Бес күндік оқуға көшеді Избранное

Среда, 06 Сентябрь 2017 05:30 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5997 раз

Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар болатынын мәлімдеді. Енді еліміздің мектептері оқу жылын ұзартпай және қалыпты оқу режимін бұзбай, бес күндік оқуға өтеді.

«2017−2018 оқу жылы қыркүйек айында басталып, 25 мамырда аяқталады. Оқу жылының ұзақтығы бұрынғыдай мектепалды даярлық сыныптарында 32 апта, – деді министрлік өкілдері. 

Ал демалыс күндеріне келсек, ешқандай өзгеріс жоқ. 1-11 сынып оқушылары күзде 7 күн, қыста 10 күн және көктемде 13 күн, ал мектепалды даярлық сыныптарында: күзгі демалыс – 7 күн, қысқы – 14 күн, көктемгі – 15 күнді құрайды. Одан бөлек, мектепалды даярлық сыныптары мен 1-сыныптарға ақпан айында бұрынғыдай қосымша 7 күн демалыс берілетін болады. 

Білім және ғылым министрлігі шенеуніктерінің шешімі бойынша, балалардың оқу жүктемесін азайту жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Бұл дегеніміз, үй тапсырмасының көлемі айтарлықтай қысқарады деген сөз.

– Біз үй тапсырмасын орындауға байланысты әдістемелік кеңестерге құлақ астық. Осылайша оны орындауға кеткен уақыт мөлшері бұрынғыдан үш есе қысқаруы тиіс, – деді Е.Сағадиев. – Үй тапсырмасын орындау уақыты: 2-сыныпта – 50 минут, 3-4-сыныптарда – 70 минут, ал 5-6-сыныптарда – 90 минут, 7-9-сыныптарда – 110 минут, 10-11-сыныптарда – 130 минуттан аспауы керек. 

Сонымен қатар, мерекелер мен демалыс күндері де үй тапсырмасы берілмейді. Тек көркем әдебиет оқу, жеке ғылыми жобаларды орындау, бірінші сыныптарға математиканы тереңдетіп оқыту бойынша тапсырмаларды меңгеруге екінші жартыжылдықтан бастап рұқсат етіледі. 

Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап жалпы орта мектептерде де, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде де сабақтың ұзақтығы 40 минут болмақ. Министрлік өкілдерінің айтуынша, сабақты 5 минутқа қысқарту қосымша сабақтардың қосылып, жүктеменің азаюына мүмкіндік береді. 

– Әрбір пәнді оқуға бөлінген бағдарламалар мен сағаттардың саны өзгермейді, алайда 40 минуттық сабақтардан бұрынғы 5 минутты қосқанда тағы да 30 минут артылады. Яғни қосымша сабақ қойылған кезде бұл уақыт ескеріледі, – деді министр. 

Жалпы жаңа санитарлық ережелер бойынша барлық жалпы орта мектептер мен дарынды балаларға арналған арнайы мектептерде де 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін бес күндік оқу енгізілмек. 

Алайда министрдің тұжырымдауынша, «бес күндікті» гимназиялар мен лицейлерге енгізу қиынырақ, себебі онда негізгі сағаттардан гөрі гимназиялық және лицейлік сабақтар бар. Осыған байланысты сабақтарды сенбіге қалдырып, оқушылардың басын қатырмай, денешынықтыру, алғашқы әскери дайындық, үйірмелер, секциялар, байқаулаф мен экскурсиялар қоюға кеңес береді. 

Сонымен бірге, министрлік күнделікті оқу жүктемесін анықтауда, «яғни күніне қанша сабақ, аптасына неше күн оқуы керек» деген мәселелерді, сабақ кестесін әр мектеп қамқоршылық кеңес пен ата-аналар комитетімен бірлесе отырып өзінің шарттары мен мүмкіндіктеріне қарай өз бетінше айқындайды. 

Сонымен бұл оқу жылында көптеген мектептер бес күндік оқу жүйесіне өте алады. Тек үш ауысымда оқитын мектептер қана олай ете алмайды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.