ҰБТ сұрақтары 50 пайыз жаңартылды Избранное

Пятница, 18 Май 2018 04:55 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 130 раз

2017-2018 оқу жылында Шымкентте 7987 оқушы мектеп бітіреді. Биыл ұлттық бірыңғай тестке қатысуға солардың 5449-ы өтініш берген.

Тестілеу 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Осымен 15-рет өтіп жатқан түлектерге арналған ұлттық сынақтың жаңалықтарын жауапты мамандардан біліп қайттық.
Шымкент қалалық білім бөлімінің мәліметінше, ұлттық бірыңғай тестте айтарлықтай өзгеріс жоқ. Түлектерге барлығы 120 сұрақ беріліп, тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Жоғары оқу орнына түсу үшін қажет ең төменгі шек те өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Сала мамандары, сонымен қатар, ҰБТ-ны ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері сақталып отырғанын жеткізді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы биыл тест сұрақтарының 50 пайызға жаңартылғанын хабарлады. Өткен жылы тест тапсырамалары 80 мың сұрақтан тұрса, биыл оның саны 120 мыңға көбейген. Биылғы тестте Қазақстанның танымал тұлғалары туралы сұрақтар болмайды.
Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Ұлжалғас Сауырбаевның айтуынша, ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ 5 пәннен жиналған, оның үшеуі міндетті (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы 20 сұрақтан тұрады) және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2 бейіндік пән (30 сұрақтан) қарастырылған.
– Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауабы бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергені анық көрінеді,– дейді Ұ.Сауырбаева.
Айта кетейік, мектеп бітіруші түлектер арасында «Алтын белгіден» үміткерлер саны 287 болса, «Үздік аттестат» алудан 198 оқушы үмітті. Дегенмен «Алтын белгі» иегерлері, бейіндік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына жеңілдік жоқ, олар да ҰБТ-ны жалпыға бірдей негізде тапсырады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.