Версия для печати

Бағдарлама тиімділігі – ашықтық және жеделділік

Среда, 20 Сентябрь 2017 05:42 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5210 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазір ақпараттық-коммуникациялық технологиялар өмірімізге дендеп енді. Әрине, ақпарат тасқыны заманында игіліктерді пайдалануымыз керек. Елде жаппай интернетке қолжетімділікті арттыру, ақпараттарды жинау, сақтау, деректер базасы қорын қалыптастыру – уақыт талабы. Ресми статистика бойынша, бүгінде елімізде халықтың 76,2 пайызы интернетпен қамтылған. Алда бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға назар аударылып отыр. Бұл орайда Үкімет дайындаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына көптеген міндеттер жүктелді.

tsifr kazakhstan

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында негізгі басым бағыттарды айқындап берген еді. «Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек, – деген еді Елбасы жолдауында. 

Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу. Алдағы уақытта 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, әлеуметтік салаларда қолданылып жатқан цифрлық қызмет көрсету кезең-кезеңімен дамытыла бермек. 

Таяуда Астанада өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте Үкімет дайындаған бағдарлама талқыға салынды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламаны Үкіметке кері қайтарып, әлі де жетілдіруге нақты тапсырмалар берген болатын. 

Республикалық кеңесте ҚР Президенті елімізде сандық технологиялар халықтың тұрмысын көтеру үшін қажет екеніне де назара аударды. «Біз – мұнай, газ, металл және т.б. шикізат көздеріне бай мемлекетпіз. Бірақ соның арқасында күн көрмеуіміз керек. Енді, міне, үшінші жаңғыру аяқталуға жақын. Оның негізі – цифрландыру. Біз көріп отырғандай, цифрландыру еліміздің, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмысын көтеру үшін қажет», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Елбасы ІТ-саласында шетелдегі отандық кадрлардың мүмкіндігін пайдалануға шақырды. 

Кеңесте сөз сөйлеген сарапшылардың пікірі қандай? Таяу Шығыс аймағында технологиялар және цифрландыруды дамыту жөніндегі BCG сарапшылық практика басшысы Александр Тюрпицтің айтуынша, Қазақстан цифрлық даму жөніндегі әлемдік рейтингте 50-ші орында тұр. Бүгінде әлемдегі мәліметтердің 99 пайызы цифрлық жүйеге көшірілді. Бүкіл әлемде 35 млрд құрылғы күн сайын мәліметтерді шығарып, олармен алмасады. Бұл бүкіл әлемдегі халық санынан 5 есе көп. Сарапшы осылай дейді.

 

Төрт басым бағыт

Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі төрт басымдығы бар. Әрқайсысының көтерер жүгі ауыр. Мәселен, «Цифрлық Жібек жолы» бағыты – ауылдық елді мекендерде интернетке кірудің кең жолақты желісін енгізу арқылы жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды құру, телерадио хабарлар тарату желісін жетілдіру, телекоммуникациялық хабты дамытуға мән беріледі. «Белсенді мемлекетке өту» бағыты – электрондық және мобильдік Үкіметті әрі қарай дамыту арқылы цифрлық үкіметті құруды көздейді. 

«Креативті қоғам» – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандардың біліктілігін жоғарылату, креативті ойлауды және осы арқылы адами капиталды дамытуды міндеттеп отыр. 

Сонымен қатар, төртінші «Экономика саласындағы цифрлық түрлендірулер» бағыты – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында цифрлық технологияларды енгізу арқылы цифрлық индустрияны дамыту, еліміздің көліктік-логистикалық жүйесін автоматтандыру, электрондық сауданы дамыту, денсаулық сақтау қызметін жетілдіру, т.б., міндеттері тұр. 

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы екі кезеңде жүзеге асырылмақ. Бірінші кезең 2016-2019, екінші кезең 2020-2025 жыл аралығына жоспарланған. 

Цифрландырудың қазіргі экономиканың түрлі салаларын дамытуда қосып жатқан үлесі мол. Мобильдік билеттер, онлайн сауда, орталықтандырылған қашықтан басқару, науқастың электрондық тарихы және дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеу сынды игіліктері бар. 

Ең маңыздысы – жаңа технологияларға негізделген цифрландыру арқылы ашықтық және жеделділік қалыптасады.

 

Әлемдік рейтингтегі әлеуетіміз

Елдегі ақпараттық қоғамның ахуалы қандай? Осыған жауап іздеп көрсек. «Зерде Холдингі» АҚ ұсынған статистикада еліміздегі 6-74 жас аралығындағы халықтың интернетті қолдану үлесі былай жіктеліпті: 2010 жылы бұл көрсеткіш 31,6 пайыз болса, 2017 жылы 76,8 пайызға жеткен. Ал компьютерлік сауаттылық бойынша да көрсеткіш осы шамалас. 6-74 жас аралығындағы халықтың үлесі 2010 жылы 43,7 пайыз болса, 2016 жылы 76,2 пайызға ұлғайған. 

