Версия для печати

Шымкенттен – шетелге Избранное

Пятница, 13 Июль 2018 03:08 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3031 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент шаһары – жоғары мәртебеге ие жаңа мегаполис. Еліміздің үшінші қаласы атанған Шымқалада алдағы уақытта бизнес, сауда, құрылыс, қаржы, өнеркәсіп салалары қарыштап дамымақ.

2

Ол үшін әр саланың «жілігін шағып, майын ішер» мамандарға деген сұраныс артары анық. Осы орайда талай дарынды шәкірттерді қанатын қатайтқан, ал биыл 97 түлекке үлкен өмірге жолдама берген Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері туралы тілге тиек етейік. Зияткерлер қандай мамандықты таңдапты, алдағы уақытта ел мен қала қамы үшін қай саланың тасын өрге домалатуды жоспарлап отыр, соны саралап көрсек.

Бес жыл – беделді белес

2013 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген тапсырмасы ел есінде. Содан араға 5 жыл салып, биыл бұл тапсырма орындалып, Елбасының Шымкентті ресми түрде республикалық дәрежедегі қала деп жариялады.
Байқауымызша, Шымкенттің мегаполис деген мәртебелі атауға ие болғаны қала халқына қуаныш сыйлап, тұрғындар етек-жеңін жия бастаған секілді. Өйткені тұрғындар енді қай салада болмасын бәсекелестік мықтап күшейе түсетінін түсінді. Ал бәсекелестік күшейетінін мықтап түсінді. Ал бәсекелестік пен сан бар жерде қашан да сапалы дүние алға шығатыны бесенеден белгілі емес пе? Міне, бәсеге қабілетті шәкірт даярлап жүрген мектептің тарихы осы тұста басталды. Айта кетейік, шырайлы шаһар мегаполис болып қалыптасқанша да бұл білім ұясы білімді түлектерімен көзге түсіп үлгерді.
Назарбаев Зияткерлік мектебі 2013 жылдың 1 наурызынан бастап ресми түрде өз жұмысын бастаған. Содан бергі бес жылдың ішінде ауқымды іс-шаралар, қалалық, облыстық деңгейде семинарлар ұйымдастырып, серіктес мектептер және ата-аналармен бірге жан-жақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ғылыми-танымдық өресі биік, білім көкжиегі кең оқушылар олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленіп, мектептің атақ-абыройын асқақтатуға үлес қосып келеді. Айта кетейік, химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы қамтамасыз етіліп, жаңартылған білім мен кәсіби бағдар жүйесінде оқушылардың білім деңгейіне сай келуіне байланысты халықаралық аккредитациядан сәтті өтті және халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) сертификатына ие болды.
– Зияткерлік мектептің мәртебесі биіктеп, түлектері көптеген беделді оқу орындарына түсуде. Мектепті 5 жылдың ішінде 348 түлек бітірді, – дейді мектеп директоры Балкан Касимов. – Атап айтсақ, 2015 жылы 129 түлек еліміздегі жоғарғы оқу орындарының студенті атанды. 128 оқушының ішінде 40-ы Назарбаев Университетінің, ал 1 түлек Қытайдың Гонконг политехникалық университетінің грантын жеңіп алды. 2016 жылы 122 түлек тәмамдады. Түлектердің 115-і қазақстандық жоғарғы оқу орындарында, оның ішінде 36-сы Назарбаев Университеті студенттерінің қатарында жоғары білімін жетілдіруде. Биыл 97 оқушы шәкіртті үлкен өмірге қанат қақтырып отырмыз.

Мегаполистен миллиондар шаһарына...

Білімімен мектеп ұжымын ғана емес, талайды тамсандырған оқушылардың қатары жыл санап артып келуде дейді мектеп басшылығы. Солардың бірі - Ақарыс Егізбай. Ол АҚШ-тың бір емес, 12 бірдей университетінің толық оқу грантын (оқу және тұрмыстық шығындарды қоса алғанда) жеңіп алған 12 сынып оқушысы. «Алтын белгі» иегері әлемдік жоғарғы оқу орындарының үздік ондығына кіретін АҚШ-тың «Кenyon» колледжінің ұсынысын қабылдапты. Жас жігіт енді алдағы 4 жылын инженерия мамандығын игеруге жұмсауды жоспарлап отыр.
Ал Адай Жарасов есімді шәкірттің қанжығасында Сүлеймен Демирел университетінің оқу гранты бар. Бұл гранты Адайға биыл аталған университеттің мектеп бітіруші оқушыларға арналған SPTU республикалық олимпиадасында І орын алғаны үшін бұйырып отыр. Дегенмен Адай алдағы мақсатын әлдеқашан анықтап алған екен. Талапты шәкірт оқу жылы басында-ақ қазақ баласына 100 пайыз оқу грантын ұсынған Гонконгтағы Қытай университетінде, компьютерлік ғылымдар мамандығы бойынша білім алуды көздеп отыр. Ал Гонконг – жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі болып табылатын әлемдегі ірі мегаполистердің бірі де бірегейі. Яғни мұндағы жоғарғы оқу орындарының білім беру жүйесі де бірегей. Сол себепті де мектеп бітіруші Шолпан Тілеш есімді оқушы Германиядағы Jacobs University мен Канададағы QUEST университеттері ұсынған оқу жеңілдіктерін қабылдамай, Гонконг политехникалық университетінің толық оқу грантын таңдапты. Сөзіне сүйенсек, шәкірт логистика және менеджмент мамандығында білімін жетілдіргеннен кейін елге оралып, Шымкенттің жол-көлік саласына жаңалық енгізуді жоспарлап отыр. Ал елімізде медицина саласының дамуына үлес қосуды қалайтын, сол үшін үздік медицинасымен танымал Оңтүстік Кореяның таңдаулы жоғарғы оқу орындарының бірі - KAIST университетінің оқу грантын жеңіп алған Мырзатаева Аружан бұл оқу гранты мақсатына бір табан жақындата түсті дейді.
Осы мектеп қабырғасында алған білімімен әлемдік аренаға шығудың еш қиындығы жоқ екенін дәлелдеп, Гонконг политехникалық университетінің оқу грантын жеңіп алған алғашқы оқушы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2015 жылғы түлегі Жорабек Фариза болды. Ол бұл күнде аталған оқу орнында биомедицина мамандығы бойынша білім алып жүр. Ал АҚШ-тағы «Кenyon» колледжінде Байтан Бақдәулет, Германияның Jacobs University-де Корольчук Александр, Оңтүстік Кореяның Yonsei университетінде Әлімбек Сымбат және осы елдегі Пусан Ұлттық университетінде наноинженерия мамандығын тегін меңгеріп жүрген Сисембаева Яна осы білім ошағының 2016 жылғы түлектері.
Елден жырақ жүрсе де әлемдік деңгейде мыңдаған талапкермен білім бәсекесіне түсіп қана қоймай, ортасында топ жарған, шетелдік мамандарды талантымен тәнті қыла білген шәкірттердің бұл жеңісті қадамдары көпке үлгі боларлықтай. Түлектердің ендігі мақсаты – әлемдік стандарттарға сай білімдерін туған қаланың жан-жақты дамуы үшін жұмсау.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:45