Балалар кітапханасы ашылды Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2017 05:28 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 8333 раз

Қала мерекесіне орай Шымкентте балалар кітапханасы пайдалануға берілді. Қалалық орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесі 112 орамда орналасқан, іргетасы 1977 жылы қаланған.

DSC 2261

Қырық жылдық тарихы бар мекеме 2013 жыл апатты деп танылып, жарамсыз болған. Десек те, кітапханада 34 мыңға жуық кітап қоры және 2 мыңға жуық оқырманы болған. Келушілер саны да аз емес, 20 мыңға жеткен.

Мерекеде рухани мекен оқырманымен қайта қауышуына мүмкіндік алды. Биыл бюджеттен 44 млн теңге қарастырылып, сәуірде кітапхана іргетасынан бастап қайта салынды. Құрылысты мердігер «Нұр таңстрой» ЖШС жүргізіп, қыркүйек айында мекеменің кілтін табыстады. 

DSC 2341

Балалар кітапханасының ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, белгілі жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт қатысып, лентасын қиды. Мерекеге кітапханашылар, оқушылар мен елдімекен тұрғындары қатысты. Қайрат Ырзақұлұлы: Кітапхана нағыз – білімнің құдығы. Бұл кітапхананың қоры аз емес, енді балаларымыз кітапты электронды түрінде оқуына мүмкіндігі бар. Оқушылардың бүгін көп жиналғанына қуанып тұрмын», – деп игі тілегін жеткізіп, қуанышын жасырмады.

DSC 2358

– Бүгінде адамзат кітапқа салқындап, интернетке бет бұрды. Бірақ, бұл уақытша құбылыс. Кітап қазақтың қара наны секілді қала береді. Әлеуметтік желі, интернетті білген, үйренген жақсы, бірақ кітап қатар жүруі тиіс. Текетіреспей, екеуінің арасына соғыс жүрмей, қайшылық тумай, бір-бірімен ықпалдаса, ынтымақтаса, үйлесімді әрекет жасау керек. Оны жасайтын мына жастар. Елбасының өзі болашақты кітап оқыған жастар басқарады деді. Мына 112 орамда қалың тұрғындар арасында жарқыраған үй пайда болды. Мұны игілікке жарата білейік, – деді құттықтау сөзінде жазушы-журналист Мархабат Байғұт.

Қонақтар ғимаратты аралап, танысты. Жаңа кітапхана жиһаз, компьютерлік техникамен жабдықталған. Интернет желісіне қосылып, «РАБИС» электронды бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіп келеді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.