Аманатқа адалсың ба, депутат? Избранное

Пятница, 25 Май 2018 05:23 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4004 раз

1. №11 сайлау округі және сайлаушылар
2. Зейнеткерлер үшін бұқаралық спорттың маңызы зор
3. Депутат жайлы бірер сөз

DSC 9172

Ерлан ОМАРОВ – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.
Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының тумасы. Алты баланың әкесі. «Rauan» компаниясының атқарушы директоры. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

№11 САЙЛАУ ОКРУГІНДЕ

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Мамырайханұлы – №11 сайлау округіне қарасты халық қалаулысы.
– Бұл округке Әл-Фараби ауданына қарасты М.Х.Дулати мен Ж.Адырбеков көшелерінің Ғ.Ілияевтан Т.Рұсқұловқа дейінгі аралығы кіреді. Қала орталығы болғанымен үйлердің басым бөлігі жекеменшік, жер үйлер. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлік нысандар көп, – дейді депутат.
Сондай-ақ, Қажымұқан орталық стадионы мен «Спорт» шағынауданына қоса А.Байтұрсынов көшесіндегі Әлімбетов аялдамасының маңы, бірнеше көпқабатты және жер үйлер №11 сайлау округіне қарайды. Е.Омаровтың айтуынша, сайлаушылардан келіп түсетін негізгі өтініштер көшелерді жарықтандыру, ирригациялық жүйелерді тазарту мәселесіне қатысты.
– Жекеменшік сектордағы жер үйлердің суару жүйесінде арықтардың бітеліп қалған тұстары да бар. Тұрғындар көше-көше болып ұжымдық осыған байланысты шағымданды. Сондай бір өтініш Ғ.Орманов көшесіндегі көпқабатты үйлерден түсті. Жауын-шашын кезінде үйдің тозығы жеткен шатырынан кеткен су тұрғындарды әбігерге түсірген, – дейді депутат.
Шатырдан аққан су жертөлеге жиналып, көпқабатты тұрғын үйге зақым келтіріген. Халық қалаулысы бұл жағдайды көзбен көрген соң мәслихатта көтереді. Мәселе қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің қатысуымен шешімін тауыпты.
– Қазіргі таңда көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау тұрғындардың міндетіне кіреді. Тозығы жеткен, бұзылған есік, терезе, қабырға сынды дүниені тұрғындар өздері ретке келтіруі тиіс. Міне, сондықтан, бұл мәселе өзін-өзі қаржыландыру арқылы шешілді. Яғни, мұндай жағдайда қажетті шығындарды өтеу үшін тұрғындар бюджеттен қарыз алады. Сосын оны белгілі бір мерзімге дейін бөліп төлеп құтылады. Есесіне, тозығы жеткен үйдің шатыры дер кезінде ретке келтіріледі, – деп түсіндірді Ерлан Мамырайханұлы.
Алайда, жұмыссыз тұрғындардың жағдайын ескерген депутат бұл мәселеге қаржылай көмектесіп, бірқатар шығынды жабуды өз мойнына алған.
Бұған қоса, дәл осы маңдағы №42 үйдің ауласында балалар ойын алаңшасы болмаған. Дұрысы, ойын алаңшасы түсетін жер телімін өзіне баспана салу мақсатында басқа бір адам иеленіп алған. Е.Омаров ол азаматқа қаланың басқа аумағынан жер берілуіне ықпал етіп, көпқабатты тұрғын үйге тиесілі аумаққа балалар алаңшасын салуға қаражат бөліну жұмыстарын соңына дейін бақылап, назардан тыс қалдырмағанын айтады.
– Балалар алаңшасы салынып, жарықтандыру жұмыстары да сәтті аяқталды. Кейін игі істің құрметіне дастархан жайып, тұрғындармен жақынырақ таныстық. Жалпы, әрбір өтініш майда-шүйде болып көрінгенімен астарында бір немесе бірнеше адамның тағдырына байланып алған шырмауықтай мәселе болады. Кейде алаңсыз, бақытты өмір сүруге сол болмашы нәрсенің өзі себепші болуы мүмкін, – дейді депутат.
Сондай-ақ, жеке секторда кәріз жүйесі әу бастан бар болғанымен, оған қосылмай қалған үйлер бар. Арықтардың бетін бетондап, тазалау жұмыстарына кедергі келтірген жағдайлар да аз емес.
– Бұрын троллейбус жүрген жол болғандықтан М.Х.Дулати көшесінің бойында үлкен бағаналар қалып кеткен еді. Оның біразы алынды. Аталған көше толық жөндеуден өтіп, оның ішінде әбден тозып, жоқ болып кеткен аяқ жолдар да жаңарып қалды, – дейді Е.Омаров.