Эфирлік сандық телерадио өнімдермен қамтылу да ұлғайып келеді. Бұл бағытта ел халқының 77,5 пайызы сандық технологиялық эфирмен қамтылған. 

2017 жылғы 10 шілдеде жарияланған Тафтс Университетінің Флетчер атындағы Мектеп жүргізген «Digital Planet 2017» зерттеуіне көз салайықшы. 

«Күн сайын барлық әлем бойынша миллиардтаған адамдар идеялармен алмасу, бір-бірімен саудаласу және өзіңнің отбасымен, достарымен және әріптестерімен байланыста болу үшін интернетті пайдаланады. Google іздеу жүйесі жылына 1.2 триллионнан астам сұратуды өңдейді, Facebook шамамен 2 миллиард белсенді қолданушыларына ие», делінген әлгі жарияланымда. 

БҰҰ зерттеулеріне сәйкес, 2016 жылы электрондық үкіметтің тиімділігін бағалау бойынша Қазақстан әлемде 33 орынға жайғасыпты.

 

Уақытты үнемдеуге мүмкіндік

Рас, қазір компьютерді пайдаланбайтын адам жоқ. Жаңа технологияның жетістігі барлық жұмысымызды оңтайландырып, жұмысты дұрыс үйлестіріп отыр емес пе?! «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» кезең. 

Компьютердің адам өміріндегі маңызы өте жоғары: қоғамның барлық саласына қажеттігін, әрі оның пайдаларын айтып тауыса алмайсыз. Игілігі көп-ақ. Мәселен, интернет арқылы жылдам байланысу, ақпараттарды тез өңдеу, әртүрлі есептеулер жүргізу, құжаттарды безендіру мүмкіндіктеріне кең жол ашық, ең бастысы уақыт үнемделеді. Жүздеген адамның жұмысын 1 компьютер атқарып отыр. 

Қазір елде цифрлық технологияларды енгізу қолға алынып жатқан бірқатар салаларды айта кетсек. Мәселен, ауылшаруашылық саласында көптеген жобалар бар. Келешекте ауылшаруашылық министрлігінде ақпараттық жүйелер, есепті енгізуді және ветеринария саласында мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, асыл тұқымды жануарлардың есебі, селекциялық жұмыстар, астықты сату және оның есебі, жер және жер қорларының есебі, т.б., жұмыстардың электрондық картасын дайындауға мән беріледі. Осы салада ақпараттық технологиялар жасаумен айналысатын маман Талғат Тілес бізге бұл картаның ерекшеліктерін түсіндіріп берді. Егіс даласының электрондық картасының (өнімділік, топырақ картасы) артықшылықтары орасан. Бұл жағдайда егіс даласының жағдайын талдау, агроөнеркәсіптік жұмыстарды зерделеуге мүмкіндік зор. 

Мұның бәрі де жұмысты жеделдету, автоматтандыру, бағдарламалар мен жобалардың барысын, жұмыстың ауқымын бір жерден бақылауға мүмкіндік әрі фермерлердің шығындарын азайтып, өнімділікті жоғарылатуға септігін тигізеді.

 

БАҚ саласында да оң бетбұрыс бар

Жыл басында ел газеті «Егемен Қазақстан»-ның басшылығы цифрлық технологияны енгізу бойынша тамаша бастаманы қолға алды. Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің мәлімдегеніндей, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Егемен Қазақстан» газетінің архивтегі барлық нөмірлері түгенделіп, оның беттері түгелдей цифрлы нұсқаға көшірілмек. Жоба аясында газеттің 1919 жылы 17 желтоқсанда алғаш «Ұшқын» деген атаумен шыққан кезінен бастап, «Егемен Қазақстанға» дейінгі цифрлы мұрағаты жинақталмақ. Біріншіден, бұл газет нұсқаларын сақтауға, оны қорғауға мүмкіншілік берсе, екінші жағынан тарихи кезеңдер бойынша да ізденушілерге тиімді. 

IT технологиялардың дамуымен қатар, елдегі барлық газеттер электронды форматқа көшіп жатқаны мәлім. Веб-сайттардың да қатары артқан. Уақыт сәтімен олардың әлеуеті әлі де арта бермек. Осы орайда облыста ресми тіркелген электронды БАҚ-тың санын келтірсек. ОҚО-да жалпы бүгінде 13 телеаарна, 4 радио, 20-ға жуық ақпараттық портал жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая беретіні белгілі. 

Әрине, адамзат баласы үшін уақыттың құндылығы жоғары. Қазіргі жаңа технологиялар, инновациялар барлық сала қызметкерлерінің жұмысын оңтайландырып, уақытты үнемдеуге барынша үлес қосуда. Қорыта айтқанда, цифрландыру – бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жарқын болашағы.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.