориядағы адамдардың бар екенін де ескеру тиіс. Ондай талапкер ҰБТ-дан алған ұпай санының төмен болғанына қарамастан грант иегері атанады. Бұл да жыл сайын қайталанатын жағдай. 

Күні кеше БҒМ Ерлан Сағадиев халықты алаңдатқан сауалдарға тоқталды. Гранттар экономиканың әлеуетті салалары бойынша бөлінетінін алға тартты. «Мысалы, есептеу техникасына 610, ал құқықтануға бар болғаны 45, жалпы медицинаға 2500 және стоматологияға 45. Бұл түрлі бағдарламаларда бекітілген. Жыл сайын жоғары балл алғандар грантсыз қалып жатыр, ал аз балл алғандар басқа мамандықтарға грантқа түсуде», – деді Сағадиев үкімет отырысында. 

Оның пікірінше, жыл сайын бұл ата-аналардың тарапынан көптеген сұрақ туындатып жатыр. Бұл жаңалық емес, жыл сайын процеске жаңа ұрпақ пен тәжірибесі жоқ ата-аналар мен балалар келіп жатқанын да ескеру қажет. Олар бірінші рет мұндайдан өтіп отыр. «Оның үстіне әлеуетті мамандықтар бойынша гранттар тізімі өте кеш шығады, бізде министрліктер мен әкімдіктермен көп дүниені келісу қажеттігін жинау жүйесі ауыр. Талапкер өз мүмкіндігін бағамдай алмайды, оған профильдік пән таңдауға және дайындалуға үлгермей жатады», – деді ҚР БҒМ басшысы. Ол министрліктің осы мәселе бойынша бірнеше шешімді ұсынатынын айтып өтті. Мысалы, белгілі бір мамандықтарға қанша грант бөлінетінін алдын ала үш жылға шығарып қою, яғни, үш жылдық бюджет аясында мүмкін мәліметтерді жариялау. Оның айтуынша, бұл мәселені биыл талқылап, шешімге келу керек. 

Сондай-ақ, министр жетекші оқу орындарында, әсіресе, Астанадағы ЖОО-ларда орын жетіспеушілігін айтып өтті. «Бұл ЖОО-лардың танымалдығымен байланысты, яғни, барлығы елордаға барғысы келеді. Сәйкесінше, жоғары балл жинаған балалар Еуразия ұлттық университетіне немесе Астананың медицианалық академиясына тіпті ақылы бөліміне түсе алмайды. Себебі орын жоқ. Биыл бұл мәселе тағы да талқыланады. Біздің ойымызша, мұны талқыға салып, бір шешімін табу керек», – деді Ерлан Сағадиев.

Тобықтай түйін. Иә, мамандық таңдауда романтик болған жақсы, әрине. Қазір әлемде 2000-ға жуық мамандық бар болса, біз соның 200-ін ғана біледі екенбіз. Сондықтан, ата-аналар мен талапкерлер қоғамға қажет мамандықтар мен бүгінгі еңбек нарығының сұраныстарын зерттеп алғаны дұрыс. Бір сөзбен, прагматик болғанның ешқандай айыбы жоқ.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.