Мықтылардың бірі – Мәметова мектебі

Пятница, 08 Декабрь 2017 08:59 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 432 раз

Биыл Шымкент қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектеп өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында аталған білім ордасының ұстаздары қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, түрлі жетістіктерге жеткізді. Мектеп маңынан ашылған «Балапан» шағын орталығы да жемісті еңбек етіп келеді. Талапты мұғалімдер мен талантты оқушылар ордасына айналған, тарихы терең мектептің директоры Айжан Бершімбаевамен сұхбаттасқан едік.

DSC 1883

– Айжан Серікбайқызы, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Сұхбатымызды мектептің тарихынан бастасақ... 

– Рахмет! Мектебіміз 1977 жылы ашылған. Өткенге үңілсек, өте тәжірибелі педагогтар еңбек еткенін байқаймыз. Мәселен Владимир Ким, Анна Кузнецова, Николай Александрович, Шахар Әбдраймова, Гүлфарида Сапарбаева және тағы басқалар. Бұл ұстаздардың осы білім ордасының имиджін қалыптастыруда атқарған еңбектері зор.

– Қазір қанша мұғалім қызмет етеді? Олардың деңгейлері қандай? 

– Мектебімізде 130 мұғалім қызмет етеді. Қазір де білікті мамандарға кенде емеспіз. Ұстаздарымыздың 70 пайызы жоғары санатты. Олар «Кембридж» бағдарламасы бойынша деңгейлік оқудан өтті. Осыған орай мектебімізге Лондоннан арнайы мамандар келіп, жұмысымызға жоғары беріп, сертификат табыстады.

DSC 1953

Қазір қалада 40-қа жуық лицей-гимназия мектеп бар. Оларда іріктелген балалар оқиды. Ұстаздарымыз қаладағы ең білікті әрі үздік мұғалімдер қатарында. Олар осындағы сабағынан бөлек мүгедек балалардың үйіне барып дәріс өтеді. Мемлекет тарапынан мұндай мұғалімдерге ешқандай қосымша көмек қарастырылмаған. Соған қарамастан олар өз ісінің нағыз патриоты.

 

– Сондай ұстаздарды атап өте аласыз ба?

– Мәселен, Ольга Николаевна. Ол қаладағы мұғалімдер арасында биологиядан ең жоғары көрсеткішке ие. 30 сұрақтан 30 ұпай жинады. Сондай-ақ, қазақ тілі пәні мұғалімі Серік Төлендиев. Ағылшын тілі ұстазы Жұбат Сахиевна.. Бұл ұстаздардың шәкірттері де өздері секілді, түрлі республикалық, халықаралық дәрежедегі білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болуда.

IMG 4722

– Оқушыларыңыздың қандай жетістіктері бар?

– Қазір мектепте 2000 оқушы білім алады. Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Саннан сапаға көшіп келеміз. Үлгілі оқушыларымызға келер болсақ, мәселен, Айбек Байдуллаев деген шәкіртіміз Францияда математика пәнінен өткен жарыста 2 орын иеленді. Ал Ораз Ақжарқын 

«Қазақстандағы уран өндірісінің қоршаған ортаға және аумақтың тіршілік қауіпсіздігіне тигізетін әсерінің экологиялық мәселелері» тақырыбында облыстық ғылыми жобада бірінші орыннан көрінді. Жуырда үш оқушымыз республикалық «Зерделі» сайысында 1 орын алды. Және қаладағы «Өнер фестивалінде» бас жүлдеге ие болды. 

DSC 1920

Сонымен қатар биылдан бастап робот техникасы үйірмесі ашылған болатын. Осы уақыт ішінде екі рет халықаралық жарыста екінші орынға қол жеткіздік. Мектептегі шаралар Елбасының «Бірлігіміз жарасқан» бағдарламасы аясында жүргізіледі. 

Бұлардан басқа 10-ға жуық спорт үйірмесі бар. Барлығы тегін. Бұл бағытта да жетістіктеріміз аз емес. Мысалы, Нұрсан Айбол дзюдодан, Данара Тұрматова аквадроннан, Динара Муминова қол добынан спорт шебері, Ли Наташа каратэден халықаралық спорт шебері.

Биыл мектебіміздің 40 жылдық мерейтойы үлкен көлемде тойланды. Оған қалалық, облыстық білім басқармаларынан, әскери бөлімшелерден, ішкі саясат, мемлекеттік емес ұйым қызметкерлері қатысып, алғыс хаттар табыстады. Осы марапаттардың астарында Мәншүк Мәметова есімі тұр. Біз осындай жетістіктеріміз бен игі істеріміз арқылы қазақтың батыр қызын әлемге таныта аламыз.

 

– Мәншүк Мәметова есімі оқушылар мен ұстаздарға қаншалықты шабыт береді?

– Мектебімізде М.Мәметоваға арналған бұрыш бар. Ондағы ақпараттарды оқушылар мен ата-аналар жинастырған. Ал «Ерлікке тағзым» деген бұрышта оқушылардың «Мәншүк апаға арнау» деген өлеңдері мен шығармалары жиналған. Сондай-ақ, «Мәншүк» деп аталатын газет және сайтымыз бар. Осылардың өзі оқушылардың қазақтың ержүрек қызына деген ерекше ықыласын көрсетеді. Жуырда ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақтөбе педагогикалық институтының құрметті профессоры, “Қос шынар” Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес мектебімізге кітабын сыйлап, алғыс хатын табыстады.

DSC 1976

Жалпы Мәншүк Мәметованың тағдыры ерекше. Оны ұрысқа Жамбыл Жабаевтың өзі Алматыдан шығарып салған. Соғыста Нұркен деген ғашығы болған. Екеуі бір уақытта қайтыс болыпты. Осының өзіне ерекше кино түсіруге де болады. Жыл сайын Әлия Молдағұлованы Ресейде де ерекше еске алады. Оның атында мектеп, көше бар. Мәншүк Мәметованың да есімін солай құрметтеп, қастерлеуіміз керек.

 

– Мектеп маңынан ашылған шағын орталық жұмысы қалай жүріп жатыр? 

– Мектебімізде «Балапан» шағын орталығы жұмыс істейді. Ашылғанына 7 жыл болды. Ондағы 4 топта 70 бала бар. Әр топта 15-20 бала тәрбиеленеді. Бірқатар мұғалімдеріміз, дәрігерлеріміз мектепте де, орталықта да қызмет етеді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін, ән-күй, денешынықтыру сабақтарын өтеді. Бастауыш мұғалімдеріне балаларды осы орталықтан алған тиімді. Өйткені осында барлығына үйреніп қалады. Тек тамағына ғана 10 мың теңге төлейді. Ас мәзірі көрсетілген кесте бойынша беріледі.

– Рахмет!

Последнее изменение Пятница, 08 Декабрь 2017 10:05
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.