Тәртіп пен білім ұясы Избранное

Среда, 13 Декабрь 2017 05:28 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 383 раз

«Тарихқа құрмет, болашаққа бағдар».№68 жалпы орта мектепте осындай атаумен тарих және география апталығы өтуде. 5-15 желтоқсан күндері аралығына жоспарланған шара аясында сыныптан тыс «Туған жерге туыңды тік»,«Алаш қозғалысына – 100 жыл»,«Адам және оның құқықтары», «100 кітап оқы»тақырыптарында ашық және тәрбие сабақтары, дөңгелек үстелдер, интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылуда.

01001

– Елбасының «Құқықтық жаппай оқытуды жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығына орай мектебімізде тәрбие сағаттары өткізілуде. Оқушылар осы арқылы патриоттық сезімдерін қалыптастырып, құқықтық білімдерін толықтыра алады, – дейді мектептің әлеуметтік педагогы, құқық пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сайлауқызы. 

Сонымен қатар, апталық аясында ата-аналар форумы өтті. Оған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев, «Нұр Отан партиясы Шымкент қалалық филиалының мүшесі Бердіқұл Исаұлы, қалалық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Гүлбану Әбдіғаппарқызы және ата-аналар қатысты. 

IMG 9173

Шара барысында ұстаздар оқушылардың тәртіп, тәрбиесі жөнінде және мектеп-оқушы-ата-ана арасындағы байланыс туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ, жанұядағы зорлық-зомбылық, оқушы, мұғалім, ата-аналардың құқықтары түсіндірілді. 

– Бала тәрбиесі – барлығымызға ортақ тақырып. Олардың болашағына біз жауаптымыз. Ата-аналар, ұстаздар барынша тиімді жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда мектебімізде ешқандай оқушы құқықтық, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және еш жерде тіркелмеген. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы тиіс, – деді мектеп директоры Құрбанәлі Кенжебаев. 

IMG 9184

Жалпы соңғы уақытта №68 жалпы орта мектебінде атқарылып жатқан жұмыстар көз қуантарлық. 2010 жылы пайдалануға берілген алтын ұяда 1000-нан аса оқушы тәлім алуда. Ал оларды 100-ден аса ұстаз білім нәрімен сусындатып келеді. Басым бөлігі жоғары санатты. Солардың бірі, физика пәні мұғалімі – Мырзабекова Махабат. Ол облыстық, қалалық деңгейдегі І дәрежелі алғыс хат, диплом иегері. І санаттағы ұстаз. Жуырда ғана қазақ-түрік лицей базасында білімін жетілдіріп келді. Бұдан бөлек, Жандос Әлжанов, Әсел Ноғайбайқызы, Аслыбек Батырұлы, Айдана Мейрбекқызы секілді оқытушылардың есімін ерекше атап өтуге болады. 

– Мектебімізде күрес, шахмат, робототехника, саз мектебі, бокс, дзюдо, волейбол, баскетбол, футбол үйірмелері жұмыс істейді. Оқушыларымыздың арасындахалықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп үлгергендер бар. Ал жылыжайда түрлі жемістер өсіріліп ғылыми жұмыстар қорғалады. Онда қызанақ, қияр, көкпияз, аскөк, шалғам, ақжелкен секілді көкөністер егіліп, өнім алынуда,–дейді директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Әскербекқызы. 

IMG 9157

«Азат» шағынауданында осыған дейін үш мектеп болған. Кейіннен барлығын біріктіріп осы №68 мектеп салынған. Қазір шағынауданда халық саны мен тұрғынүйлер көбейіп, қалаға біршама жақындап қалған. Шағынауданда көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар бар. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Биыл 100 оқушыға қажетті көмек көрсетіліпті.

Апталық жалғасуда. «Рухани жаңғырумен» бастау алған іс-шара Тәуелсіздік күнімен қорытындыланады. Айта кетейік, жуырда мектептің 120 оқушысы облыстағы тарихи маршруттар бойынша және көне Шымкент шаһарына саяхатқа шығып қайтты.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.