Версия для печати

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ Избранное

Среда, 30 Май 2018 04:08 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 4318 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 80 жылдам астам тарихы бар ғылым ордасы. Ол Қазақстанда алғашқы арнайы ашылған бірден-бір университет.

Талас

Талас Омарбекұлы 1948 жылдың 29 мамырында Жамбыл облысының Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында дүниеге келген. Ағамыз, бүгінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.

 

1970 жылдарда Қарағанды қаласында екінші университет ашылды. Кеңес үкіметі кезінде екі-ақ университет болатын. Сондықтан бұл жоғары оқу орнындарында білім алуға көптің қолы жете бермейтін. Бүгінгі күнге дейін республикадағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын «Қара шаңырақ» ғылым мен білімнің орталығы болып табылады. Осындай жоғары оқу орнында жастарға білім берумен бірге ғылымға баулыған, республика көлемінде ғана емес, алыс және жақын шетелдерге танымал ғалымдардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар Академиясының академигі Талас Омарбекұлы Омарбеков.
Талас Омарбеков бар өмірін ғылым мен білім беру қызметіне арнаған ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым. Қазақ халқында «Алдыңғы арбаның дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелек те солай жүреді» деген мақалда айтылғандай, адам баласы да алдыңғы буынға қарай, кейінгі буын бой түзеп өседі және оның орнын басады. Бұл – барлық адам баласына тән өмірдің заңдылығы. Алдыңғы буынның өмірден алған білімінен, тәжірибесінен үлгі алып, оның өмірге қажетті жақтарын үйреніп, оны кейінгі ұрпаққа беріп, артынан шәкірттер тәрбиелейді. Артынан көп шәкірт ертіп, білім мен ғылымға баурай білген ұлағатты ұстаздардың бірегейі – Талас Омарбекұлы.
Ол Отандық тарихтың дамуына сүбелі үлес қосқан тарихшы ғалым. Бүгінде тарихшы да, тілші де, әдебиетші де, тіпті басқа саланың маман иелері де тарихпен айналысып, тарих төңірегінде еңбектер жариялауда. Әрине тарихты жазғанда ғылыми тілде тарихи дереккөздерге сүйене отырып, нақты дәлелдермен мысал келтіріп, оны тарихи фактілермен дәлелдеу бір бөлек, ол әр тарихшының қолынан келе бермейтін дүние. Ал тарихты ғылыми тілде сөйлетіп, дереккөздерге сүйене отырып, нақты, дәлелді түрде жазып, оны фактілермен дәлелдей алатын тарихшы ғалымдар ішіндегі бірегейі Талас ағамыз.
Талас Омарбеков – өткен ғасырдың ортасында дүниеге келген, тарихтың бұл кезеңі Кеңес Үкіметінің кемеліне келіп, социалистік қоғам құруға коммунистік партия басшылығымен көп ұлтты КСРО-ның халықтары атсалысып жатқан жылдар болатын. Социалистік қоғамда коммунистік идеология үстемдік етіп, тарихтың ақтаңдақтары саналатын Қазақстанның ХХ ғасырдың 20 -30 жылдардағы кеңес үкіметінің жүргізген: ұжымдастыру саясаты, байларды тәркілеу, 32 –ші жылғы зұлмат, саяси репрессия, жалпы қазақ халқының ұлттық мүддесі тұрғысынан зерттеу қатал тыйым салынған тақырыптар болғандықтан ғалымның зерттеу мен мұрағат құжаттары негізінде табылған деректерді жариялау мен ғылыми еңбек жазуға тыйым салынған. Бірақ ғалым мұрағат құжаттары негізіне сүйене отырып бірнеше еңбектер жариялап,партия сынына іліксе де, тарихтағы ащы шыңдықты зерттеу мен жазуда оған ешкім кедергі бола алмады. 1991 жылы КСРО - ның ыдырауынан кейін Қазақстан тәуелсіздігі жарияланып Отан тарихындағы ақтаңдақтарды жаңаша тұрғыдан зерттеу қолға алынды. Қазақстанда сталиндік тоталитарлық жүйенің орнығу тарихы мен оның салдарын зерттеген алғашқы отандық тарихшылардың бірі – Талас Омарбекұлы болды. Ол 20 ғасырдың 20 – 30-жылдары Қазақстанда байларды тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясатының зардаптарын ашып көрсетіп, сол тарихи кезеңде орын алған халық наразылықтарына жаңа тарихи көзқарас қалыптастырды. Қазақстанда 1929-1931 жылдардағы кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы болған ұлт-азаттық қозғалыстар зерттеліп, нәтижесі ғылыми еңбек болып жарияланды. Ғалымның 1993 жылы қос авторлықпен (М.