Курсты аяқтаған оқушы ойыншығын өзі жасай алады

Пятница, 12 Январь 2018 07:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 686 раз

«Биылғы Жолдау Төртінші Индустриалды Революция жағдайында елдің дамуына арналған. Соның аясында жүзеге асыруымыз керек 10 міндетті көріп отырмын. Олардың ең біріншісі – қазақстандық индустрия жаңа технологияларды енгізуде флагман бола білуі керек. Біз өнеркәсіпте өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өндірісінің деңгейін көтеруге тиіспіз. Отанымыздың көркеюі әркімнің жаңа «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуына байланысты. Осыны әр қазақстандық терең түсінуі керек.»

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына 
Жолдауынан)

shymkala 3-3

Заманауи технология күн санап емес, сәт санап дамып келеді. Бір жаңалық шықпай жатып екіншісі оны басып озуда. Көштен қалмай, заман ағымына ілесіп отыру үшін соңғы технологиямен қадам басу маңызды. Құрметті оқырман, осыған орай газетімізде «Жаңа технология» атты айдар ашып отырмыз. Бұл айдарда Жер-жаһанда болып жатқан соңғы жаңалықтар мен технология туралы хабарлап тұруға тырысамыз. Соңғы технологиялар қарапайым компьютерлік білімнен басталатыны белгілі. Осыған орай бүгінгі тақырып – шағын робот құрастыру техникасы жайлы болмақ. Ал сіз Шымкентте осындай орталық барын білесіз бе?

 

Робот құрастырудың ауқымы кең

Жалпы, робот құрастыру ұғымының ауқымы кең. Ол компьютерлік бағдарлама жасау, бөлшектерден шағын техника құрастыру, оны басқару алгоритмінен бастап, миллиондаған адам қолданатын технологиялар және алып зауыттар мен, ең «ақылды» компьютерлермен жалғасады. Шымкентте 2017 жылдың қараша айында жұмысын бастаған «Робо Смарт» оқыту орталығы да робот құрастырып, оны басқару машықтарына үйретеді.

shymkala 3-4

Оқыту орталығының директоры Саодат Естиярованың айтуынша, заманауи білім беретін орталық ашу туралы ой кәсіпкерлік палатасында жұмыс істеп жүргенде келіпті. Бұл саладан өзінің де хабары бар. Алғашында Назарбаев зияткерлік университетінің «Робот техникасы» факультетіне оқуға түскен Саодат кейін экономика факультетіне ауысып кетеді. Дегенмен, робот құрастыру саласынан қол үзіп қалмайды. Кейін жұмыс істеп жүріп осы ойын жүзеге асыруға кіріседі. Бұл уақытта студент кездегі екі досы Астанадан шағын робот құрастыру курсын ашқан болатын. Солармен бірігіп, Шымкенттен де осындай орталық ашуды көздейді.

– Алдымен кәсіпкерлік курсын оқыдық. Кейін бизнес-жоспар жасау кезінде Шымкентте мұндай орталық жоқ екеніне көз жеткіздік. Әрине, қаламызда мұндай орталықтар мүлде жоқ емес. Дегенмен, жұмыс істеп тұрған 4-5 курстың барлығы лего-құрауға үйретеді. Сонымен, тың идеямызбен мемлекеттік грант конкурсына өтініш бердік. Содан 2017 жылдың шілде айында конкурс өтіп, үшеуміз 3 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алдық, – дейді Саодат.

 

shymkala 3-5С. ЕСТИЯРОВА:

– Біздің орталығымыздың бір ерекшелігі – әр курстан кейін оқушылар өзі жасаған техникасын өзімен алып кете алады. Кез келген жерде таныстыра алады. Елестетіп көріңізші, 7 жасар бала біз дүкеннен қыруар қаржыға сатып алатын, смартфонмен басқарылатын оятқыш немесе басқа да ойыншықты өзі жасап алады. Өзі құрастырып, бұзылған жағдайда өзі жөндей алады. Яғни, ата-аналар балаларға ойыншық сатып алмайды деген сөз.

Ардуино технологиясы

Бұл орталықтың ерекшелігі – Ардуино технологиясын оқытуында. Оқушылар алдымен компьютерде бағдарлама жасауды үйренеді. Ол барлық оқушы білуі тиіс «Аэронмен-1» курсы. Жалпы уақыты – 4 ай. Бірінші айда оқушылар бағдарлама жасау негізін үйренеді. Балалар бағдарлама жасап, роботтың «миына» жібереді. Техника сол арқылы адамды түсінеді. Осыны игерген соң екінші айдан бастап робот құрау техникасының теориясын, физика, мехатрониканы үйрене бастайды. Мехатроника – нақты механикалық бөлшектердің компьютерлік, электроникалық бөлшектермен үйлесуі. Бір сөзбен айтқанда бөлшектерге бағдарлама арқылы «жан бітіру». Мұны 2 ай оқыған оқушылар төртінші айда бір-бір жобадан таңдап алып, өзі робот құрап шығады. Оны дипломдық жұмыс ретінде қорғайды. Бұл мұғалімнің көмегімен жүзеге асады. Жалпы, бұл курстағы роботтар – шағын электр көлігі, смарт-оятқыш секілді шағын дүниелер. Квадрокоптер да бар, дегенмен, ол күрделі деңгейге жатады. Сол техника оқушыны тыңдап, тапсырмасын орындап шықса, қашықтықтан басқаруға көнсе, жоба сәтті қорғалды деген сөз. Содан кейін оқушыға диплом беріледі.

