Мобильді қосымша құрастыруды кәсіп еткен студент

Пятница, 26 Январь 2018 08:56 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 652 раз

Өткен жылы мәңгілік еліміз Үшінші жаңғыруға бет бұрды. Нәтижесінде тың идеялардан туындаған біршама жаңа бастамалар қолға алынды. Солардың қатарында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы бар.

rwpOiK4RzY0

Ал биыл Мемлекет басшысы бұл бағдарламаны одан әрі дамытуға ерекше ықылас танытып отыр. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты маңызды құжатта 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігін атап өтті. Қаламызда осы бастамаға қолдау білдіріп отырғандардың қатары аз емес. Жаңа технологияны жаны қалайтын, оқыған-тоқығанын тәжірибе жүзінде үйренуді мақсат тұтқан мамандар Елбасы Жолдауының үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім артуда. 

 

Еңбекпен келген 1 АҚШ доллары

Шаһар тұрғыны Нұрсұлтан Әбілдаев бүгінде мемлекеттік жеңілдікпен магистратурда білімін жетілдіруде. Ол осыдан 2 жыл бұрын мобильді қосымша құрастыруға кірісті. Бос уақытын тиімді пайдалана білетін студент үшін нағашысының ағалық ақылы алғашқы қадам жасауға қанаттандырған екен. 

2vDCOjsgS6Y

– Бастапқыда "Google play"-ден компания ашуымыз керек болатын. Ағам маған алғашқы қадам жасауды үйретті. Заңды түрде тіркеліп, мобильді қосымша жасауға кірістім. Ол балаларға арналған ойын болатын. Тәжірибем аз болғандықтан барлық сыннан сабақ алуға дайын болдым. Айта кетейін, ол кезде қазақша қосымшалар аса сұранысқа ие емес еді. «Қызыл бөдене» ойынымды жүктеп достарыма, таныстарыма тараттым. Оларға жарнамалау арқылы центтерден құралған бірінші АҚШ долларына қол жеткіздім. Барлығы да еңбекпен келетінін одан ертерек түсінгеніммен сол кезде іштей ерекше күй кештім. Қуандым. Менің мақсатым – балабақша мен мектеп жасындағы өрендерге қосымша құрастыру. Барлығы тілден басталады. Қазақша оқу арқылы балақайлар ана тілін құрметтеп қана қоймай, қазақша жазу,сызуға дағдыланады, – дейді өнертапқыш Нұрсұлтан Әбілдаев.

Қазақстан – болашағына үлкен мақсаттар қойып отырған тәуелсіз мемлекет. «Қазақстан – 2050» стратегиясында бұл мақсаттарымыз айқындалған. Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіру, ішкі өнім дамуын көтеру бағытында, мемлекетті, адам ресурсын дамытуға байланысты нақты сандар мен меже де белгіленген.

Сандық технологияларды енгізу экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бұл сандық түрлену көлік пен логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, электронды коммерция секілді бағыттарды қамтымақ. Дегенмен, сұранысқа қарай ойын-сауықтық бағдарламаларды да ұмытпауымыз керек деп түсіндіреді 14 қосымшаны екі жылда құрастырып қолданысқа енгізген жас өнертапқыш. Нұрсұлтан өз тәжірибесіне сүйене отырып, мұның барлығы еңбек пен ізденудің, үш тілді жетік меңгеру арқылы қол жеткізгенін айтуда. Ал, латын қарпіне көшсек, бұл одан да тиімді бола түспек.

CmT1GZVHIC8

Google play – кіріс көзі

Адамдардың қаперінде ақша табу тек дайын заттық өнімді саудалау арқылы жүзеге асырылады деп ойлауы мүмкін. Алайда, Google play де кіріс көзі саналады. Жас өнертапқыш оны өз сөзімен былай түсіндіріп өтті.

– Яғни, мобильді қосымша жасамас бұрын мен тіркелгенімді, заң шеңберінде ойын құрастыратыныма тоқталып өткен болатынмын. Тіркелген соң банктен жеке есепшот аштырып, менің табысым соған аударылып отырды. Қолданушылар тек Қазақстан азаматтары деп айта алмаймын. 300 мыңнан астам ойын жүктеушілердің қатарында этникалық қандастарымыздың бар екенін анықтадым. Олар шетелде жүріп те біздің жасаған жұмыстарымызды пайдалануда. Міне, осыдан түсетін барлық қаражат шетелдік компаниялардан бізге түсіп отырады. Еске сала өтсек, андройдтарға арналған сатылым алаңы Google play – АҚШ-қа тиесілі компания. Смартфондарға арналған бағдарлама арқылы ақша табу тек маған емес, елімізге де өз пайдасын алып келуде деп толық айта аламын.

 

Мақсат – балаларға арналған мультфильмдер құрастыру

Болашаққа жүйелі жоспар түзіп, ол үшін еңбек етуге асыққан студенттің алға қойған мақсаттары да көп-ақ. Қазіргі таңда ол ойындармен қатар балалардың зейінін ашуға арналған викториналық тест-тапсырмаларын әзірлеу үстінде екен. Қолынан 3D мультфильм кейіпкерлерін бейнелеу ісі де келеді. Ал, болашақта бұл көпшіліктің сүйікті кейіпкерлеріне айналып кетуі де ғажап емес. Себебі Нұрсұлтан балақайларға арналған мульт-сериалының жобасын жасап үлгеріпті. Жаңа технология заманында нарықтағы сұранысқа сай өмір сүру керектігін Елбасымыз да бағдарламалық мақаласында айтып өткен болатын. Ал Нұрсұлтанның қадамы оны сол сұраныстың баспалдағымен жоғары өрлеуге бастайтын сыңайлы.

Последнее изменение Пятница, 26 Январь 2018 09:10