Меңгеруші конкурспен тағайындалды Избранное

Пятница, 02 Февраль 2018 05:09 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 47 раз

Қалалық білім бөліміне қарасты №43 «Алмаз» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі тағайындалды. Шымкент қалалық мемлекеттік орта білім және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау комиссиясының кезекті отырысында конкурсқа қатысуға өтініш білдірген 4 үміткер сынақтан өтті.

Нәтижесінде Жанар Алтынбекова №43 балабақша меңгерушісі болуға лайық деп табылды. Ол бұған дейін қаладағы №100 «Тоғжан» бөбекжай балабақшасының әдіскері болып қызмет еткен. Үміткердің мамандығы - бастауыш сыныптарының және музыка пәнінің мұғалімі.

280 орынды бөбекжай меңгерушісі болып тағайындалған Жанар Алтынбекова педагогика саласында 21 жылдық жұмыс өтілі бар маман. Айта кетейік, балабақша меңгерушілерін тағайындау комиссиясының құрамында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров, қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева бастаған мамандар болды. 

Сонымен қатар конкурстың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында комиссия отырысына №43 «Алмаз» бөбекжай балабақшасының кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлзира Мұсабекова, ата-аналар комитетінің төрайымы Айкерім Қарабалаева қатысып, бір ауыздан Жанар Алтынбековаға сенім білдірді.