Версия для печати

Күш – білімде, білім – кітапта

Понедельник, 23 Октябрь 2017 11:31 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 11855 раз
Оцените материал
(0 голосов)

бүгінгі оқырманның талғамы қандай?

kitap-83

Француз жазушысы Гюго кітапты асып-таспайтын асыл досқа теңеген. Ал Карл Маркс оқыған кітаптарынан үзінді жазып жүрген болса, Шекспир үшін кітап тақтан да қымбат саналды. Бұл өткен ғасырлардағы кітап туралы қалыптасқан көзқарастар. Бүгін кім қандай пікірде? Қазір кітапты қайдан сатып аласыз? Шымкентте қанша кітапхана бар? Қаламызда сирек кездесетін кітаптардың қайда екенін білесіз бе? Соңғы рет қашан кітап оқыдыңыз? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп, журналистік зерттеу жүргіздік.

 

Шымкентте қанша кітапхана бар?

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мәліметі бойынша, Шымкентте 38 кітапхана бар. Жалпы 921 300 кітап қоры болса, оның ішінде ең үлкені – «Абай атындағы қалалық кітапхана». Алып шаһар үшін бұл аз дүние емес. Тағы осы тізімге облыстық ірі кітапханаларды қосыңыз. 379 000-ға жуық кітабы бар «Отырар» кітапханасының оқырман саны 12 000. Бұл ретте оқырман көптігінен А.С.Пушкин атындағы кітапхана көш бастап тұр. 30 000-нан астам оқырманы бар кітапханада 217 000-ға жуық кітап бар. Ал Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында 253 209 кітап, оларды оқитын 26 778 оқырман бар екен.

 

Болашақ books

Уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі тоқтаған ба?! Шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті арттыра түсуде. Заманауи технологиялар дамыған сайын жастардың кітап оқу процесі де бәсеңдегені жасырын емес. Бұдан арылудың бір ғана жолы осы технологияларды ұтымды қолдана білу. Осыны саралап қарасақ болашақтың кітаптары – электронды кітаптар деуге әбден болады. Қазірдің өзінде, әлемде 2017 жылдың алғашқы 7 айында электронды кітаптарға сұраныс 2,5 есе артқан.
Осы бағытта дүкен сөрелерінде электронды кітаптар да пайда болғанына біршама уақыт өтті. Тіпті, кей жастар кітапханаға барып кітапты смартфоннан оқуды артық санайды.
Біле жүріңіз. Электронды кітаптың түрлі модельдерін «Технодом», «Эврика», «Алсер» т.б. сауда үйлерінен 20 – 90 мың теңге аралығындағы бағаларда сатып ала аласыз.

 

Кітапты қайдан сатып аласыз?

Қазақ тіліндегі кітаптардың басым көпшілігі Шымкент қаласындағы «Төле би» кітап дүкенінде сатылады. Мұндағы сатылымда 1 млн-ға жуық кітап бар. Одан басқа
MARWIN дүкендер желісінің ішіндегі «Меломан» кітап дүкендерінен де түрлі топтамалар табасыз. Кітаптары қаламыздың ең үлкен сауда үйлері: Shymkent Plaza, Фиркан сити және Mega planet-те орналасқан. Кітаптар 25 түрлі бөлімге бөлінген. Әлем әдебиеті мен Нобель сыйлығының иегерлерінен бастап, аудиокітаптар, «100 негізгі кітап», «Әлем классикасының алтын қоры», «Азбука-классика», «Бүкіләлемдік әдебиет кітапханасы», «Покет-бук» секілді сериялармен шыққан кітаптарды да аталған жерден кездестіресіз.

 

Дерек пен дәйек

MARWIN дүкендер желісінің қаламыздағы: Mega planet бөлімшесінде – 25 000-ға жуық, Shymkent Plaza бөлімшесінде – 15 000-нан аса және Фиркан сити бөлімшесінде – 10 000 кітап сатылымда. Бағаларына келсек, бір ғана балалар әдебиеті бөліміндегі кітаптың ең төменгі бағасы 100 тг. Ал жоғары бағада Питер Пэн туралы кітапты 21000 тенгеге сатып ала аласыз.

 

Түнгі кітапхана

Көпшіліктің кітап оқуға уақыт тапшылығы мен жұмыстан қол босамайтындығы белгілі. Осы мақсатта түнгі кітапханалар жүйесін дамыту қажет. Әлем елдерінде бұл дамыған үрдіс. Мысалы, Германияның Штутгард қалалық кітапханасы кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Тіпті кітапхана жабылғаннан кейін оқырмандарға арнайы бұрыш дайындалған. Ол жерден қалаған кітабыңызды алып кете аласыз. Мәскеуде Ф.Достоевский атындағы кітапхананың есігі таңғы 5:30-ға дейін ашық. Ал одан басқа кей кітапханалар түнгі 22:00-ге дейін оқырмандарға қызмет көрсетеді.

 

Қай ел көп кітап оқиды?

Әлемдегі әлеуметтік, маркетингтік, сондай-ақ психологиялық т.б. зерттеу жүргізетін орталықтардың бірі GFK (неміс зерттеу компаниясы) 2017 жылы кітап көп оқитын елдердің көш басында Үндістан тұр. Тізімді Тайланд, Қытай, Филиппин және Еуропа елдері жалғастырған.

 

BOOKCROSING −бүкіләлемдік қозғалыс

BOOKCROSING бүкіләлемдік кітап қозғалысы да кітап оқушылар санын арттыра түседі. 2001 жылы мамыр айында Рон Хорнбекер есімді азамат өз үйінің есік алдына жиырмадан аса кітап қалдырады. Дәл осылайша осы қозғалыс басталады. Сонан бері BOOKCROSING қозғалысының ресми сайтында 13 млннан астам кітап «бостандыққа» жіберілген. Қозғалыстың мақсаты өзің оқыған кітапты, қауіпсіз қоғамдық орындарға тастап кету арқылы өзге біреуге тарту ету немесе «бостандыққа» жіберу. Қозғалыс қатысушыларын буккросерлер деп айтады. Қозғалыс Итальяда PisaLibro деген атаумен қарқынды дамыды. Ал Флоренцияда үкімет 5000-ға жуық кітапты осы қозғалыс негізінде «бостандыққа» жіберген. Германияда болса бейресми мәліметтерге сүйенсек 10000 кітап күн сайын «азаттыққа» ие болады. Аталған елдерде қауіпсіз жерлер: аялдамаларда, қоғамдық көліктерде, оқу ғимараттарының алдында жатқан кітаптарды оқуға алып кетсеңіз болады.
Астанада осы қазан айында Болашақ ассосиациясының бастамасымен көпшілік орындарда қауіпсіз сөрелер пайда бола бастады. Ал Талдықорғанда аялдамалардағы QR кодты кітапханалардан кітап оқи аласыз. Бұдан бұрын мұндай кітапханалы аялдамалар елордамызда пайда болған еді.

 

Ең көп оқылатын кітаптар

Kitap.kz арнайы сайтының мәлеметіне зер салсақ, ең көп оқылған кітап Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» туындысы. 51770 рет оқылған. Ал «Меломан» кітап желілерінде Антуан де сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасы мен детективтік, мотивациялық кітаптар көбірек сатылады. Қазақ тіліндегі көркем әдебиеттен Төлен Әбдіктің «Оң қол» кітабын сұраушылар көбірек екен.

 

Түйін

Нарықтық заманда рухани байлықты таразыға салатын адамдардың азаюы, әрине жақсылықтың нышаны емес. Рухани жаңғыруға бастар бірден-бір жол − кітап оқу. Мегаполис атанғалы отырған Шымқалада кітап жеткілікті, тек оны оқитын оқырман аз болып тұр. Кітап оқиық, қадірменді оқырман!

 

kitap pikir-2Зоя ОРАЛБАЙҚЫЗЫ,
Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры:

– Бәсекеге қабілетті ұлт ең алдымен біліммен сусындап өсуі қажет. Жастарды кітап оқуға баулу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Кітапханамыз «Кітап – жетістікке апарар жол», «Көркем әдебиет дала мен қала кітапханаларында» т.б. жобалар бойынша жұмыстар атқарып жатыр. 2015 жылдан бастап «Әлемді кітап арқылы танимын» атты үлкен байқау өткіземіз. 2015 жылы 187, 2016 жыл 216, 2017 жылы 297 үміткер қатысты.
Жаңадан І.Есенберлин, С.Сейфуллин, А.Құнанбаев, М.Мағауин, М.Шаханов, И.Байзақов т.б ақын-жазушылардың кітаптары түсіп жатыр. Кітап оқимын деген өскелең ұрпақ үшін барлық жағдай жасалған.

 

kitap pikirӘсемай ҚУАНЫШЕВА,
Электронды кітап қолданушы, №2 «Білім-инновация» қыз балалар лицей-интернатының 11-сынып оқушысы:

– Уақытымды тиімді өткізу үшін бос уақытымның бәрінде кітап оқуға тура келеді. Жолда, қоғамдық көлікте кітаптарды алып жүру мүлдем ыңғайсыз, ал оқу тіпті мүмкін емес. Ал кітаптарды телефоннан, планшеттен оқу өте қолайлы. Өзіңмен бірге алып жүруге де жеңіл. Оның үстіне он кітап дейсіз бе, жүз кітап болсын жүктеп ала бересің. Егер телефон, планшет көзге зиян десеңіз қазір арнайы электронды кітаптар да шыққан. Олардың радиосәуле бөлуі төмен болғандықтан денсаулыққа да қатты зиян емес. Мұнан басқа, қаламызда BOOKCROSING бүкіләлемдік кітап қозғалысын да жандандырсақ игі бастама болар еді. Бұл туралы мен ғаламтордан бірнеше мәліметтер оқыдым. Осы жоба жастардың кітапқа қызығушылығын артырады деп білемін.

Бағдәулет НҰРМАТ

Последнее изменение Понедельник, 30 Октябрь 2017 10:03
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.