Білікті білім жинап, кәсіп етер... Избранное

Среда, 06 Июнь 2018 05:11 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3874 раз

Шымкент аграрлық колледжі - өңіріміздегі тарихы терең қара шаңырақтың бірі. Ауыл шаруашылығы саласының мамандарын дайындайтын бірден бір белді оқу орны.

аграр колледж фото 2

Бүгінгі таңда колледж қабырғасында студенттер 12 мамандық бойынша білім алып келеді. Білім ордасының педагогикалық құрамы, материалдық базасы жақсы жасақталған.

Студенттер дуалЬды жүйеМЕН білім алуда

Жуырда колледж жатақханасында жылдар бойы бос жатқан бөлмелер жөнделіп, заманауи үлгідегі фитнес залы мен әр түрлі үйірмелер орналастырылды. Мұндай үйірмелердің жатақханаға орналастыруы да тегін емес. Бұл студенттер сабақтан кейін бос уақытын үнемді пайдалануға, тысқа шықпай-ақ бір ғимараттың ішінде әр түрлі үйірмелерге қатысып, денсаулығын шынықтыра алуы мен басқа да өнер түрлерін үйренуіне мүмкіндік.
– Колледжге директор болып тағайындалар алдында мен бұл оқу орнына не бере аламын деп сұрақ қойдым және өзіме жоспар жасадым. Барлық жұмысты жаңа технологиялармен байланыстырып, замануи бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында жаңа талап-тілектермен келдім, - деп бастады сөзін колледж директоры Гауһар Алпыспаева. - Бұл тұрғыдан бірқатар іс атқарылуда. Соның бірі - дуальды оқыту жүйесін енгізіп жатырмыз. Яғни, студент 40 пайыз теориялық білімді колледжде алса, қалған 60 пайызын өнеркәсіп орындарының заманауи техникасы арқылы үйренеді. Мәселен, өндірістік техникалар жыл сайын жаңаланып келеді. Студенттер колледжде жоқ техникалармен жұмыс істеуді өндіріс базасында үйреніп, оқуды бітірген соң сол өндіріс орнына дайын кадр болып жетіледі. Осы орайда «Ордабасы құс» компаниясымен келісім-шарт жасастық. Алдағы уақытта тағы бірнеше өндіріс орнымен келісім-шарт жасауды жоспарлап отырмыз.

Кәсіппен бірге кәсіпкерлікті де үйретеді

Шымкент аграрлық колледжінде стартап жобаларды қолдау мақсатында бизнес инкубатор ашылған. Жастарды кәсіпкерлікке үйретудің, бизнестің әліппесі ретінде 2018 жылдың қаңтарынан жұмысын бастады. Студенттерге кәсіппен бірге кәсіпкерлікті де үйрететін «STARTUP» мектебінің ашылуына ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров, «Бал текстиль» ЖШС атқарушы директоры Огуз Дуру мұрындық болды. Мектептің мақсаты - кәсіпкерлік негіздерін үйрету. Аптасына үш рет палатаның бизнес-жаттықтырушылары мен белгілі кәсіпкерлер келіп сабақ өтеді. Оқушылар бизнес-жоспардың жасалу жолдарын, қаржылық сауаттылық, кәсіп ашу тетіктерін меңгеретін болады. Әр оқушы сабақтан тыс уақытта дәріске қатыса алады. Қазірдің өзінде мектепке жазылып, қызығушылық танытып отырған 30 оқушы бар.
- Бұл мектеп жұмысын жас кәсіпкерлердің дамуына және тәжірибешіл жастардың қалыптасуына бірден бір тиімді жоба ретінде қарастыруға болады. Жоба барысында студенттерге кәсіпкерлікте жетістікке жеткен жетекші кәсіпкерлермен, бизнесмен, менторлар және экономика саласындағы білікті мамандар тренинг өткізіп, өз тәжірибелерімен бөліседі,- деп түсіндірді экономикалық пәндердің мұғалімі Жанна Махатова.

Ешкі сүтінің емдік қасиеті көп

«STARTUP» бизнес мектебінде кәсіпкерлік білімін жетілдіріп отырған студенттің бірі Багажова Найля ешкі сүтінің құндылықтары жайлы өз бизнес-жобасын жасап шықты.
- Ешкі сүті ана сүтінің орнын алмастыратындай қасиеті бар, емдік-алдын алу мақсатында қолданылады. Ешкі - көбейгіш және тез өсіп-жетілетін ұсақ мал. Оның сүті мен жүнін қышқыл-сүт өнімдерін сататын шағын бизнес ұйымдарымен келісім-шарт жасасу арқылы, сондай-ақ газетке, әлеуметтік желілерге жарнама беру арқылы сатуға болады. Ешкі сүті – жоғарғы азықтық және биологиялық құндылығы бар ерекше тағам өнімі. Әсіресе, май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан адам ағзасына тез сіңетін болып шықты. Өзбекстанда ауруханалар мен перзентханаларды сүтпен қамту үшін арнайы сүтті ешкілер өсіріледі. Бүгінде жас балалардың сүйікті асына айналған йогурт ең алғаш ешкі сүтінен жасалған. Демек, ешкі сүтін өндіруді қолға алсақ, одан түрлі азық-түлік өнімін жасап шығаруға болады, - дейді студент.
Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті дамыту мәселесі өзекті болып табылады. Директордың айтуынша, 2018 жылдың 1 қыркүйектен бастап «Бал текстиль» ЖШС атқарушы директоры Огуз Дуру Шымкент агро колледжінде студенттерге бизнестегі тәжірибесімен бөліспек ниетте дәріс оқымақ. Осылайша Гауһар Алпысбайқызы ветеринария, орман шаруашылығы, ландшафты дизайны, аспаз және т.б. мамандықтар бойынша кәсіптік білім алып жатқан студенттерге болашақта өзін-өзі жұмыспен қамтуда мүмкіндік мол деп сенеді.

Қазақстан-Өзбекстан

Таяуда Шымкент аграрлық колледжіне Өзбекстанның Сырдария облысы Малек агроөнеркәсіптік кәсіби колледжінің директоры бастаған делегация келді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялауына байланысты колледж Малек агроөнеркәсіптік кәсіби колледжімен 2018 жылдың 24 қаңтарында әріптестік меморандумға қол қойған. Осы мақсатта келген делегация республикадағы он базалық колледждердің құрамына енген, еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына қажетті ауыл шаруашылығы салаларына заманауи жаңа технологияларды игерген, бәсекеге қабілетті кәсіби мамандарды дайындайтын оқу орнының тыныс-тіршілігімен, өндірістік базасымен танысты. Қонақтар теориялық білімді кәсіби практикамен ұштастыру мақсатында заманауи үлгідегі инновациялық техникалармен жабдықталған оқу-өндірістік базасындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрмен қамтамасыз ету мамандықтарына арналған зертханалармен, қарқынды бау, ауыспалы көкөніс алқабы, оқу-тәрбие үдерісімен танысып, тәжірибе алмасты.