Биыл ҰБТ ағылшын тілінде тапсырылады Избранное

Среда, 20 Июнь 2018 04:20 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 237 раз

Ертең Шымкент қаласында көптің көңілін күпті қылған ҰБТ (ұлттық бірыңғай тестілеу) басталады. Талапты талапкерлерді анықтап, студенттік өмірге «билет» беретін шақ бұл. Былтыр емтихан жаңа форматқа ауысып, біраз әбігерге салған болатын. Биыл айтарлықтай өзгеріс болмаcа да, бірқатар жаңалықтар бар.

751b879ac2b65235083d6e2ca30f3bbf

Басты жаңалық – мектеп бітірушілер ҰБТ-ны алғаш рет ағылшын тілінде тапсырмақ. Еліміз бойынша 46 түлек осындай шешімге келіпті. Бұл сынақ 2004 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қазақ және орыс тілдерінде өтіп келді. Енді ағымдағы жылдан бастап түлектер емтиханды ағылшын тілінде де тапсыруға мүмкіндік алып отыр.
Биыл Шымкент қаласы бойынша мектеп бітірушілер саны 7987 болса, оның 5446-сы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Оның ішінде 4431 оқушы қазақ, 1009 оқушы орыс, 6 оқушы ағылшын тілінде тапсыратын болады. Қатысу көрсеткіші 68,2% құрап отыр. Ал өзге 2031 оқушы (25,4%) биылғы оқу жылында жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірмепті. 510 оқушы (6,4%) шекара асып оқуға бел буған.
Кезекті жаңалық – «Алтын белгі» иегерлері жайында. Былтыр «Алтын белгі» мәселесі талай талқыға түскен болатын. Осы жылдан бастап «Алтын белгі» иегерлері алдымен жұрт қатарлы емтихан тапсырып, өздерінің білімін дәлелдеуі қажет. Содан кейін ғана «Алтын белгінің» иегері атанады. Қалада 2017-2018 оқу жылында 287 оқушы «Алтын белгі», 202 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер.
«Алтын белгі» иегерлері, жалпы бейіндік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ-ны жалпыға бірдей негізде тапсыратын болады.
Мегаполисте ҰБТ-ны өткізуге 5 пункт белгіленген. Олар – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент университеті және Аймақтық-әлеуметтік инновациялық университеті.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығына сәйкес Шымкент қаласында ҰБТ ағымдағы жылдың маусым айының 20-23 күндері аралығында 2 лекте өткізіледі.
Айта кетейік, бір рет сүрінген талапкердің қайта тапсыруға мүмкіндігі бар. Шектік балл – 50.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.