Версия для печати

Үш тілде білім беру үмітімізді ақтай ма? Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2017 08:20 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6137 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде 2019 жылдан бастап мектептерде ұстаздар физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде өтеді. Бұл білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүреді. Өткен жылы еліміздің бас ұстазының бұл реформасы қоғамда дау туғызып, ұлт зиялыларының өзі қарсылық танытқан болатын. Қоғамда бұл жүйеге қатысты екіұдай пікірлер әлі де жалғасуда. Дегенмен, даулы реформаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңі Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы білім беру мекемелерінде басталып та кетті. Үш тілде білім берудің күнгейі мен көлеңкесі, оқулық мәселесі мен кадр тапшылығы қалай шешілуде, оқушылар жаратылыс тану пәндерін ағылшын тілінде оқуға дайын ба? Біз бұл сұрақтарға толыққанды жауап табуға тырыстық.

Министр тепе-теңдік болғанын қалайды...

Жаратылыстану пәндерін үш тілде оқыту еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың идеясы болатын. Жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға төрт жыл дайындықтан соң 2019 жылы білім саласы толықтай осы жүйеге өтеді. Яғни, 2016 жылы – 1 сынып, 2017 жылы – 1, 2, 5, 7 сыныптар, 2018 жылы – 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8, 10 сыныптар, 2019 жылы барлық сыныптарда төрт пән таза ағылшын тілінде өтеді. Ал жаңартылған мазмұндағы білім берудегі жүйенің қажеттілігі неден туындағанына министрдің айтар өз уәжі бар: «Бұл Президент ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын орындауға бастайтын бағдарлама. Мұны заманның өзі талап етіп отыр. Болашақ ұрпақтың әлемдегі ғылым мен техниканың, жалпы әлем өркениетінің жаңалығын еркін біліп, еркін игеріп, қолдана алғаны дұрыс. Ал қазір біздегі білім жүйесінде мұндай тепе-теңдік жоқ. Қазақ мектептерінде оқыған жастар тілге байланысты әрі қарай сапалы білім алуына мүмкіндігі болмай қалады. Ең жоғары деген ағылшын тілінде дәріс беретін Назарбаев, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT университеттеріне ауыл жастарының түсуіне айтарлықтай қиыншылықтардың бар екенін өзім көрдім».

Жаңа реформаға педагог-мамандар дайын ба? Мәселен, кемінде мектепте 10 немесе 15 жыл физикадан сабақ беретін білімді мұғалімнің ағылшын тілін игеріп кетуі мүмкін бе? Тіл үйренемін деп уақыт өткізіп не болмаса «артық етемін деп тыртық етпейді ме» деген сауал туындайтыны заңдылық.

 

Шымкентте 43 мектепте эксперимент басталды

– Үш тілде білім беруге шымкенттік ұстаздар дайындықты өткен жылдан бастады, – дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Кенжегүл Сағындықова. 

– Бірінші кезектегі мәселе – педагогтарды дайындау болды. 2016 жылдан бері физика, химия, биология, информатикадан сабақ беретін 956 мұғалімді іріктеп, олар Назарбаев Университеті, Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы, Астана «Бизнес» орталығы, Астана «Ұстаз» орталығының ұйымдастыруымен М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дің, «Білім» инновациялық лицейінің базаларында ағылшын тілі бойынша тілдік білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, Гонконг, Сеул қалаларына 4 мұғалім 4-ші модуль бойынша тілдік біліктілік курсына жіберілді. Әр мектептен 4 маманды бейімділігіне қарай таңдадық. Арасында жастар да бар. Бұл тұрғыда мамандарды іріктегенде қиындықтар болған жоқ. Себебі, ағылшын тілін білетін, негізі қаланған, талпынысы мен ынтасы жоғары ұстаздардың көп екендігіне көз жеткіздік, – дейді орталық басшысы. 

