Шымкент қалалық білім бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Бұл лауазымды енді Мұрат Базарқұлов атқарады.
Шаһар әкімі Н.Сауранбаев жаңа басшыны ұжымға таныстырды.
– Сізге күрделі саланы басқару тапсырылып отыр. Білім саласында көптеген мәселе бар, – деді қала әкімі. – Қазіргі таңда қала мектептерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар оқу жылы басталғанда аяқталып, сабақ барысында кедергі келтірмеуі тиіс. Осыған баса мән беріңіз. Сондай-ақ, мектеп асханаларында жүріп жатқан мониториг барысында қоғамдық кеңесті қолдау қажет. Ол да сіздің жұмысыңызға оң әсерін тигізбек. Артылған міндеттер мен жауапкершілікті жоғары деңгейде атқаратыныңызға сенім білдіремін.
Мұрат Серікбайұлы еңбек жолын 2002 жылы ақпараттандыру және қоғамдық келісім басқармасында маман болып бастап, түрлі жылдар ішінде бөлім басшысы, одан кейін ОҚО тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды. 2010 жылдан бүгінгі таңға дейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.