ҚАРИЯЛАР – БІЗДІҢ ҚАЗЫНАМЫЗ

Депутатты тұрғындармен қуана қауыштыратын маңызды күн, айтулы мереке – Жеңіс күні.
– Жыл сайын Әл-Фараби аудандық әкімдігінің бастамасымен 7-9 мамыр күндері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне кіріп, ұлы Жеңіс алып келген бейбіт өмірмен құттықтап шығамыз, – деген Ерлан Мамырайханұлы жастарға осы іс-әрекетімен үлгі болғысы келетінін жасырмады.
№11 сайлау округіне қарасты аумақта 6 ҰОС ардагері тұрады. Олар – Сәрсен Әбдінұров, Тұрдынияз Рахымов, Василий Котерев, Дәрменбек Садыбаев, Вера Утробина және Антонина Соколовалар.
– Қариялармен сөйлесіп, сонау зұлмат замандағы естігенде санам сергіп, демалып қаламын. Жасы жүзді алқымдап қалған ардагерлер қан майданда жауға қарсы соғыста жеңіп қайтса, келгеннен кейін де ел мен жерге талмай қызмет етті. Әрқайсысының жүріп өткен жолына қарап отырып, үлгі алуға болады. Отанға деген құрметім арта түседі. Міне, осындай сұхбаттарды жастарымыз көбірек тыңдаса, әрнәрсенің қадірін біліп, отансүйгіштік сезімі артар ма еді деп ойлаймын. Мұндай қазыналар ортамызда қашанға дейін жүрерін кім біледі? Бардың қадірін білсек деймін. Өткенде мерекелік көңіл-күйдегі соғыс ардагерлері мен кейуана, тыл ардагерлері ризашылықтарын білдіріп, елімізге, Елбасыға, партия мен қала басшыларына ақ баталарын берді, – дейді Е.Омаров.
Әңгіме арасында депутат бұқаралық спорт туралы да сөз қозғады. Шымкентте зейнеткерлерге арналған демалыс орындары қажет екенін алға тартты.
– Балаларға ойын алаңшасын құрдық. Жастарға, орта буын өкілдеріне баратын жер көп. Саябақ бар, спорттық жаттығу залдары, бассейндер, ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, саябақ... Ал зейнетке шыққан соң қайда баруға болады? Зейнетке шыққанның бәрі шетел асып саяхатқа шыға ала ма? Жоқ. Біздің қариялар тек бала бағумен айналысып жүр. Неге олардың өз ортасын құрмасқа? Орталық саябақта ғана жиналып шахмат ойнайды. Оның өзінде жауын-шашын болса, кіріп отыратын ғимарат жоқ. Сондағы дәмхана, басқа да нысандарға кіріп, өтініш жасап отырады, – деген халық қалаулысы тағы бір мәселені алға тартты.
Шымкент қаласында спорттың көптеген түрімен айналысуға жағдай жасалған. Тіпті, спорттың бір ғана түріне арналған кешенді спорт мектептері де жұмыс істеп тұр. Ал кез келген азамат қатыса алатын, интелектуалды спорт түрі – шахматты дамытуға байланысты ардагерлер мен зейнеткерлердің және зиялы қауымның өтінішін Ерлан Мамырайханұлы қала әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлына жеткізгенін айтты.

ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

DSC 9230

Қалалық мәслихаттың депутаты Ерлан Омаров жуырда «Шымкент келбеті» газетінің шығармашылық ұжымымен бірге Байтұрсынов көшесінің бойындағы №45 Б және №45 В көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Олар подъездегі электр жарығын есептейтін құрылғының есігін жөндеуден бастап, Әлімбетов аялдамасына шығатын көшенің жоғалып бара жатқан аяқжолын қалпына келтіруге дейінгі барлық өтініштерін жеткізді. Соның бірі әрі маңыздысы – осы үйлердің ауласында орналасқан «Дара Жылу Қуаты» мекемесінің жылыту қазандығы. Д.Қонаев даңғылының бойынан биік үйлер салынғаннан кейін қазандықтың мұржасынан шығатын түтін аулада қалып жатқан көрінеді.
– Бұл туралы тиісті мекемелерге арызданғанбыз. 2-3 млн теңге көлемінде айыппұл салынғаны туралы жауап алдық. Бірақ, біз айыппұл төлетуден не пайда көреміз? Қажеті қанша? Оның орнына сол қаражатқа мұржасын биіктетіп берсе дұрыс болар еді. Қыс маусымы басталғаннан қою түтін үйдің ішіне дейін кіріп, балалардың денсаулығына әсер етіп жатыр, – деді №45 В үйдің төрайымы Қарлығаш Рахиева.
Депутат та бұл мәселе бойынша ұсыныс хат жолдағанын, алдағы мәслихат отырысында тағы қозғау салатынын мәлімдеді.
Ал №45 Б көпқабатты үйдің төрайымы Забира Анарқұлова депутаттан ауланың сәнін бұзып тұрған газ ШРП жәшігінің ғимаратын жөндеуге ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ, аулаға тағы бір күрделі жұмыстары қажет екенін жеткізді.
Бұл маңдағы тұрғындардың тағы бір шағымы – А.Байтұрсынов көшесіндегі Әлімбетов аялдамасына баратын аяқжолдың жағдайы.
– Көше бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандар жаяу жүргіншілер жүретін жолды жауып тастаған. Дәмхана иесі аяқжолдың жартысынан көбін қоршап алса, автожуу бекеті қожайындары аяқжолды түгелімен бұзып, көлік кіруге ыңғайлап алған. Адамдар кей жағдайда транспорттың жолымен айналып жүруге мәжбүр болады, – дейді олар.
Е.Омаров сайлаушыларының ұсынысы мен шағымдарын тізіп, қойын дәптеріне түртіп алды. Кездесу соңында сайлаушылардың өтінішін негізге ала отырып жұмыс жасайтынын айтты.
Ерлан Мамырайханұлы – Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының тумасы. Алты баланың әкесі бүгінде «Rauan» компаниясының атқарушы директоры. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.
– Біздің компанияға бірнеше ЖШС қарайды. Олардың қатарында «Рауан-7» ЖШС кірпіш зауыты, «АгроНұрАзия» ЖШС жылыжай өнімдері, «Сарыағаш», «Uno», «Toy», «Joy», «Bizon», «Berry», «GGG» сынды 30-ға тарта брендтік сусындарды шығаратын «Рауан» ЖШС бар. 5 мамыр күні Шымкент қаласының тұрғындары үшін Наурыз алаңында компанияның 20 жылдығын атап өттік. 2000-ға жуық қала тұрғыны жиналды, – дейді компания басшысы.
Сусынның 10%-ын Қазақстанмен шекаралас Ресей, Қырғызстан, Қытай елдеріне эскпорттайтын өндіріс орнында 600-ден астам қызметкер жұмыс істейді.
– Төмен пайызбен несие аламыз. Компания үшін әр қызметкердің орны маңызды. Олар жұмылып жұмыс істейтін мотордың бір тетігі іспетті. Өндіріс үшін маңыздысы да сол. Біз әр қызметкерді айлығын уақтылы төлеп, қолдап отыруымыз керек. Әрі өнімімізді сатылымға шығарып, табысты арттыра отырып, несиеден құтылуымыз керек. Жетістікке жетудің бірден бір кілті – еңбексүйгіштікте. Қиындыққа мойымай алға қарай жүре берсе, адам дами береді, – деп қорытындылады ойын депутат.
Ерлан Мамырайханұлы сайлаушыларын өз кеңсесінде кез келген уақытта қабылдауға дайын. Ал «Нұр Отан» партиясы Шымкент филиалының кеңсесінде халықты қабылдау кестесі әр айдың екінші сәрсенбісі, сағат 16:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықта өтеді.

DSC 9187

Последнее изменение Пятница, 25 Май 2018 10:30
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.

Другие материалы в этой категории: « Бүгін – Соңғы қоңырау! ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ »