Версия для печати

ОҚМПИ: КЕШКІ ОҚУ арқылы грантқа түсуге болады

Пятница, 10 Ноябрь 2017 05:41 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6580 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында студенттер кешкі уақытта дәріс алады. Жастар еңбекке араласа жүріп, болашақ мамандығын иегеруге дайындық жүргізеді. Яғни, білім алудың жаңа формасында оқуды жұмыстан босамай-ақ жалғастыруына болады. 80 жылдық тарихы бар институттағы жаңадан құрылған кешкі оқыту және дайындық факультетінің алғашқы 70 түлегі биыл ҰБТ-те жоғары көрсеткіш көрсетіп, еліміздегі  жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алған.

23316333 1506450836106098 6232412293738111021 n

Оқытудың жаңа формасы

Кешкі оқыту деп аталатын бұл факультетте білім алып жатқан жастар тыңдаушылар деп аталады. Тыңдаушылар институттың аудитория партасына кешкі сағат 19.30 отырып, 22.00-ге дейін оқытушылардан дәріс тыңдайды. 

Бұл ұлттық бірыңғай сынақтан сүрініп, жоғары балл жинауға мүмкіндігі болмаған, кәсіптік білім және колледжден кейін білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруға ниет білдірген жастарды қолдауға арналған оқыту формасы. 

– Елімізде жастарға оқуға, ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға мүмкіндіктер мол. Бұл үшін көптеген бағдарламалар қабылданып, мемлекеттік білім грант саны жылдан-жылға артуда. Оған дәлел ретінде институттан ашылған оқытудың жаңа формасын атап өтуге болады. Оқу ордасының ректоры Оңалбай Аяшевтың бастамасымен ашылған факультетте студенттердің оқу қабілеті, білім, таным ерекшелігін арттыруды мақсат еткен. Мұнда 31 мамандық бойынша тыңдаушылардың сапалы білім алуына дайындық жүргізіледі. Физика, математика, химия, информатика бойынша ҰБТ-ке дайындап, музыка, бейнелеу өнері секілді қосымша шығармашылық ізденісін арттыруға күш саламыз, – дейді ОҚМПИ кешкі оқыту және дайындық факультетінің деканы Гүлжайна Байқонысқызы. 

18301456 1329040733847110 6476582653165200705 n

Факультет басшысы кешкі оқудың жастарға мынадай тиімді тұстарын атап өтті. Еңбегін біліммен ұштастырады, бір жылдық курста тегін білім алады және оларға шәкіртақы тағайындалады. Оқуға еліміздің ғана емес, Қытай, Өзбекстан секілді Қазақстанда жоғары білім алғысы келетін қазақ жастары тартылған. 

2017-2018 оқу жылында талап білдіргендер арасынан арнайы құрылған комиссия 104-ін тест арқылы іріктеп алған. Олардың 64-і тілдік дайындық курсына қабылданған, ал қалған 40 шетелдік қазақ тыңдаушысы қазақ тілін меңгеруде.

 

Болашақ үш тілді мамандар дайындайды

Білім реформасына сай, 2019 жылға қарай елімізде мектептерде жаратылыс тану пәнін ұстаздар үш тілде өтеді. Дәл бүгінгі таңда білім ордаларындағы физика, химия, биология, информатика пәндері мұғалімдерінің ағылшын тілін меңгеруіне мемлекет күш салуда. Кешкі оқыту факультетіне осы үш тілді меңгеретін педагог мамандарды даярлау міндеті де жүктелген.

23435354 584018418597219 342811794 n

– Студенттерді физика, химия, биология, информатика пәні бойынша ұлттық тестке дайындаумен қатар,жаңаша ғылым мен технологияның жетістіктерін пайдалана отырып ағылшын тілін үйренеді. Олар жоғарғы оқу орнына түскенде жан-жақты білімімен барады. Алғаш дайындаған 70 тыңдаушының барлығы қазір мемлекеттік грант есебінен білім алып жатыр. Мұның барлығы оқытушылардың еңбегі, талапшылдығы, білімге құштар жастардың зейін-парасатын тани білуінің нәтижесінде деп ойлаймын,– дейді Гүлжайна Байқонысқызы. 

Айта кетерлігі, тыңдаушылардың ұстаздарға деген құрметі ерекше екен. Студенттермен әңгіме барысында Гүлфайра Исабекова (орыс тілі), Әйгерім Есіркепова (ағылшын тілі), Асхат Ниязмбетов (математика), Бағдат Абдукадыров (физика) секілді білікті ұстаздардың білім берудегі тәсілдерін ықыласпен атап өтті.

 

Тыңдаушылар белсенді

Кешкі бөлім тыңдаушылары институт төңірегінде өтетін іс-шаралардан шет қалмайды. Барлық шарада олар белсенді, – дейді басшы. Жуырда тыңдаушылар «Туған жер» бағдарламасы аясында Оңтүстіктің киелі-тарихи орындарына саяхаттап қайтқан. 

Аружан Босынбекова болашақ мамандығын ұстаздықпен байланыстырғысы келетін тыңдаушы.

– Қазіргі таңда жаратылыс тану пәндерін мұғалімдерге үш тілде өту міндеті жүктеліп отыр. Егер тілді білсем сұранысқа ие маман болатыныма сенімдімін. Сондықтан ағылшын тіліне басымдылық танытып жүрмін. 

Институтта оқытушылар құрамының біліктілігін алғашқы түлектерден естіп, осында сынақ тапсырып, өттім. Қазір мектеп бітірушілер ұлттық тестке дайындық алдында жаратылыс тану пәндерін ақылы түрде қосымша оқиды. Ал мұнда тегін. Сондықтан білікті ұстаздардан мүмкіндігінше үйреніп, дамытуға тырысып жатамыз. Оқу ордасынан алған білімімізді еліміздің дамуына жұмсап, сенім білдірген жандардың үмітін ақтаймыз, – дейді тыңдаушы Аружан. 

Енді ғана жұмысын бастаған кешкі оқыту және дайындық факультетінің алған қойған мақсаттары көп. 

– Қолөнер бұйымдарын жасайтын, ән-биге жақын жастарды жинақтап, үйірме ашуды мақсат етіп отырмыз. Бұл кейбір тыңдаушылардың күндізгі уақытта еңбектенуіне, болашақ мамандығының қыр-сырын үйренуіне, кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасайды. Егер тыңдаушы болашақта бейнелеу өнері және сызу пәнін таңдап, бір жыл уақытында шеберлігін шыңдаса, өмірде ұтары көп боларына сенімдімін, – дейді Гүлжайна Байқонысқызы.

Оқу ордасындағы кешкі оқыту және дайындық факультеті өңірімізде алғаш ашылған саланың бірі. Әзірге республикада жоғарғы оқу орнына түсуге тегін дайындайтын курсты өзге жоғарғы оқу орындары қолға алмаған. Сондықтан бұл жастардың білім алуына – мемлекет тарапынан жасалған үлкен көмек.

23231575 1506451806106001 2608014267918426990 n

ОҚМПИ-ға – 80 жыл

ОҚМПИ – тарихы терең шежірелі шаңырақ. Ол 1937 жылы Оңтүстікте алғаш ашылған екі жылдық мұғалімдер институты. 1993 жылы Шымкент педагогикалық институты Түркістан қаласында жаңадан ашылған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ құрамына кірді. 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қайта ашылды. Осы уақыт аралығында еліміздің сол кезеңдегі маңдай алды алғашқы зиялылары, ғалым ұстаздары еңбек еткен қасиетті де киелі қара шаңырақ тек облыс көлемінде ғана емес, республикамыздың басқа да аймақтары үшін мыңдаған білікті маман педагогтарды даярлап шығарды. Осы институт қабырғасынан өмірге жолдама алған сан мыңдаған ұстаздар – ғылым, білім, өнер, спорт салаларында қажырлы еңбек етіп жүр.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.