Күріш қауызынан қуат алған шымкенттік өнертапқыш

Пятница, 26 Январь 2018 08:48 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4195 раз

Шымкентік студент күріштен электр жарығын алуды ойлап тапты. Нақты айтқанда өнертапқыштың әдісімен күріш қауызынан көше шамдарын жарықтандыруға болады. Ол үшін баламасы жоқ экологиялық батарея құрастырдым дейді Ілияс Мұрат.

timdi

«Әке көрген оқ жонар»

Күріш қауызын ыдырату арқылы шамды жарықтандыру әдісін Ілиястың әкесі қағаз бетіне түсіріпті. Инженер-энергетик әкесінің теориясын ұлы нақты іс жүзінде сынап көргенін айтады. Анығын айтқанда, күріштен электр қуатын алу әдісі басқа елдерде бұған дейін қолданылып келеді. Тек мен ол әдісті барынша экологиялық шығынсыз етіп отырмын, дейді студент.

 

Күріштен қалдық қалмайды

Ілияс Мұрат – М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 4 курс студенті. Жаратылыстану-педагогика факультетінде кәсіптік білім беру мамандығында оқитын ол Қазақстан "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізу мәртебесін ұтып алған сәттен ауқымды көрмеге өз үлесін қосуды ойластырады. Содан әкесінің қағаздарын қайта оқып, күріштен жарық алу әдісін қолға алады. Бұл әдістің басқаларынан ерекшелігі – күріштің өзін емес, қауызын ыдыратады. Биологиялық бактерияның көмегімен химиялық реакцияға түскен қауыздан энергия шығады. Дүниежүзінің басқа елдеріндегі күріштен энергия алу әдісінен айырмашылық та осында – ыдыраған қауызды одан кейін тыңайтқыш ретінде қолдануға болады. Ал басқа елдерде күріштің өзі ыдыратылып, қауызы қоқыс ретінде тау болып жиналып қалады дейді Ілияс.

momyshuly

Бұл әдістің баламалы энергия алудың басқа жолдарынан тағы бір ерекшелігі – күн немесе жел электр станцияларынан шығатын қуат алдымен арнайы аккумуляторларға жиналып, үйге немесе техникаға содан кейін барып таратылады. Ал Ілияс қорғап жүрген әдісте күріш қауызының ыдырауынан шыққан энергия жарық шамына тікелей бағытталады.

 

Арзан энерия көзі

Шымкенттік өнертапқыш өзі ұсынған әдісті қолданса, жарыққа кететін шығын көлемін 10 есе азайтуға болады, дейді. Бұған мысал ретінде бір батареясының бағасы 10 мың теңге тұратынын айтады. Ал қала көшелерінде тұрған қазіргі бір жарық шамын жағуға орта есеппен 5600 теңге кетеді. 

– Біз жасап шығарған биологиялық батареяларға қаражат өте аз жұмсалады. Екіншіден, оның өзін-өзі ақтау мерзімі қысқа, – дейді Ілияс Мұрат. – Біз күріштің қауызын ыдырату кезінде химиялық энергияны тікелей электр энергиясына ауыстырдық. Осылайша ұзақ мерзімге шыдайтын аккумуляторлар ойлап шығардық. Енді сол батареяны құрастыруды өндіріске қою үшін демеуші іздестіріп жүрміз. Біздің батареяларды орналастыруға 60 млн теңгедей қаржы керек. Егер инвесторлар табылып, қолдау көрсетсе, біз батареяларды зерттеуді жалғастырып, тек Қазақстан емес, әлемдік нарыққа шығарғымыз келеді. Осылайша пайдалы дүниені өз еліміздің азаматтары қолдаса, Елбасымыз айтқан төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамыған Қазақстан атануға тағы бір қадам жақындар едік.

20180122 152603

Идеяға қолдау

21 жастағы жігіттің бұл идеясы көпшілік назарына ілініп те үлгерді. Ізденімпаз студент былтыр Jas Project жобасына қатысып, өнертапқыш жас ретінде 1 миллион теңге жеңіп алады. Ал 2017 жылдың соңында облыстық кәсіпкерлік палатасының бастамасымен өткен байқауда топ жарып, грант иегері атанды. Осылайша жас жігіт жуырда 1 миллион теңгенің грантына қол жеткізбек.

– Біздің жобаның жеңімпазына қойылған басты талап – инновациялық жоба ұсыну керек болды. Ілиястың жұмысы ноу-хау деп жоғары бағаланып, бір миллион теңге жеңіп алды, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бас маманы Мадина Тұрсынбекова. 

Қазір құжаттар рәсімделуде. Содан соң бұл жобаға әрі қарай да қолдау көрсетілмек

 

Смартфон қуаттау – жоспарда

Айта кетейік, Ілиястың өз достарымен қорғап жүрген батареясының қуаты – 6 вольт. Яғни, әзірге көше шамдарын жарықтандыруға жетеді. Енді осы жобасына қызығушылық танытқан АҚШ-қа шақыртумен барып, іс-тәжірибеден өтіп келсе, батареяларының қуатын 12 вольтқа дейін арттырып, смартфон немесе планшет қуаттауға дейін жеткізу де жоспарлап отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.