Версия для печати

Олар журналист болғысы келеді Избранное

Среда, 27 Июнь 2018 05:53 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3992 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Банк династиясының негізін қалаушы ағылшын Натан Ротшильд бұдан 2 ғасыр бұрын «Ақпараттың қожайыны кім болса, әлемді сол билейді» деп еді. Уақыт өткен сайын бұл сөздің құны артып келеді. Оның үстіне бүгінгідей цифрлық жүйесі дамыған қоғамда ақпараттың алар орны орасан.

бакдаулет

Қазіргі таңда ақпараттық салада қызмет етуге жаны құмар, жаңашыл жастар да аз емес. Мектеп жасынан-ақ «Кім болғың келеді?» деген сұраққа кідірмей «журналист» деп жауап беретін жастар оқуға түсерде сүйікті Шымқаласынан алысқа кеткісі келмейді. Ал Шымкентте журналист мамандарды дайындайтын факультет жоқ. Есесіне, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен «Zhas MEDIA» жас журналистер жобасы қолға алынды.
– Біздің мекеме 14-29 жас аралығындағы жастармен жұмыс жасау кезінде олардың түрлі қызығушылықтарын қанағаттандыруды, қолдауды басты назарға алады. Бұған дейін жастардың ұсынысымен ашылған «Шаңырақ» жас отбасылар мектебі мен «Көшбасшылар» мектебінің қатарын «Zhas MEDIA» жас журналистер мектебі толықтырды. Енді Шымкент қаласының және Түркістан облысының жастары өз қызығушылығын осы мектептің сабақтарына қатысып, дамыта алады, – дейді орталық басшысы Береке Дүйсебеков.
2017 жылдың күзінде ашылған мектепке бүгінге дейін 700-ге жуық жас мүше болып, 300-ден астам 40 сағаттық дәрісті толық аяқтап, сертификат алды. «Zhas MEDIA» жобасының алғашқы түлегі Бақдәулет Нұрмат – тіл маманы.
– Журналистикаға мектеп жасынан әуеспін. Бірақ, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Сол біліміммен бағымды ақпарат айдынында сынап көргім келген. «Іздегенге сұраған» демекші, дәл осы тұста «Жастар ресурстық орталығы» жаңа жобаны қолға алды. Біздің топта әртүрлі жастағы 15 қыз-жігіт белгілі тележүргізуші Санди Сұлтан мен «Еуразия» арнасының журналисі Гүлназ Ауданбаевадан 4 күн бойы дәріс алдық. Маған камера алдында сөйлеу, сұхбат алу, сюжет дайындау және мақала, эссе жазу бойынша айтылған сабақтар ұнады. Өзіме қажетін көкейіме түйіп алдым, – дейді мектептің алғашқы сертификатын алған жас маман.
Шымкентте алғаш рет қолдау тапқан жоба аясында Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Береке
Дүйсебеков «SS LAB» телелабораториясының құрылтайшысы, тележүргізуші Санди Сұлтанмен меморандум түзген. «Zhas MEDIA» жас журналистер мектебі Шымкент қаласында ғана емес, Түркістан облысына қарасты әр аудан жастарымен де жұмыс жасайды. Жақында ғана жоба жетекшілері Кентау жастарына ақпараттық саланың қыр-сырын үйретіп қайтты.
Бұл жобаның жүзеге асу кезеңі 3-ке бөлінеді. І кезеңде аудан, қалаларда журналистика саласына қызығушылығы бар 1 500 жасты оқыту барысында ынтасы жоғары 150 жас іріктеледі. ІІ кезеңде осы іріктеуден өткен 150 жас медиа форумға қатысады. Оған белсенді қатысқан 50 жас келесі кезеңге өтеді. ІІІ кезеңге өткен 50 жас республикалық және жергілікті БАҚ-та іс-тәжірибеден өтеді. Нәтижесінде өз қабілетін жан-жақты көрсетіп, журналистикаға жаны құмар 5 жас маман осы салада қызметке орналасуға мүмкіндік алады.
Дегенмен, Жастар ресурстық орталығының қызметкері Айгүл Әлішердің айтуынша, қазылар алқасына 5 адамды іріктеу қиынға соғуда. Өйткені, жобаға қатысушылар арасында мектеп жасынан-ақ журналистика жолында еңбек етіп жүргендер бар.
– Жобаға қатысушы жастардың көбі Шымкент қаласында. Осыған байланысты жақында орталық тарапынан шымкенттік жастар үшін «Қазақстан» телеарнасының журналисті
Руслан Жылқыбай, «Айқын» газетінің оңтүстік өңірлері бойынша тілшісі Нұршат Төкен мен фото-тілші Мақсат Шағырбаев, ONinfo.kz сайтының редакторы, блогер Дастан Башировтардың қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырдық. Спикерлер журналистика саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, газеттер мен интернет ресурстарында мақала жазу тәртібі, фотожурналистика, әлеуметтік желіні тиімді пайдаланудың жолдары мен тұлғалық иммидж қалыптастыру, ақпараттық қауіпсіздік, блог жүргізу бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті, – дейді орталық қызметкері.
Ендеше, Жастар ресурстық орталығы 14-29 жас аралығындағы «журналист боламын» деген әр жасты «Zhas MEDIA» жас журналистер мектебіне шақырады. Талапты жасқа орталық есігі таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін ашық.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.