Қойгелдиев) шыққан «Тарих тағылымы не дейді?», 1994 жылы «Зобалаң» және 1997 жылы «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті», «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» және Шыңғыс Омарбековпен бірігіп жазған «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас», «Тарихпен өрілген тағдыр» деген монографиялар мен еңбектері жарияланды. Т.Омарбековтің тікелей басшылығымен ашылған «Алаш» ғылыми зерттеу орталығы кеңестік кезеңде зерттеуге тыйым салынған қазақтың ру-тайпаларының тарихына байланысты 30 томнан астам еңбектер жазды. Бұл орталық 2007 жылы «Жылдың үздік ғылыми-зерттеу орталығы» деген номинацияға ие болды. Аталмыш ғылыми орталықтың «Алаш» тарихи-этнографиялық журналында Талас ағаның түрлі тақырыптарды қамтыған ғылыми зерттеу мақалалары мен сын-пікірлері жарық көрді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық тарих толқынында»бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен университетте «Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерделеу» Республикалық ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, оның директоры болып тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков тағайындалды. Талас ағамыздың тікелей бастамасымен: «Қазақ түркілерінің мемлекеттігі: ұлыстар, қағанаттар мен хандықтар», «Қазақ хандары», «Қазақ халқының этнотерриториясының қалыптасуының мәселелері», «Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы», «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттер тарихының мәселелері» және 4 томнан тұратын «Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы» деген еңбектермен қатар жоғары оқу орындарының бакалавр студенттерге арналған 4 томдық «Қазақ елі» оқулығы және мектеп оқушыларына арналған «Қазақстан тарихы» 5 -10 сыныптарға арналған оқулықтары жарық көрді. «Қазақ елі» оқулығына сұраныстың көп болуына орай орыс және түрік тілдеріне аударылуда. Еліне, жоғары білікті мамандарды даярлау ісіндегі еңбегі еленген, бірнеше марапат иесі. Ол 1997 жылы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. 2007 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» Мемлекеттік грантын иеленді. 2009 жылы ғылым мен бiлiмдi дамытуға сіңірген еңбектері және жоғары оқу орнындағы қызметі үшін «Құрмет» орденіне толық лайық деп танылып, марапатталды. 2017 жылы «Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жылдығына орай, Алаш тарихын зерттеуде қосқан еңбегі үшін «Алаш» медалімен марапатталды.
Талас Омарбекұлы 2001- 2017 жылдар аралығында әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ғылымға көп шәкірттерді тәрбиеледі. «Ұстаз талапты болса, шәкірті талантты болады» дегендей, Отандық тарихтың «ақтаңдақтарын» зерттеп, оны жазуда тың жол салып, соңынан көптеген шәкірттер ерте білді. Талас ағамыздың жетекшілік етуімен оның шәкірттерінің онға жуығы тарих ғылымдарының докторы және отыздан астамы тарих ғылымдарының кандидаты болды. Олар бүгінде республиканың көптеген жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда қызмет атқарады. Жастарды ғылым мен білімге жетелеп, тәрбие берген Талас Омарбекұлы – баға жетпес биік тұлға. Барлық ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалым ағамыздың жүріп өткен жолы болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге.
70-тің шыңына шығып отырған Талас ағамыздың бойындағы тамаша қасиеттері: кішіпейілділік, еңбексүйгіштік, қарапайымдылық, тәубешілік, ізгілік, парасаттылық сынды жаратылыс берген мінездің арқасында жора жолдастарымен, ғылымдағы әріптес достарымен тіл табысып, артынан көп шәкірт тәрбиелеп ерте білді.

Г. Қозғамбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қазақстан тарихы
кафедрасының
доценті, т.ғ.к.

Б. Исабек,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу
және оқу-әдістемелік
істері жөніндегі
проректоры, т.ғ.к.,
профессор м.а.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.