Версия для печати

Егер мен әкім болсам...

Пятница, 19 Январь 2018 05:22 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5260 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент оқушыларына арналған «Жас мемлекеттік қызметкер» жобасы

Бұл жобаға қатысу үшін Шымкенттегі 12 мектептен 18 оқушы іріктеліп алынған. Олар тек оқу озаттары ғана емес, өздерінің білім ошақтарының қоғамдық өміріне етене араласып жүрген белсенді оқушылар. Жобаның алғашқы күні оқушылар қалалық әкімдікке жиналды. Жастарды алдымен шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев қабылдап, әкімдіктің мәжіліс залында барлығы бас қосты. Әр жеткіншекпен жеке танысып, болашақта таңдаған мамандығы туралы білген соң қала әкімі өзі және атқаратын жұмысы туралы әңгімелеп берді.

DSC 6817

– Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын шаһар. Алып қаланы басқару да оңай шаруа емес, – деді Нұрлан Ермекұлы. – Сырт көзге кеңсе жұмысы болып көрінгенімен, мегаполисті басқаруда асқан жауапкершілік жатыр. Осыған орай сіздер әкімдіктің нақты жұмысымен жақын танысасыздар. Кейін достарыңыз бен жақындарыңызға айтсаңыздар болады. Олар да қалалық әкімдіктің жұмысы туралы хабардар болсын. Ал жалпы, кез келген мемлекеттік қызметкердің жұмысы оңай емес.

DSC 7122

Бұдан кейін оқушылар мен шаһар басшысы бір-бірімен сұрақ-жауап түріндегі бейресми әңгіме-дүкен құрды. Барлығы жаппай естелік суретке түсті. Одан кейін оқушылар дайын тұрған автобуспен қалалық әкімдіктің жаңа құрылымы – халықтық кеңсеге аттанды. Жастар бір терезе қағидасымен қызмет көрсететін мекемені аралап, жұмысымен жақын танысты. Түрлі мақсатта құжат өткізу үшін кезегін күтіп отырған тұрғындармен сөйлесіп, халықтық кеңсе туралы пікірін тыңдады.

DSC 6905

Бұдан кейін 18 оқушы жұбын жазбастан қалалық әкімдіктің бөлімдерін аралап, жұмыстарымен танысты. Жастар өздерінің танымдық экскурсиясын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен бастады. Бөлім басшысы Нұрлан Архабаев шаһардың бас-жоспарын, оның егжей-тегжейлі жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Шымкенттің болашақтағы көркінің кескіндерін көрсетіп, жастарды бір желпінтіп тастады. Өздері алдағы уақытта қызмет ететін туған қаласының көркі оқушылардың ешқайсысын бей-жай қалдырған жоқ.

DSC 7080

Келесі нысан – шаһардағы құрылыстар. Жастарды алып жүрген қалалық құрылыс бөлімі жетекшісінің орынбасары Абай Тұрханов жаңа нысандар туралы баяндап берді. Жеткіншектер аязды қысқа қарамастан құрылысы тоқтамаған ғимараттармен танысты.

DSC 6966

Күн кешке таяғанда оқушылар осы жобаға ұйытқы болған жетекшілердің бірі – қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваның кабинетінде жиналды. Күні бойы түрлі нысандарды аралап, аздап тоңса да көңілдері көтеріңкі оқушылар өздерінің кешке дейін алған әсерлерімен бірден бөлісе бастады. Жанат Арысбекқызы өзі басқаратын бөлімнің жұмысымен таныстырып, жобаның алғашқы күні қорытындыланды.

Енді жобаға қатысушылар жеребе тастап, арасынан қала әкімінің жанында жүретін біреуі таңдап алынады. Қалған оқушылар әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, бөлім жетекшілері мен депутаттардың рөлін атқарады. Осы мақсатта оқушылар өздері таңдаған мемлекеттік қызметкерлермен күні бойы бірге болып, жұмыстарымен танысады. Ресми жиналыстарға қатысады.

DSC 7037

Шымкентте алғаш рет қолға алынған жобаның мақсаты – әкімдіктің жұмысын ішкі жағынан көрсету ғана емес, жастарға мамандық таңдауда көмектесу.

Айта кетейік, мұндай жоба тұңғыш рет Латвияда ұйымдастырылған. Содан бері арнайы күн белгіленіп, дәстүрлі түрде өтіп келеді.

 

Суретті түсірген
Серік КОСАЙ

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.