shymkala 3-6

Бұдан кейін оқушылар екінші курсқа өте алады. «Аэронмен-2» деп аталатын курста оқушылар 3D-модельдеуді үйренеді. Онда роботтың денесін, қосалқы бөлшектерін құрап, 3D принтерде басып шығарады. Осының бәрін игеріп шығу керек. Бұдан кейін оқушы бағдарлама жасай алады, робот құрастыра алады, өзі қосалқы бөлшектер шығара алады. Яғни, ол өзінің жеке роботын нөлден бастап өзі шығара алады деген сөз.

shymkala 3-7

Үшінші курс – «Аэронмен-3». Оны оқыған оқушылар дрон құрастыруды үйренеді. Яғни, ұшатын робот. Ол бұған дейінгі курстардан қиынырақ. Сол үшін 3D модельдеуден кейін жүреді. Мерзімі – 1 ай. Бұл курсты тәмамдаған әр оқушыға сертификат беріледі.

shymkala 3-8

 

Оқушылар қалай қабылданады?

Оқыту орталығына балалар конкурс арқылы қабылданады. Белгіленген күні барлығы жиналып, тест тапсырады. Сол тесттен ең жоғарғы ұпай жинаған балғындар курсқа жазылады. 1 айға оқу ақысы – 15 мың теңге. Бір курс 4 айға созылады. Ең бастысы – әр топта 5 оқушыдан артық болмайды. Себебі, заманауи білім жаппай емес, жеке-жеке жұмыс істеуді, әр баланың назарда болуын талап етеді. Ал сырқаттанып, сабаққа келмей қалған оқушылармен кейін жеке-жеке жұмыс істеп, деңгейін толтықтырып алады.

shymkala 3-10

Ашылған соң алғашқы айда 10 оқушы қабылдадық дейді орталық өкілдері. Содан кейін қаладағы мектеп директорларымен келісіп, білім ошақтарында қосымша үйірме ретінде жұмыс істеуді ұсынады. Қазір №23 мектепте 10 оқушы курсқа қатысып жүр. Мектептен алысқа бармай-ақ, сабақ кестесінің арасында оқиды.

Орталықта 2 оқытушы бар. Біреуі мектепте болса, екіншісі – орталықта. Жалпы, шымкенттік ата-аналар тарапынан заманауи білімге деген қызығушылық арта түскен. Мектептерде таныстыру сабақтарын өткізгенде қызыққан ата-аналар көп болыпты. Осылайша қазіргі таңда курсқа қатысып жүрген балғындар саны 35-ке жеткен. Олардың ішінде 25-і орталықта оқыса, қалғаны мектепте білім алады. Осылайша оқыту орталығы бизнес-жоспар ретінде өзін ақтауда. Алғашқы айда өздерінің шығындарын өтеп шыққан орталық жетекшілері қазір аздап болса да кіріс тауып жатқандарын айтады. Балалардың қызығушылығын, олардың сабақты бірден алып кетіп жатқанын көрген соң қанаттана түскен. Мұндағы оқытушылар да балалармен бірге өз білімдерін ұштауда. Себебі, заманауи технология бір орында тұрмайды.

 

Жоспар – шағын өндіріс ашу

«Робо Смарт» оқыту орталығы өкілдерінің алға қойған жоспары мол. Негізгі орталықтан бөлек тағы бірнеше нүкте ашсақ дейді. Ай сайын оқушылар санын бесеуге арттыруды көздеген мұғалімдер сол бағытта келе жатқандарын айтады. Оқытушыларға да қойылатын талап жоғары. Тек техниканы игеруі жеткіліксіз. Сабақ өту негіздерін, яғни, педагогикалық білімі болуы керек. Қазақ және орыс тілдерін білуі міндетті. Конкурс негізінде қабылданады. Өкінішке қарай, осы талаптардан шығудың өзі қиын. 

Қазір 3 адам сынақтан өтіп жүр. Олар әзірге негізгі оқытушыларға көмектесуде. Алдағы жоспар – балалар 4 курстың барлығын оқып шыққан соң шағын өндірісті ашу. Онда шағын роботтар, шағын
техникалар құрастырылмақ.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі