Киелі қара шаңыраққа – 100 жыл Избранное

Пятница, 20 Апрель 2018 04:28 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 898 раз

Шырайлы шаһардың төрінде орналасқан Қ.Спатаев атындағы №7 мектеп-лицейі кезінде өңіріміздегі қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп болған. Биыл осы киелі қара шаңырақта қос қуаныш қатар келіп отыр. 1918 жылы құрылған білім ордасы мен Қарсыбай Спатаевтың туғанына 100 жыл толады. Ғасырлық тарихы бар мектеп мерейлі мерекені ерекше атап өтудің қамына кіріскен...


Сырдария губерниясына мәшһүр мектеп

Бұл мектеп 1918 жылы ашылғанда жалғыз ұстаз болды. Ол кезде мектепте небәрі 22 оқушы дәріс оқитын. Тарих-шежіренің мәліметтеріне үңілсек, сол кездері Сырдария губерниясындағы бірден-бір, аты атырапқа тараған мәшһүр мектеп болған. Ал Сырдария губерниясы үлкен аумақты алып жатты. Оңтүстік Қазақстан облысымен қатар қазіргі Қызылорда, Жамбыл облыстарына тиесілі жерлер осы губернияға қараған. Қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектепке бүкіл Оңтүстік өңірінің түпкір-түпкірінен ат сабылтып шәкірттер білім алу жолына түсіп жатты.

DSC 4311

Коммунадан – Спатаевқа дейін

Білім ұясына 1921 жылдан бастап №1 Коммуна мектебі деген ат беріледі. Бұл кездері бастауыш мектепте 89 оқушыға 3 ұстаз дәріс берді. Ал 1925 жылы Түркістан өлкесінде Кеңес үкіметін белсенді ұйымдастырушылардың бірі Сұлтанбек Қожановтың есімі берілді. Бұл жолы шәкірттердің саны 104-ке жеткен еді. Олардың ішінде білімге бетбұрыс жасаған 3 қыз болатын. 1926 жылдан бастап мектепті Тәңірберген Отарбаев басқарды. Осы тұста мектепте есімдері күллі Қазақ еліне тараған, Кеңес Одағының батыры атағын алған қайсар ер, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлы мен қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, халқының біртуар азаматы Әбілда Тәжібаев сынды шәкірттер оқыған. Батыр Бауыржан Момышұлы өзінің шығармалары мен естеліктерінде Тәңірберген Отарбаевты тебірене еске алған. Мәдени революция жылдары мектепке Мұсай Әйкенов басшылық жасады. Мектеп ұжымының дамуы мен басқарудың іскерлігі нәтижесінде 1936 жылы 17 адамнан құралған үрмелі аспаптар оркестрі еліміздің сол жылдардағы астанасы Алматы қаласында өнер көрсетіп, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1 хатшысы Мирзоянның қолынан арнайы сыйлық алады. Бұл мектептің елелулі оқиғаларының бірі еді...

...Одан кейін Ұлы Отан соғысы басталады. Қан майданда ерлік көрсеткендердің арасында Шаян елдімекенінің тумасы Қарсыбай Спатаев та бар еді. Жауынгер 1942 жылы соғыста қаза тауып, 1943 жылы Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Осы тұста мектеп ұжымдары Үкіметке өтініш жасап, білім ошағына Қ.Спатаевтың атын беруді сұрайды.

1943 жылы 17 сәуірде мектепке батыр есімі беріліп, майдангердің ерлігін паш ететін мұражай ашылады. Ал 1982 жылы мектептегі ер балалар хоры батыр ерлігін көрсеткен өлкеге барып, батырдың қабіріне туған елдің топырағын салып келді. Кейін Қарсыбай Спатаевқа арнап, көркем фильм де шығарылды.

1963 жылы мектеп қазіргі Республика даңғылы бойындағы 4 қабатты ғимаратқа көшірілді.

Үлгілі ұстаз бен өнегелі шәкірттер мекені

Мектеп тарихында есімдері мәңгі ұмытылмайтын ұстаздар қауымы бар. Атап айтар болсақ, бұл күндері марқұм болған Мәкен Хамитова, Садық Сарбасов, Қатира Тұрғанбаева, Казақ КСР-на еңбегі сіңген ұстаз Т. Қуанышова. 

1970-80 жылдары мектеп кабинеттік жүйеге көшірілді. Бұл кезеңде шәкірттерінен күш-жігерін аямаған ұстаздар қатарынан орыс тілі пәнінен Клара Абдуллаевна, есеп-қисапқа баулыған математика пәнінен Мария Қожагельдиева, Ұлбосын Темирова, Ұлмекен Серханова, тарих-география пәнінен Камила Пірімбетова, Жамила Құрмашеваларды ерекше атауға болады.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, осы жылдарда мектеп бітірген шәкірттер ғылым көкжиегінен көрініп, ерен еңбек жеңімпаздары бола білді. Математика ғылымының докторы, академик Өмірбек Жолдасбеков, медицина ғылымының докторы Иманәлі Байдәулетов, Социалистік еңбек ері, ұшқыш Асылбек Жасымбеков, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген артист Ақсақал Қалмырзаев, ауыл шаруашылығы министрінің қызметін атқарған Асылжан Мамытбеков сынды түлектер мектеп мақтанышына айналған. Қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Ақжол Мейірбеков, Бауыржан Исаев және енді танылып жүрген дарынды бұлбұл дауысы бар Мөлдір Бақытжанқызы да мектептен шыққан талантты шәкірттер қатарынан көрінді.

shymkala-31-1

43 жыл мектеппен бірге

Қазір мектепті «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Білікті басшы», «Ұлағатты ұстаз» төсбелгілерінің игері Орынкүл Алшынбекова 2006 жылдың қараша айынан бастап басқарып келеді. 

– Алғашқыда ұстаздар аз еді. Мектеп ұжымы педагогикалық институтпен тығыз қарым-қатынаста болған. Ондағы студенттер мен мектептегі шәкірттердің аз болуынан бір мұғалім екі жақта сабақ беретін. Біздің өңірдегі ең алғашқы оқу-ағарту саласындағы кісілердің біразы бізде дәріс оқыды. Ал өзіме келсем, 1975 жылы институтқа оқуға қабылдандым. Сол жылдан бастап осы мектеппен біргемін. 16 жыл оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет істедім. 12 жылдан астам уақыттан бері мектеп директорымын, – дейді ұлағатты ұстаз.

Орынкүл Жұмабайқызынан мектептегі ерекше есте қалған оқиғаны баяндап беруін сұрадық:

– 1978 жылы біз IV курста оқып жүргенде ең бір елеулі оқиға – мектептің 60 жылдық мерейтойы өтті. Сол кезде мектеп шәкірттері Бауыржан Момышұлы мен Әбілда Тәжібаев ағаларымыз келді. Бәрі қонақ келді деп мәре-сәре болып жатты. Сонда менің есімде сақталғаны – мектептің табалдырығын аттаған Бауыржан ағамыз табалдырықта тұрып, иіліп сәлем берді. «Бұл мектептің үлкені де, кішісі де менің ұстаздарым, себебі, мен осында білім алдым» деп батыр аталарымыз ризашылығын білдірген болатын. Сондай тұлғалардың көзін көру мен үшін үлкен мәртебе еді. Сол кісілердің өмір жолынан өзімізге өнеге ала бастадық, – деп өткенді еске алып, мамандық таңдауда адаспағанын ұқтырғандай болды.

Айта кетейік, тарихы тереңде, шәкірттері күллі Қазақ даласына әйгілі білім мекенінде бүгінде 2400-дей оқушыға 200-ге жуық мұғалім білім нәрін себеді. Мектеп Шымкенттегі үздік ондықтың қатарында. Елбасының биылғы Жолдауында орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталғаны айтылған. Біздің мектеп те сол жаңалыққа ілесіп, білім көкжиегіне ұмтылуда.