Pechakucha: Өз ойыңды ортаға сал! Избранное

Среда, 11 Июль 2018 03:50 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 193 раз

Шымкентте Pechakucha жобасы бар екені біраздан бері белгілі. Жаңа форматтағы Pechakucha Night кездесуі бұл жолы қызықты өтті. Мұнда миллионның арасынан суырылып шыққан мықтылар мен жетістікке жеткен жеткіншектер жұртшылық алдында өз ойын ортаға салып қана қоймай, кешке келгендерді таңқалдырды. Бәрі түсінікті болуы үшін асықпай басынан баяндайын...

XYZ05662

Шаһарда U:projects ерікті жастар тобы бар. Олар бір жылдан астам уақыт дәстүрлі түрде ай сайын әлеуметтік жоба ұйымдастырып тұрады. Pechakucha Night кездесуінде көпшілік алдына шыққан спикерлер қарым-қабілеті мен бағындырған белестерін сөз етуі арқылы өзін таныстырады. Содан болар, жобаның аз ғана уақыт ішінде өз көрермені қалыптасып үлгерген. Осылайша әлеуметтік мәселелерді шешуге және интелектуалды сананы жаңғыртуға ұмтылған жас толқын жақында жаңа 17-аймақ болып қалыптасқан еліміздің үшінші мегаполисін дамыту жайлы он жетінші бас қосқосуында талқылады. Жаңа кейіпкерлермен танысты.
Кештің шымылдығы «Бақытқа бір қадам» қысқаметражды фильмімен түрілді. Қоғамдағы күнделікті тоқтаусыз тіршілікті бейнелеген фильмде әр саланың мамандары өз ісінен ләззат алып, қала тұрғындары бір-бірімен мейіріммен сөйлесіп тұрған керемет көріністер көрсетілді. Осылайша фильм кеш басталмай жатып көптің көңілін бір серпіп алды.
Сахнаға алғашқы спикер ретінде Шымкент қаласының миллионыншы тұрғынын дүниеге әкелген жас ана Айжан Ахайбекова шақырылды. Ол еліміздің демографиясына қосқан үлесі үшін қуанышты екенін, ал Айсұлу есімді тұңғыш перзенті шаһардың миллионыншы тұрғыны болып тіркелгеніне риза екенін жасырмады. Шымкентті жаңа мәртебесімен құттықтап, жерлестеріне сәттілік тіледі.

АҚШ-тың 12 бірдей оқу орнынан грант ұтып алған

Жүз елуден астам көрермен жиналған кештің келесі сөйлеушілері ағайынды Ақарыс Егізбай мен Алиасқар Сатылды есімді оқу үздіктері болды. АҚШ-тың бір емес, 12 бірдей жоғары оқу орнынан білім грантын жеңіп алған Ақарыс химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Алтын белгі» иегері, ал інісі Алиасқар облыстық үш тілде оқытылатын мамандандырылған «Дарын» мектебінің биылғы үздік түлегі. Ол да аға жолын қуып, мектепті «Алтын белгіге» бітіріп отыр.
– Елді дамыту үшін дамыған мемлекеттердің экономикалық модельдерін тәжірибе ретінде өзімізде жүзеге асыруымыз керек. Оның тиімді жолы – сонда білім алу. Әрбір қазақстандық білімін біз сияқты шетелде жетілдіруге құқылы әрі оған әлі де кеш емес. Менің 12 жоғарғы оқу орнының грантына қол жеткізуіме оқыған мектебім мен отбасымның септігі тиді. Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақтарды ағылшын тілінде тереңдетіп оқып, бірнеше ғылыми жұмыстар дайындадым. Енді бакалавр мамандығы бойынша білімімді АҚШ-та жалғастырсам деймін. Себебі алып мемлекет барлық жағынан дамыған. Сол елден тәжірибе алып келіп, тоқыған білімім мен жастық жігерімді шаһардың дамуына,
көркеюіне жұмсасам деген ниет бар, - дейді Ақарыс.
Ағасының сөзін қоштаған Алиасқар да жастарды білімді болуға, үнемі ізденісте жүруге шақырды. Өздерінің ағылшын тілін меңгеруде және ITLS тестін тапсырудағы тәжірибелерімен бөлісті. Ағайындылар шетелде білім алмас бұрын ол елді және өздері құжат тапсырғалы отырған оқу орындарын жақсылап зерттеп алғанын да айтты. Осы тұста көрерменді шетелге баруға оқталып жүрген жастардың сол елде қалып қоймас па екен сауал қызықтырды. Ақарыс сөз соңында шетелде қалып қоймай елге оралуға және келген кезде Шымшаһарды тұтастай көгілдір отын, тегін ауызсумен қамтамасыз етуге уәде берді. Ол үшін ғылыми ізденісін бастап кеткен. Жоба жемісті боларына кәміл сенімді.
Мұнан соң көпшілік жақын он жылдықта қоғамдағы орын алатын өзгерістер жайлы бейнероликті тамашалады. Онда жоғалып кету қаупі басым мамандықтар мен қажетке жарымай қалуы мүмкін кадрлар жайлы баяндалған. Инфографикалық кескінде бейнеленген мәліметтерге сүйенсек, 50-ден астам жаңа мамандық пайда болады. Жұмыс берушілердің адамның тек техникалық мамандықтарды меңгеруін ғана емес, қабілеті мен жеке дағдыларына баса мән беретіні айтылған.
Сөз кезегі мұнан соң желі белсендісі Диана Идриске келді. Сән әлемінде жұмыс істеп танылған шаһар тұрғыны бүгінде қаладағы ірі мейрамханалардың бірінде арт-директор болып қызмет атқарады. Шымкентті бар болмысымен жақсы көруге шақырған ұлтжанды қыз қаланың болашағына үлкен сеніммен қарайды. Қызмет бабымен шетелдегі ірі қалаларда болғанымен, туған шаһарды ол мекендермен теңестіргенді ұнатпайтынын, Шымкент осындай жылы шырай халқының қонақжайлылығымен танымал екенін айтты. Өмірлік тәжірибесінен де жиын қатысушыларына пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Заманауи сәулетші – өз арамызда

XYZ05697

Топ алдында сөз алған тағы бір спикер – «Creative Home» студиясының негізін қалаушы Махсудхан Шавкатов еді. Сәулетші мамандығы бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді тәмамдаған ол білікті маман, өз ісінің хас шебері атанған. Шаһардағы бірнеше жобаларды кескіндеген Махсуд өз қаласының сәулеттік құрылысына аса мән беретінін сөзінен аңғартты. Мегаполистердің қатарына қосылған шырайлы мекеннің жаңа жобаларында жаңаша бейнелерді көргісі келетінін де айтты.
– Бүгінде қаламызда көптеген ғимараттар заманауи үлгіде салынғанымен, құрылыста ерекше дизайн, әдемі кескіндегі сәулет туындыларын кездестіру қиын. Тіпті, ондай зәулім кешендер жоқтың қасы. Біраздан бері «Шымкентсити» қалашығының құрылысы жайында естіп келемін. Ондағы жобалармен әзірге таныс емеспін. Бірақ шаһар тұрғыны ретінде қандай ғимараттар салынатыны мені де қызықтыруда. Қонақ үйлер көптеп бой көтеретіні айтылғанымен, сәулеті қандай деңгейде деген сауал мазалайды. Осы ретте менің жергілікті билік өкілдеріне ұсынысым, өзімнің жаңа жобамды осы қалашықтан көрсем деймін. Әрине, бұл үлкен кешен. Оның құрылысына көп қаржы керек, – дейді
Махсудхан Шавкатов.
Сонымен қатар ол «Шымкентсити» құрылысы үшін тұрғын үй мен бизнес орталық, ойын-сауық-сауда орталығының бір ғимаратқа біріктірілген ерекше кешенін таныстырды. Бұл жоба көптің көңілінен шығып, идея авторына бірнеше сұрақ қойылды. Көрермендерді жобаға жергілікті билік өкілдерінен қолдау бар ма, бұл ғимараттың құны қанша деген сауалдар қызықтырады. Жас сәулетші өз кезегінде коммерциялық мақсаттағы келіссөздер алдағы уақытта белгілі болатынын айтты.

XYZ05712

Бұл кеште спикерлер арасында өнерімен талай биік белестерді бағындырып жүрген таланттар да қалыс қалмады. Мың бұралған биімен елдің еркесіне айналған Айнұр Жұбатхан той мәдениеті мен өнер ордасындағы болып жатқан кейбір мәселерді жіпке тізді. Той қазақтың асыл қазынасы екенін ұғындырғысы келген ол тойда салт-дәстүрімізді бұзатындар, өзгенің дауысымен ән айтатын арзанқол өнерпаздардың көбейіп кеткенін айтты. Бұл шаһардың мәдениетіне де сызат түсіреді, деді ол. Соңынан «От жалын» композициясымен көрерменді би өнерімен сусындатты. Ерекше қимыл-қозғалыстарымен өнерін ортаға салды.
Кештің соңғы спикері сахнаға шықпай жатып-ақ көрерменді баурап алды. Туа бітті зағип Гүлхая Жуашбаева есімді дарынды қыз «Бүгінгі күнім – ертеңгі дара жолым» тақырыбында өз өмірі жайлы, тағдыр сынағына мойымау керегі жайында әңгімесін айтты. Туылғаннан өмірдің тауқыметімен күресіп келе жатқан қара көз қайсар қарындасымыз қай мәселені болмасын бірігіп көтерген жеңіл болатынын келушілердің санасына құйғандай болды.
...Бұл жолғы кеш екі сағаттан астам уақытқа созылды. Көрермендер U:projects ерікті жастар тобына алғыс айтып тарасты.

XYZ05783