Тіл орталығы тұңғыш рет Шымкентте құрылған Избранное

Среда, 13 Декабрь 2017 05:21 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 6249 раз

Шымкент қалалық әкімдігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығының» ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Әрине, бұл айтуға оңай болғанымен, тыңнан түрен салып, елімізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын Орталық ашудың тым күрделі әрі аса қиын болғанын біреу білсе, енді біреу білмейді.

1111


Қазақта «Өткенді еске алған өскендіктің белгісі, ал өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі» деген сөз бар. Ендеше, бұдан 20 жыл бұрынғы тіл Орталығын құрудың тарихына қысқаша тоқталып кеткенім жөн болар. Шымкентте 1989 жылғы халық санағы бойынша, қаладағы қазақтардың үлесі 29% ғана болған. 90-жылдардың басында еліміздегідей, қаладағы қазақ тілінің ахуалы алаңдаушылық туғызып отырған проблема болғандығын көпшілік білер. Әлбетте, Шымкентте қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығы бірден және оп-оңай құрыла салған жоқ. Алдымен, Шымкентте қазақ тілін ақысыз оқыту Орталығын құрудың қажеттілігіне тоқталсам, 90-жылдардың басында қала түгілі, аудандар мен ауылдар да барлық құжаттар орыс тілінде жүргізілетін. Оған өз басым талай куә болғам. Тіпті, 100% қазақ ұлтының өкілдері тұратын ауылда да бұйрықтар орысша шығарылатын. Соған байланысты, 1990 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары қазағы көп шоғырланған аудандарда да құрылғаны белгілі. 

Сол жылдары ұл-қыздарымызды ана тілінде оқытуға қазақша балабақша мен мектеп жеткіліксіз еді. Оған дәлел ретінде, 1990 жылы Шымкентте 3-ақ таза қазақ мектебі мен 2 қазақ балабақшасы болғанын айтсақ та жеткілікті. Институттар мен техникумдарда студенттер негізінен орыс тілінде оқитын. 

Мен 1993 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасының бастығы болып тағайындалған соң, басқарманың бас маманы Ү.Қарасаев екеуіміз, қала әкімінің 1994 жылғы 31 мамырдағы № 513 қаулысымен «Тіл және халықтық педагогика мәселелерімен шұғылданатын әдістемелік орталық» аштық. Осы Орталық негізінде қалалық Тіл басқармасының жанынан «Қазақ тілін оқыту Орталығын құру туралы» қала әкімі А.Ормановқа ұсыныс хат жаздық. 

А.Орманов азаматтық танытып, сол кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, басынан талай зобалаңды өткізген қазақ тілі өзінің өрлеу дәуіріне бет алғанын байқап және ана тіліміздің болашағын ойлап, 1997 жылдың 31 қаңтарында Шымкент қалалық әкімшілігі Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ашу туралы тарихи шешімге қол қойған еді! Осы тарихи шешімнің негізінде, бұдан 20 жыл бұрын Шымкентте мемлекеттік тілді мәртебесіне жеткізудің нақты қадамы жасалып, республикадағы тұңғыш Орталық өз жұмысын бастаған болатын. 

Оңтүстіктен бастау алған осы жағымды жаңалық сол замандағы тілсүйер қауымды бір желпіндіріп, қуандырғаны анық. Бұл игі бастама 1998 жылы Астана қаласында және республикамыздың басқа қалалары мен облыстарында қолдау тауып, төрт-бес жылда бүкіл Қазақ-станға таралды. Осынау тарихи жеңісіміз шын мәнінде «Оңтүстік – ұлтымыздың ұйтқысы» екендігін тағы бір дәлелдеді. 

Содан бергі уақытта «Тілдерді оқыту орталығының» атауы бірнеше рет өзгеріп, басшылары да ауысты. Өткен 20 жыл ішінде, бұл Орталықта бірнеше мыңдаған мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекемелердің мамандары және қаланың қарапайым азаматтары қазақ тілін оқып-үйренді. Ал кейінгі 10-15 жылдан бері азаматтар орыс және ағылшын тілдерін оқып-үйренуде. 

Бұдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Біздің міндетіміз − 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу» деген міндеті, Оңтүстік Қазақстанда 10 пайызға артығымен орындалуына Орталықтың қосқан үлесі зор.

 

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.