«5 жылда Шымшаһардың беделді инноваторы атанамын» Избранное

Среда, 25 Июль 2018 04:50 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3279 раз

Шымкентте жуырда шаһардағы алғашқы инновациялық зертхана ашылмақ. Оның жетекшісі – Ермек Мамыраев есімді ақпараттық технология саласының жас маманы. Жас та болса бас болып, тынымсыз еңбектеніп жүрген азаматтың қолға алған INO лабораториясында бүгінде пилоттық жоба аясында мыңнан іріктелген дарынды мектеп оқушылары IT дағдылары бойынша білімдерін шыңдауда. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын елге дәріптеп жүрген өнертапқыштармен сұхбаттасқан едік.

4444555

«Смарт ситидің» ақылды жастары

– Миллионды еңсерген шаһарда көптеген жобаларды қолға алуға болады әрі оған кеш емес, – деп бастады әңгімесін Ермек Ерғалиұлы. – Жоғары білімді Алматы қаласында алдым. Бүгінде өзім компьютер ғылымдарының балакавры мамандығын оқыған халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етудемін. Осы салада үйреніп, білгенімді үйретіп жүрген жастардың бірімін.
Естіген жұрттың қызығушылығын тудыратын INO лабораториясының жетекшісі онда ең мықтылар жиналған топ жұмыс істеп жатқанын мақтанышпен айтты. Алдағы уақытта әлемдік деңгейге жетуге күш салып, республикадағы ақпараттық технологиялармен шұғылданатын ірі компаниялардың біріне айналуға бар күш-жігерін арнамақ. Осылайша Шымкенттегі жастардың ақпараттық саладағы сауатын ашып, бағдарламаларын оң жолға қоюға кіріскен 22 жастағы жігіт бұл зертхананы құру мақсатына тоқталды.
– Шаһар басшылары қолға алған қаланың басты жобаларының бірі – «Ақылды қаланы» бірге құруға үлес қосқым келеді. Бұл зертхана үш сатыдан тұрады. Мұнда білім алатын жастарды алдымен оқытып, кейін оларды жоба жасатуға үйретеміз. Соңғы сатыда өздері әзірлеген жобаларымен қаладағы мемлекеттік, жекеменшік мекемелермен бірге жұмыс жасауға баулимыз. Бүгінгі таңда орталықта 40-қа жуық 7-8 сынып оқушылары ақылы және грант негізінде курс оқып жүр. Олар робот құрастырып, оған «жан» бітіруді үйренеді. Жастарға білім беретін мамандар өз ісінің шеберлері. Мұғалімі Құрбанәлі Есенбеков, ал жаттықтырушылары – Әмір Ибраев, Жәнібек Даруш. Мұғалімдер балаларды теория жүзінде оқытса, тренерлер оқушыларды жоба жасауға үйретеді. Ол жаттықтырушылардың бірі Қазақстанның робот-техникадан ұлттық құрамасының капитаны, екіншісі осы құраманың мүшесі, – дейді Ермек.
IT-маманның айтуынша, бұл курстағы жастар алдағы уақытта тек робот құрастырып қана қоймай, оларға қажет бағдарлама жасауды да үйренбек. Айта кететіні, аталған зертханаға физика ғылымдарының алғашқы кіріспе пәнін оқыған оқушылар ғана қатыса алады. Робототехника негізі үшеу - бағдарламалау, электроника, механика. Міне, осы үшеуін жақсы меңгергендер топта оқуға мүмкіндік алады.

Мақсат – жаһандық жаңашылдықты насихаттау

1453975301 softbank pepper robot-003

Мақсатсыз өмір – тұл. Мұны түсінген шаһардағы жастардың көптігі көңіл қуантады. Олардың өз айналасын өзгертуге жасаған талпыныстарын көргенде, шабыт аласың. Ермектің де мақсаты айқын, жоспары нық. Оны алда өткізгелі жатқан ауқымды іс-шарасына деген дайындығынан аңғардық.
– Жобаның салтанатты ашылуын біз тамыз айының соңы мен қыркүйектің алғашқы онкүндігіне жоспарлап отырмыз. Міне, осы кезде біздің жұмысымыздың екі айдағы салыстырмалы деңгейін республикалық инновациялық жәрмеңкеде көреміз. Бұл күні еліміздегі ең мықты 10 жоба таныстырылады. Қазір біз осы мақсатта дайындалудамыз. Алдағы уақытта көпшілік назарына ұсынамыз.
Шырайлы шаһардың дамуына, ақылды технологиялар қала тұрғындарының игілігіне жұмыс істеуі үшін жастар жағы атсалысу қажет, дейді Ермек.
– Шынайтуында, Шымкент қаласында ІТ-нарық бос. Соны замандастарымыз әлі меңгерген жоқ. Олардың ең үлкен қателігі – алып шаһарда кәсіпкерлікті қолға алу қиын деп ойлайды. «Бәсекелестік жоқ, монополистер басып алған» деп есептейтіндер де қатты жаңылысады. Сөйте тұра алып-сату сынды дайын бизнеске құмартатыны да бар. Дегенмен, қуанышты жаңалық та жоқ емес. Қалада шетелде білім алып келген біраз жаңашыл толқын жұмыс істеуде. Олар қалыптасқан стереотипті жойып, қаланы жаңа деңгейге, үлкен шаһар етіп қалыптастыруға үлес қоспақ. Сервистік қызмет, мәдениеттілік, білімді болуға ұмтылу, белсенділік таныту, салауатты өмір салтын ұстану, міне, шын мәнісінде осы мәселелерді айтып, оны насихаттап жүрген қатарластарымыздың артқанына қуанамыз. Мұны қаламыздың жетістігі деуге болады. Болашақ біздің қолымызда десек, жаңашыл жастар ел сенімін ақтайды деп сенемін.
Жаңашылдық әкеле отырып, қаланың жаңа белестерге жетуіне өз үлесін қосуға тырысып жүрген Ермек Ерғалиұлы өзінің 5 жылдық жоспарын да бекітіп үлгерген. Енді сол армандарын жүзеге асыру жолында тынбай еңбек етуде.
– Ақпараттық технология күн санап дамып келеді. Сондай-ақ, ол келешектегі кадрлардың меңгеруі тиіс қажеттіліктердің бірі болмақ. Себебі, бүгінде барлық саланың жұмысы автоматтандырылуда. Мұны әлемдік және еліміздегі тәжірибеден көріп жүрміз. Ендігі мақсатымыз – әлеуеті жоғары жастары бар қаламызды дамыту, көркейту, соңғы технологияларды елге қызмет еткізу, – дейді инновациялық зертхана жетекшісі.
Жалпы, Елбасы жастарға, өскелең ұрпаққа бәсекеге қабілетті болып өсуді үнемі айтып келеді. Осы тұста дәстүрлі білім ғана емес, соңғы үлгідегі технологияларды да меңгеру аса маңызды. Ал тәуекелшіл жастар неғұрлым көп болған сайын, мегаполистің дамуы да соғұрлым жеделдемек.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:11