Қалада 2016-2017 жаңа оқу жылынан бастап 43 мектепте эксперимент ретінде 1 сыныптан жаратылыстану пәні ағылшын тілінде оқытылады. Сынақ 9 сынып оқушыларынан басталады. Оларға жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілінде сабақ өтеді. Алайда, сабақ 100 пайыз шет тілінде жүргізілмейді. Сабақ кіріктіру бағдарламасымен өтетіндіктен алғашқыда оқушылар ағылшынша термин сөздерді жаттап үйренеді. Бұған аптасына 1 сағаттан уақыт бөлінеді.

Кенжегүл САҒЫНДЫҚОВА,
Шымкент қалалық білім беру бөлімі ғылыми-әдістемелік орталығының директоры:

– Үш тілде білім беру жүйесіне дайындық жұмыстары қызу жүруде. Ұстаздар тілді жетілдіруде 3, 6, 9 айлық курстарға қатысуда. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Мамандарды іріктегенде, мектептерді таңдағанда аудиторияға әбден зерттеу жүргіздік. Тіл білетін, ынтасы бар мамандардың өздері талпыныс білдіргені бізді қуантты. Оқушылардың үш тілді меңгеруі қиын деп күдік білдіргендер көп. Дегенмен, бүгінгі балалар алғыр, олар мектеп қабырғасында жүріп қосымша тіл курстарына барады. Сондықтан, бұл жүйені жүзеге асыруда айтарлықтай қиындықтар болмайтынына сенімдімін.

Үш тіл білетін педагог... Кімдер дайындайды?

Өңірімізде білім ордаларында өз пәндерін білетін жетік мамандар көп. Республика, халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда топ жарып жүрген оқушылар да аз емес. Яғни, бұл білікті әрі білімді ұстаздардың жемісі. Әзірге, физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беріп жүрген мұғалімдерге тіл үйретіп, мәселені шешуге тырысып-ақ жатыр. Бірақ, 2023 жылы Қазақстан толықтай үш тілді білімге көшкенде кадр тапшылығын сезінбей ме? Мұны маман дайындайтын жоғары оқу орындарының жауапты қызметкерлерінен анықтап, білдік. 

Оңтүстікте жаратылыстану пәндері бойынша үш тілді меңгерген маман дайындайтын жоғарғы оқу орнының бірі – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Қазір мұнда білім бағыты бойынша 20 мамандық бар. Университетте техникалық мамандықтар бойынша ағылшын тілінде оқыту 2005-2006 жылдардан бастап қолға алынған. Жаратылыстану пәндері бойынша үш тілді педагогтарды дайындау 2012-2013 жылдан басталған. Биыл олардың алды қолдарына диплом алған. Информатикадан – 8, физикадан – 8, химиядан – 8, биологиядан – 9 студент бітірген. 

– Үш тілді жетік білетін педагог мамандарға қазір сұраныс жоғары. Біздің университетті бітірген мамандарды мектептерден арнайы хатпен шығып, сұраныс білдіруде. Әсіресе, жаратылыс тану пәндерін бітірген мамандар. Бұл топқа қабылдануда ешбір қатаң талаптар жоқ. Ұлттық бірыңғай тестпен қабылданғандардың арасынан студенттердің өз қалаулары бойынша таңдалып алынады. Оқу жылы басталғанда педагогикалық мамандыққа тапсырған суденттерге ағылшын тобының бар екендігін хабарлаймыз. Өтініш білдіргендерден тест алып, ағылшын тілін орташа білетіндерді аламыз. Әрбір топтағы студент саны 8-10-нан аспайды. Себебі, санға емес, сапаға жұмыс істеуді дұрыс санаймыз. Сонымен қатар, жоғары оқу орнында оқытушылардың білім сапасы өте жақсы. Еліміздің бас қалаларында, шет мемлекеттерде жиі біліктілігін арттырып отырады. Білім беруде өз мамандықтары бойынша өтілетін пәндерінің 60 пайызы ағылшын тілінде өтеді, – дейді М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің директоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Назарбекова.

