5 жыл – беделді белес

Пятница, 02 Март 2018 05:03 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4570 раз

Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне биыл – 5 жыл.

shymkent-xbnЖуырда халықаралық дәрежеге ие болған білім ошағының мерейтойына орай «Бір мектеп – біздер бір елміз!» мерекелік концерті өтті.
Айтулы шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов, жоғары оқу орындарының басшылары, Қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар қауымдастығы арнайы келіп, мектеп ұжымын мерейлі мерекемен құттықтады.

Өзінің зияткерлік әлеуетін білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнап келе жатқан мектеп басшысы Балкан Маратұлы Шымкент қаласы әкімінің «Шымкент қаласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал мектеп ұстаздарына аянбай еңбек етіп, білім саласының дамуына қосқан зор үлестері үшін қала әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Бұл білім ордасы 2013 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде өз жұмысын бастаған. Ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылар олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектептің атақ-абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді. Осының нәтижесінде Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаңартылған білім мен кәсіби бағдар жүйесінің оқушылардың қажеттіліктеріне сай келуіне байланысты Халықаралық аккредитациядан сәтті өтті және Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) сертификатына ие болды.

Зияткерлік мектеп 5 жылдың ішінде 2 рет түлек шығарды. 2015 жылы 129 түлек бітіріп, еліміздегі жоғарғы оқу орындарына 128 оқушы, оның ішінде 40 оқушы Назарбаев Университетінің студенті атанды. Ал 1 түлек Қытайдың Гонконг политехникалық университетінің грантын жеңіп алған. 2016 жылы 122 түлек тәмамдады. Түлектердің 115-і қазақстандық жоғарғы оқу орындарында, оның ішінде 36-сы Назарбаев Университетінде оқып жатыр. Ал 23 түлек әлемнің 11 елінен шақыртулар алып, жоғарғы оқу орындарының гранттарын жеңіп алды.

Бұл күні қуанышпен бөлісуге келген мектеп түлектері жетекші университеттің студенті атанып, жаңа өмірге жолдама сыйлаған аяулы мектебі мен ұстаздарын мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Осы орайда көрермендер назарына «Мектеп менің бойымдағы қандай қасиеттерді өзгертті?» атты арнайы түсірілген фильм ұсынылды. Онда әр шәкірттің, ұстаздың Зияткерлік мектепте тұлға ретінде қаншалықты шыңдала түскені бейнеленген.