Профессор қазіргі таңда үш тілде білім беруде оқулықтар мәселесінде қиындықтардың бар екендігін жасырмады. Өйткені, қаладағы кейбір үш тілде оқытатын оқу ордаларының өзі химия, биология, физика пәндерінің оқулықтарына аударма жасатқан. "Оқулық мәселесі орта мектептерде ғана емес, жоғарғы оқу орындарының өзінде үлкен мәселе. Жоқтан бар жасап, оқулықтарды өзіміз құрастырамыз. Бұл мәселеде елімізде білім беру саласында белгілі бір жүйе жоқ. Әркім өз тапқанымен оқытып жатыр", – дегенді алға тартты директор. Егер тапсырыс болатын болса, университеттің мамандары оқулық мәселесінде көмектесуге әрдайым дайын және бұған оқытушыларының біліктілігі жететіндігіне сенімді екендігін атапш шөтті.

 

№65 мектеп-гимназия – тәжірибе алаңы

Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия үш тілде білім беру жүйесіне 2014 жылдан бастап көшкен. Жаңа оқу жылында эксперимент ретінде екі 10-сыныпта жаратылыстану пәні бойынша сабақтар алғаш рет ағылшын тілінде жүреді. 

– Алдымен, Назарбаев зияткерлік мектебі, Қазығұрт ауданындағы физика-математика мектептерінен "бұл жүйенің тиімділігі бар ма, жоқ па?" деген зерттеулер жүргіздік. Түрлі халықаралық конференцияларға қатыстық, ұстаздарымызды тәжірибе алмасуға жібердік.

Назарбаев зияткерлік мектебінің материалдық-техникалық базасы, тілдік ортасы мен балалардың дарындылығын ескерсек, олар сияқты бірден алып кету мүмкін емес. Сондықтан кіріктіріп оқыту бағдарламасымен жұмыс істедік. Мәселен, 7 сыныпта физика пәні басталады, осы уақытта оқушыларға ұғымдарды, терминдерді үш тілде түсіндіріп, санасына сіңіре бастадық. 2 сыныпта дүниетану пәнін де осы тәсілмен оқыттық. 2014 жылы үш тілде сабақ өткен сыныптар бүгінде 10 сыныпқа жетті. Олар бұл жүйені қабылдауға дайын деп ойлаймын, – деді мектеп-гимназия директорының бейін ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Керімбаева.

Қазіргі таңда білім ордасында 6 маман өз пәндері бойынша тілдік курсты тәмамдаған. Ұстаз осы тұста бір мәселенің өзектілігін атап өтті. «Жаратылыстану пәндері бойынша өте білікті ұстаздар бар. Алайда, олардың жасына қарай ағылшын тілін үйренуде қиындықтар бар. Мұндай ұстаздар тілге келгенде тасада қалып қоймаса екен» деді.

Сайлаукүл БАРАХОВА,
ардагер ұстаз:

Үш тілді меңгеру – заманның талап етіп отырған жүйесі. Ол бізге қажет. Бірақ, бізде дәл қазір кадр дайын деуге келмейді. Асығыстық жасап, дүмше молданың тірлігіндей балаларға кәсіби біліктілігі төмен мұғалімдер сабақ беріп жүрмесін. Себебі, тіл білу үшін 4-5 жыл оқисың. Ал үш немесе тоғыз айда тілді меңгеріп кетеді деу артық. Жүйеге үлкен дайындықпен, білікті мамандармен, материалдық-техникалық базасымен келген дұрыс. Ұрпақ болашағына немқұрайлы қарауға болмайды. Бүгінде ауылды жерлерде ағылшын тілінің ұстаздары онсыз да жетіспейді. Бұл жағы қалай болады, осыны да ұмытпайық.

Түйін. Жапонияда бастауыш сынып төрт емес, алты сыныптан тұрады екен. Онда балалар 12 жасқа келгенше ана тілінде тәрбие мен білім алады. 12 жастан кейін ғана өзге тілді үйренуге рұқсат етіледі. Грузияда 9 жасқа дейін өз туған тілінде оқытады. Тіл білгеннің артықтығы жоқ екендігін бүгінгі қоғамның өзі дәлелдеп отыр. Бірақ болашақ ұрпақ өз ана тілінен алыстап кетпей ме деген күдік көп. Жаңа жүйенің жемісін уақыт еншісіне қалдырып көрелік...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.